• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2016

Қамыс

1249 рет
көрсетілді

Ол – қолдана білсе, мықты құрылыс материалы Сырдың бойында отырған аудандардың іскер жігіттері дария­ны бойлап өсетін қалың қамысты кәдеге жаратып жатыр. Қалың қорыстан ең алғаш құрылыс материалдар жасаған шардаралық кәсіпкердің өнімдері арзан және бәсекеге қабілетті болғандықтан тұтынушылардың қызығушылығын арттырған еді. Енді Отырар ауданы Қарғалы ауыл­ын­дағы «Ақмерген» серіктес­тігі жергілікті жерде көп өсе­тін табиғат өнімдерінен құры­лыс ма­териалдарын шығару жобасын іске асыруда. Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген мәтел бар. «Ақмерген» жігіттерінің жобасы мемлекеттік үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында индустриялық картаға енген. Жобаның жалпы құны 622,3 млн. теңге бол­са, бизнесті қолдау бағдарламасы бойын­ша 320 млн. теңге жеңілдетілген несие беріл­ген. Қазір цехтың қажетті қондырғылары орнатылып, қамыс оратын, жинайтын, кептіретін және өзге мақсаттарға керекті техникалар алынған. Келер жылы толық іске қосылады деп күтіліп отырған кәсіпорын 30 адамға жаңа жұмыс орнын ашып береді. Жылына 720 мың шаршы метр өнім шығаруға қабілетті цехтың нығыздалған қамыс тақтайшалары құрылыстың ішкі, сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстарына пайдаланылады. Сонымен қатар, түрлі жиһаздар жасауға да қолайлы материал. Еліміздің қай түкпіріне бар­саңыз осы бағыттағы құрылыс материалдары Қытай және Ресейден тасымалданатынын көресіз. Жоба жетекшілері көрші мемлекеттерден әкелінетін құрылыс материалынан анағұрлым арзан әрі сапалы екендігін айтады. Ла­йым, солай болғай. Өйткені, қа­зір­дің өзінде кәсіпорын өнім­деріне алдын-ала тапсырыс бергендер көп. «Ақмерген» ЖШС-інде болған аудан әкімі Ерлан Айтаханов кә­сіпорын жұмысындағы кейбір түйткілді мәселелерді шешуге жәр­демдесетіндігін айтты. Мақтаарал ауданында бол­ғанымызда кәдімгі мақтаның қозапаясынан құрылыс материалдарын жасап жатқан кәсіпорын жұмысымен танысқанбыз. Енді қау қамыс кәдеге жарап жатыр. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген осы. Отандық өнімдер өзге елдің осындай құрылыс материалдарымен бәсекеде қабілетті болса, еліміздің әлеуеті арта береді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы