Ақтөбеде болашақта Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) ықпал етуімен сұйытылған газ пайдаланатын автобустар паркі пайда болады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілінің директоры Джанет Хекманмен болған кездесуінде осындай келісімге қол жеткізді. Өңір басшысы Хекман ханымды қарсы ала отырып, Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастығы елдің экономикалық жағдайын дамытудағы басым бағыттардың брі екенін атап өтті. Қазақстанда жұмыс істеген 20 жылдан астам уақыт аралығында еліміздің түрлі секторында жалпы құны 6,5 миллиард еуро болатын 210 жоба жүзеге асырылды.
– Облыс әкімдігінің Еуразиялық қайта құру және даму банкімен Ақтөбе қаласының коммуналдық шаруашылығы жүйесін дамыту бойынша екіжақты ынтымақтасып жұмыс атқаруда тәжірибесі бар. Аймақта Еуразиялық банктің қолдауымен бірнеше жоба жүзеге асырылуда. 2015 жылдың қазан айында Ақтөбе қаласының жылу және су жүйелерін жаңғырту және қайта салынуы бойынша жобаны жүзеге асыруға шамамен 7 миллиард теңге инвестиция тартылды, – деді аймақ басшысы.
Ақтөбеде шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ЕҚДБ кеңсесі жұмыс істейді, ол кәсіпкерлерге консультациялық қызметтер көрсетеді. Бұл кеңсенің ерекшелігі Ақтөбе облысымен қатар Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан өңірлерінің бизнес өкілдеріне де қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда аймақта 32 кеңесші жұмыс істейді, олардың көмегімен 105 жоба жүзеге асырылуда.
– Біз сұйытылған газбен қатынайтын автопарк құру жөнінде бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 4,3 миллиард теңге инвестиция салғымыз келіп отыр. Бұл қаражат коммуналдық автобус паркінің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады, табиғи газ пайдаланатын 100 заманауи автобус сатып алады, газ құю стансасы салынады, автобус депосы ашылып, электронды билет жүйесі енгізілмек, – деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда біздің қалада 50 бағытта сыйымдылығы үлкен, орташа және шағын 433 автобус қатынайды. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен көліктегі апаттылық деңгейіне көлік құралдарының техникалық жағдайы мен тозығы әсер етеді. Заманауи автобустар сатып алынғанда көліктердің қатынау жиілігі артады, ауа қабатына бөлінетін зиянды қалдықтар көлемі азаяды, жолаушылар тасымалының ыңғайлылық деңгейі артады.
Сонымен бірге, ЕДҚБ суармалы алқап көлемін 9 мың гектарға арттыру жөніндегі жобаны жүзеге асыруды қолдауға дайын. Бұл мақсаттарға шамамен 5,8 миллиард теңге қажет. Өз кезегінде Еуропалық банк тарапынан барлық жобаның қолдау табатынын жеткізген Джанет Хекман суармалы алқап көлемін кеңейту туралы мәселенің таяуда ҚР Үкіметінде талқыланғанын атап өтті. Кездесу соңында тараптар алдын ала келісімдерге қол қойды.
Джанет Хекман ханым сондай-ақ, ЕҚДБ-ның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша жаңа кеңсесінің ашылу салтанатына қатысып, индустриялық аймақ пен бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап көрді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ