Қазір не көп, орыс тілінде шыққан кітап көп. Қазақстандық кітап дүкендерінің сөрелері Ресейде шыққан кітаптардан белі майысып тұр деп айтуға болады. Олар әсем әрі арзан. Сондай кітаптың бірі жақында қолымызға түсті. «Геополитика: Как это делается?». Авторы – Николай Стариков. Ресейдің өткен тарихына көз жүгірте отырып, болашақтың қамын қай ыңғайда шешу керек екендігіне болжам жасайды. Ол былай дейді:
«Но вернемся во времена государя Петра Алексеевича. Тогда никто не называл его Великим и не собирался этого делать. Гордое именование, как и титул императора, еще предстояло завоевать. Причем завоевать в прямом смысле слова. Ведь великие империи никогда не появляются на карте указом руководителя. Любая империя – это итог изменения границ, передела сфер влияния. В фундаменте каждой империи всегда лежит уничтоженное могущество других государств, и ни одна страна не отдаст свое влияние и достижения без боя».
«Кез келген империя – бұл ықпал аймағын қайта бөлісу, шекаралар өзгерісінің нәтижесі». Ақиқатын айтқан.
«Да и каждая суша неизбежно заканчивается морем. Поэтому расширение зоны влияния российской империи – это планамерное движение России к азиатским морям». Стариковыңыз осылайша Ресейдің арғы-бергідегі сыртқы саясаттағы ұстанымын жілікше шағып береді. Бәлкім, біз сияқтыларға оның «картасын ашып» көрсеткендігі дұрыс болар, кім білсін?! Автордың пікірі қазақтың «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген мақалымен астасады. Олай болса, Қазақ еліне де көрші мемлекеттің «мақсатты қимылының» қосағында кетпей, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тереңнен ойластыруы қажет-ақ.
Саясатты стариковша сөйлететін болсақ, төрткүл дүниеге алпауыт мемлекеттер ғана билігін айтып, өз үстемдігін жүргізеді екен. «Главная и единственная суть мировой политики – это борьба за ресурсы и за контроль над ними». Осы тұста автордың айтқанымен келісуге тура келеді. Әлемдік деңгейдегі саясаттың бәрі осы тұжырымның төңірегінде тоқайласады.
Енді Стариковтың түйінді пікіріне тоқталайық: «История учит нас двум вещам:
Политика любых стран осуществляется всегда в их собственных интересах и никогда в интересах чужих.
Военная слабость никогда не была залогом безопасности и, наоборот, всегда являлась притягательным фактором для потенциального агрессора».
Амалсыз келісесің. Өйткені, әлемдік саясат бүгінде осы арнада дамып келеді. Сосын Черчилльдің сұңғылалығына тағы бір мәрте көз жеткізесің: «Англияның мәңгілік достары жоқ, мәңгілік мүдделері ғана бар». Жаһандық саясаттың бүгінгі тамыр бүлкілі де осыған саяды. Алпауыт елдер дүниені бөліске салу жолында, ғаламдық байлықтан қомақты үлесін қарпып қалу мақсатында алуан түрлі қитұрқы әрекетке барып отырғанына куә да болып жүр емеспіз бе?
«Хочешь быть свободным, хочешь безопасности – будь сильным». Енді осы тұжырымды қазақы ұғымға алаш қайраткері Әбіш Кекілбаевша қайырар болсақ, төмендегіше түйіндеуге болады: «Біз ешкімге күш көрсетпейміз. Біз де адам перзентіміз. Кем емес, тең перзентіміз. Керек кезінде кең де бола аламыз. Керек кезінде ер де бола аламыз». Ендеше, Қазақ еліне ешкімге жалтақтамай нағыз ерлерше өмір сүретін қоғамды қалыптастырып, қауіпсіздігін нығайтып, адамзаттың тең перзенті ретінде терезесі тең дәрежеде әңгіме қозғайтын уақыт әлдеқашан келді. Түйінді мәселені дер кезінде тарқата білмесек, алпауыт елдердің қақпақылында қалт-құлт етіп өмір кешу жалғаса бермекші...
Жаңа кітаптан сабақ алып, сақтану шараларын ескеріп жүрмесек болмайды.