Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBA, IBF, IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіпкерлік саласында өзін сынап көрмекші. Былғары қолғап шебері инвестиция салып, Қарағанды қаласында көмір байытатын кәсіпорын ашқалы жатыр. Бұл жобаның іске асуына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен жергілікті кәсіпкерлер де атсалысады деген ақпар бар.
Әлем чемпионы ашатын кәсіпорын 150 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз етеді. Өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна көмір өндіруге жететін болады. Жалпы, жаңа көмір байыту фабрикасының тұсауы Астана күні мерекесінің қарсаңында, яғни 5 шілде күні кесіледі, деп жоспарланған.
Тың жоба туралы чемпионның өзі былай дейді: «Бұл идеяны Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Барлығын жеңіп, үйге қайт!» деген сөзінен кейін туындады деп те айтуға болады. Ол кісінің жөн сілтеуімен Қазақстанға инвестиция салуды құп көрдім. Отан алдындағы парызды қайтарып, игілікті істермен айналысқанымыз жөн».
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ