Әйгілі футболшы, бес дүркін «Алтын доп» жүлдесінің иегері Лионель Месси кезекті даудың ортасында қалды. Жақында ғана Аргентина құрамасының сапында Америка кубогы турнирінің финалдық ойынында жеңіліс тапқан оған салық мәселесі қосымша соққы болып тиді. Бірер күн бұрын Испания соты әкесі Хорхе мен өзіне 4,1 миллион еуро көлемінде салық төлеуден жалтарды деген айып тақты.
«Жығылған үстіне жұдырық» демекші, алғашында 1,5 миллион еуро айыппұл төлеп құтылуына болады деген ақпар тараған. Алайда, көп ұзамай сот әкесі екеуін 21 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ, мемлекет заңы бойынша, ұзақтығы 2 жылдан кем кез келген жазаны сынақ мерзімімен өтеуге болады екен. Осыған байланысты сарапшылар футболшы мен әкесінің темір торға тоғытылуы екіталай деген пікірде.
Отырыс барысында сот Danone, Adidas, Pepsi-Cola және басқа да компаниялармен жасасқан жарнамалық келісімшарттарын қарап шықты. «Барселона» футбол клубының шабуылшысына 2 миллион еуро, ал әкесі Хорхе Мессиге 1,5 миллион еуро айыппұл төлеуді міндеттеді. Олар жоғарғы сотқа арыз беруге құқылы.
Адвокаттары салықтан жалтарды деген айыптың еш негізсіз екенін әрі алдағы уақытта сот үкіміне шағым түсіретіндерін мәлімдеді.
Айта кетейік, Лионель Месси «Алтын допты» ең көп иеленген футболшы. Ал үздік сұрмергендерге берілетін «Алтын бутсы» сыйлығын үш мәрте жеңіп алған. Бүгінде «Барселонаның» және Аргентина құрама командасының тарихында ең көп гол соққан футболшы.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»