• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Қарындастың қамы үшін...

299 рет
көрсетілді

Пара берген басшы 48 миллион теңге айыппұл төлейді Тендердің тасасында көзге көрін­бей­тін талан-тараждың түрі бар. Тіпті, ағай­ын-туыстың қамы үшін мемлекеттік қыз­меткерге қойылатын талап пен тәртіп­ті тәрк ететін басшы да табылып отыр. Кім дейсіз бе? Қатардағы жай қызметкер емес, лауазымды тұлға, нақтылай айт­қан­да, ол – Жылыой аудандық тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бө­лімінің басшысы Аманқос Әбе­нов. Мемлекеттік қызметте 7 жылдан астам тәжірибесі бола тұра, өзінің қарын­дасы А.Иманбаева жұмыс істейтін «Теп­ло­тех­ника» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің қамын ойлауға бекем бел буыпты. Сөйтіп, осы серіктестіктің мемле­кеттік сатып алу конкурсына қатысу кезеңінде жеңімпаз болуына мүд­делі болған. Осы орайда өзі қызығушылық таныт­қан серіктестікті жеңім­паз атанды­руға ықпал еткені және қамқор­лығы үшін облыстық мемлекеттік сатып алу басқар­масының мемлекеттік сатып алу және мони­торингілеу бөлімінің бас маманы К.Мұх­таровқа пара берген. Пара мөлшері – 1 600 000 теңге. Десек те ол шынымен қарындасының қамын ойлады ма, әлде басқа себебі бар ма? Біздіңше мұның астарында бір гәп бар секілді. Алдымен айтарымыз, Аманқос Әбенов мемлекеттік қызметте 2007 жыл­дан бері тәжірибе жинаған. Әуелі Жа­ңа Қаратон кенті әкімінің міндетін атқа­рушы болудан басталған мансабы сол жылдың қыркүйегінде Жылыой ауда­ны әкімінің орынбасарының міндетін атқа­рушы болумен жалғасыпты. Содан кейінгі 2008-2010 жылдары аудан әкімінің орын­басары болыпты. Ал 2010 жылдың ақпа­нында аталған бөлімнің басшылығын қолы­на алған. Мұның бәрін тізбелегендегі айт­пағымыз, қарындасының қамын ойла­ғыш «қамқоршы» мемлекеттік қызмет­ке келгенге дейін «Теплотехника» серік­тестігіне 4 жыл бойы директор болыпты. Осы дерекке қарағанда, оған «Теп­лотехника» ЖШС әуелден жат емес болуы керек. Алайда, №2 Атырау қалалық соты Аманқос Әбеновті Қылмыстық Ко­декстің 367-бабының 2-бөлігінде көз­делген қылмысты жасады деп таныды. Осыған байланысты аталған бап бойын­ша оны мемлекеттік қызметті атқару құқы­ғынан өмір бойына айырып, өзі ұсын­ған параның 30 еселенген сомасы мөл­шерінде, яғни 48 000 000 теңге айыппұл салу жазасын тағайындады. Осылайша, Жы­лыой аудандық әкімдігінің пара бер­гіш лауазымды қызметкері лайықты жазасын алды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы