• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Елбасы бітімгерлігінің ерен жеңісі

384 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевпен әңгіме – Жансейіт Қансейітұлы, түркиялық ақпарат құралдары Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ықпалымен түзеліп, қайта қалпына келуге бет алғанын жазды. Осы орайда бітімгершілік келісімге келтірген Елбасының рөлі туралы кеңірек айтсаңыз. – Былтыр Түркияның Сириямен шекаралас аспанында ресейлік Су-24 әскери ұшағы атып түсірілгеннен кейін Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынас әбден шиеленісті. Жеті айға тоқтап қалған Ресей-Түр­кия байланысының қайта қал­пына келуіне тікелей үлес қосқан Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаев болды. Ресей Түркияға қарсы санкциялар енгізіп, сауда-экономикалық және туризм салалары бойынша шектеулер қойды. Әлемнің назарын аудартқан екі ел арасындағы шиеленісті жағдай Түркияның экономика саласына, әсіресе, өндірістің төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық мөлшерінің күрт азаюына қатты әсер етті. Былтырғы жылмен салыстырғанда, Түркияға, соның ішінде, теңіз жағалауындағы демалыс орындарына келетін ресейлік туристердің саны 92 пайызға азайған. Сондықтан, былтырғы жылы туризм саласы бойынша тапқан 32 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі табыстың биыл 8-10 млрд. мөлшерінен айырылып, ол соңғы ширек ғасырдағы ең төменгі шекке құлдырады. Ал кикілжің асқына берді. Ресей мен Түркия Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктестері әрі белсенді әріптестері екені мәлім. Әрі дос, әрі туыс саналатын мемлекеттер арасында шиеленіскен геосаяси жағдай Қазақ еліне де әсер етеді. Осы мәселені мұқият бақылауына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бітімгершілік келісімнің алғышарттарын жасап, биылғы жылдың ақпан айында Қазақстанға ресми сапармен келген сол кездегі Түркия Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесті. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, соның ішінде саяси диалогты нығайту мен мәдени алмасу мәселелері, көлік, энергетика, туризм және инфрақұрылым қалыптастыру салаларындағы байланысты дамыту жайы талқыланған кездесуде Елбасы бұл жағдайдан шығу жолдарын іздестіріп, Сирия төңірегіндегі көптеген жайттарды айқындау қажеттілігін, екі ел арасындағы ахуалдың ешкімге пайда әкелмейтіндігін жеткізген болатын. Күрмеуі күрделі мәселенің маңыздылығын сезінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев А.Дәуітоғлымен болған кездесуден кейін шұғыл түрде Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресей-Түркия қарым-қатынасының нашарлауына қатысты пікір алмас­ты. Бұл – Елбасының қолданған дипломатиялық шеберлігі еді. Алайда, В.Путин ахуалды Түркия жағы күрделендіргенін айтып, соған орай жағдайды түзеуге Түркия алғашқы қадам жасауы тиістігін алға тартқаны есімізде. Тамыры туыс елдер қазіргідей қысылтаяң кезде тек бірлік пен ынтымақты күшейте берсе ғана биікке шығар жолды бекемдейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ресей-Түркия арасында болған жанжал түркі дүниесіне, дәлірек айтқанда, бауырлас Әзербайжанның Қарабақ мәселесіне, Ресей құрамындағы түркітілдес халықтардың тағдырына әсер етпей қоймайтыны да бесенеден белгілі жайт. Сондықтан, әлем мойындаған, дүниежүзі құрметтеген Елбасы Н.Ә.Назарбаев екі жақтың терезесін тең ұстап, үнқатысудың бар мүмкіндігін іздеді. Сонымен қатар, орыс-түрік қарым-қатынасы шиеленіскен жағдайда Әзербайжан мен Армения басшыларын екі ел арасындағы ахуалды ушықтырмауға және бейбіт келіссөздерді халықаралық құқыққа толық сәйкестікте қайта қалпына келтіруге шақырды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев биылғы жылдың сәуір айында Ыстанбұл қаласында өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммитіне қатысып, астан-кестен болып отырған төрткүл дүниеде ислам елдерінің іштей бүлініп жатқандығы жайлы сарабдал ой-пікірлерін ортаға салғанын әлем жұртшылығы біледі. Аталмыш саммит аясында мемлекет басшылары өзара кеңесіп, өршіп бара жатқан араздықты ауыздықтап, соғыс өрті шалған аймақта тыныштық орнықтырудың жолдарын іздеді. Жиын барысында Елбасы Қа­зақстанның көптеген елдерде қақ­тығыстарды үйлестіруге қатысып, олардың бейбіт өмірге оралуына дәнекер болғанын атап айтты. Оған дәлел – еліміз Ирактағы бітімгерлік миссиясына белсенді қатысып, Ауғанстанға көмек көрсетті және Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі проблемаларды шешуге ықпал етті. Сондай-ақ, БҰҰ шеңберінде Нью-Йоркте және Астанада бейбітшілікті қолдау және терроризмге қарсылық форумдары өтті. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстан бейбітшіліктің кепіліне, бітімгершіліктің көпіріне айналып, бүкіл әлемге үлгілі ел, өнегелі мемлекет ретінде танылды. Енді еліміздің алдында Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру міндеті тұрды. Саммит конференциясы қуаттаған Ислам әлеміндегі татуласу жөнінде бірлескен декларацияны Елбасымыз Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен бірге қабылдап, жария­лады. Осы себептен Елбасының Ыстанбұлдағы жиынға қатысуы Ресей-Түркия қарым-қатынасына оңды ықпал еткені мәлім. Түркия Президенті Р.Т.Ердоған өткен айда ресейлік әріптесі В.Путинге ресейлік ұшқыштың қаза табуына байланысты өкініш білдіріп, оның отбасынан кешірім сұрайтыны туралы жазылған хат жолдады. Мәскеу көп күттірмей бірден жауап берді. Жеті айдың ішінде Ресей және Түркия басшыларымен байланысты жиілеткен Елбасымыз тоқтап қалған орыс-түрік қарым-қатынасының тү­зелуіне тікелей үлес қосып, күш салды. Елбасының әлемдік абы­ройы­ның арқасында Ресей мен Түр­кия елдерінен бастап, әлемнің көп­теген елдері Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына қолдау көрсетті. Алаш жұртының мерейін үстем еткен бұл тарихи оқиға – ақыл мен парасатты серік еткен алты құрлық адамзатына ортақ жеңіс, Ел­басының үздік саясатын бүкіл әлем­нің мойындауы. Осындай үлкен жаңа­лық жүрегіміздің соғысын жиі­леткен кезде жеті ай бойы қырғи-қа­бақ болған екі ел басшылары телефон арқылы сөйлесті деген хабар жетті. Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа байланысты мәлімдеме жасап, Түркия және бүкіл түрік жұрты атынан екі ел арасындағы шиеленісті жағдайды шешіп, өзара қатынасты қалпына келтірген Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа алғыс білдірді. Содан кейін Түркия Президенті Р.Т.Ердоған Қазақ елінің көшбасшысымен телефон арқылы сөйлесіп, Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған баға жетпес үлесі мен зор еңбегі үшін алғыс айтты. Түркия басшысы Елбасына Ресей Президенті В.Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, Анкара мен Мәскеу арасын жақындату тұрғысынан көзделген қадамдар жүзеге асады деп үміттенетінін жеткізді. Әңгіме барысында Елбасыны жуық арада Түркияға сапармен келуге шақырды. Бұл – Елбасы бастаған дипло­ма­тия­ның жеңісі! Елдің мерейін өсі­ретін таңғажайып құбылыс! Рас, бүгінгі Қазақстан есімді мемлекетті Елбасының арқасында әлем мойындап келеді. Сондықтан, әлем назарын өзіне қаратқан екі ел арасындағы жағ­дайды қайта қалпына келтірген Ел­басымыздың сіңірген еңбегі орасан. – Түркия Президенті мен Пре­мьер-министрдің алғыс білдір­генін айттыңыз. Жалпы, Анадо­лы жұрты біздің Елбасы мә­мі­легерлігін қалай қабылдауда? – Шиеленістен ұтқан ешкім жоқ. Түркияның туризм са­ла­сындағы кәсіпкерлері бірнеше өңірлерде осы мәселенің шеші­луіне ықпал етуді мемлекеттен талап етті. Ресей туристерінің көп­шілігі Анталияның аумағында демалатыны мәлім. Бүгінгі күнде Анталиядағы жүзден астам қонақ үйлері сатылымға шы­ғарылды. Сонымен қатар, Ресейдің санкциялар енгізуі нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы да зиян шекті. Соның салдарынан бірқатар өндірістік орындар өз жұмыстарын тоқтатты. Белең алған лаңкестік әрекеттер де ел экономикасына кесірін тигізгенін айта кету керек. Әлемдік реформатор, саланың ғана емес, сананың да сәулетшісі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ресей-Түр­кия қарым-қатынасына жаса­ған ықпалдастығы жоғарыда айтыл­ған қиындықтарды еңсеруге жол ашып, жаңа мүмкіндік­тер берді. Сон­дықтан, түрік хал­қы Ел­басымызға дән риза. Қазақ­станның Түркиядағы елшілігіне толассыз алғыс хаттар келіп, ри­зашылық лебіздерін білдіруде. Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары алғы беттерінде «Елбасы Назарбаевқа шексіз алғыс!», деп бір-бірімен жарыса жариялауда. Мәлім болғандай, Түркияда Елбасымызды «Түркі дүниесінің Дуайені (Ақса­қалы)» деп таниды. Осындай қиын кезеңде ел арасына, халықтар арасына дәнекер болып, бәтуалы сөз айтатын, кетіскенді табыстырып, бауырмен төс қағыстыратын па­расат иесіне, ақылгөй абызға мұқ­таждық туған-ды. Қазақстан Пре­зи­денті бұрын осындай шешуші ке­зеңдерде дағдарысты жағдайдан қалай құтқарған болса, бұл жолы да екі алпауыт елді елдестіріп, жұртты жақындастырды. Қазақ үшін бұдан асқан мәртебе, бұдан биік дәреже бар ма?! – Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың барысы қалай? – Екі туысқан ел арасындағы стра­тегиялық әріптестік қатынас­тар достық, бауырластық және сын­дарлы диалог бағытында даму­да. Қа­зақстан Президенті Н.Ә.Назар­баевтың әлемдік абыройы, ай­мақ­тық ықпалдастығы екіжақты қаты­настарды нығайта түсуде. Түр­кия Қазақстанның жетекші рөлін әрдайым елеп, ескереді, аймақтағы маңызды әріптесі деп са­найды. Түркітілдес мемлекет рет­інде Қа­зақстан жағы да өзінің сырт­қы саясат стратегиясында Түр­кия­ның маңыздылығын жоғары қоя­ды. Сондықтан, қазақ пен түрік халықтарының туыс­тық, тарихи тамыр және мәдени құн­ды­лықтар ортақтастығы аймақтық және ха­лық­аралық мәсе­лелер, энер­гетикалық қауіпсіздік пен эконо­микалық өзара бірлескен іс-қи­мылдың негізіндегі ынтымақтастық сипатында алға басып келеді. Екі мемлекет көшбас­шылары жиі кездесіп тұрады. 2015 жылдың 15-17 сәуір күндері Түркия Президенті Р.Т.Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында екіжақты келіссөздер жүргізілді. Екі ел президенттерінің қа­тысуымен Стратегиялық ынты­мақ­тастықтың екінші отырысы ұйым­дастырылды. 2016 жылдың 12-13 сәуір күндері Қазақ­станның Прези­денті Н.Ә.Назар­баев Ыстан­бұлда өткен Ислам Ынты­мақ­тас­тығы Ұйымының саммитіне қаты­сып, екіжақты келіссөздер жүргізді. Түркия Елбасымыздың жалпы түркілік бірігуге қатысты ұсынған бастамаларына қолдау білдіріп отырады. Түркі кеңесінің аясында ұйымдастырылған шараларға жоғары лауазымды билік өкілдері белсене қатысады. Соңғы кезеңде Қазақстанның белді кәсіпкерлері Түркияның тәжірибесімен танысып әрі алмасып, бірқатар келіссөздер жүргізді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Анадолы жеріне келетін іскер азаматтардың түрлі өндірістік орындар мен экономикалық аймақтағы тәжірибемен танысуға үнемі қолдау білдіреді. Түркияның өндірістік аймақтарын аралап, жергілікті кәсіпкерлік одақтарымен тығыз байланыс құрып, Қазақстандағы инвестиция жасау мүмкіндіктерімен таныстырады. Осы орайда Ресеймен шиеленіскен жағдайда Қазақстан арқылы нарыққа кірудің жолдарын көрсетіп, инвестиция тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарғаны жасырын емес. Сан-салалы сауда-экономикалық байланыстар екiжақты ынтымақ­тас­тықтың маңызды аспектiсi болып табылады. Түркия – Қазақ­стан­ның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2015 жыл­дың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 2,02 млрд. АҚШ долларын құра­ды. Түркия алғашқы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлік пен құ­рылыс саласының дамуына айтар­лықтай үлесін қосты. Қазіргі күні Қазақстанда 1500-ге жуық тү­рік фирмасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақ­станда құны 20 млрд. АҚШ долларынан асатын құрылыс жобасын жүзеге асырды. Осылайша Қа­зақстанның Түркия экономика­сына қосқан күрделі қаржысы шамамен 20 млрд. АҚШ долларына жетті. Осы жылдар ішінде Қа­зақстан экономикасына, жалпы алғанда, шамамен 2 млрд. доллар көлемінде түрік инвес­тициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция жұмсалды. Дегенмен де, өзара инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейді және әлі де барлық мүмкіндіктер толық жү­зеге асырылған жоқ деген ойдамын. Ендігі кезекте экономи­ка­лық ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін дамыту және іске асыру мақсатында біраз жоба­лар қолға алынуда. Сауда-экономи­калық саладағы өзара іс-қимыл­ды жандандырудың маңызды аспектісі – 2012 жылы құрылған Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы шең­беріндегі әрекеттесуді белсенді жалғастыру болып табылады. Олар жақын келешекте Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара іс-қи­мылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейтуге жаңа серпін беруге бағытталған. Түрік өнеркәсібінің және тұтасымен алғанда, экономикасын дамыту локомотиві болып қызмет ететін Ұйымдастырылған индустриялық аймақтарды құруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған. Осы орайда 2011 жылы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында Қазақстанда бірлескен қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды Түркияда таныту іс-шаралары ке­ңінен жүргізілуде, сондай-ақ, ірі түрік бизнесін елімізге тарту жұмыстары да өз жалғасын табуда. 2013-2016 жылдары Түркияның Сакария, Қожаелі, Измир, Измит, Ескишехир, Невшехир, Трабзон, Ризе, Ыстанбұл, Мұғла, Ниде, Самсун, Хатай, Кония, Гиресун, Малатия, Маниса, Денизли провинцияларында аймақтық бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Елбасымыздың ақылман дипломатиясы, салиқалы мәмілегерлігі арқасында алдағы уақытта түбі бірге туысқан екі ел арасындағы бау­ыр­ластық байланыстар да, іскерлік қа­рым-қатынастар да жоғары дәре­жеде дами беретіндігіне еш күмән жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»