Жыл сайын елімізде балиғатқа толмаған 3 мың ұл мен қыз некеге тұрады
...Оның өзі әлі бала. Бойжетіп те үлгермеген. Әлі жасөспірім. Бірақ, соған қарамастан, бұл «баланың» баласы бар.
Осы жерде мәселенің басын бірден ашып алайықшы. Жас деген ұғымға өзін жас сезінетіндердің барлығын жатқыза беруге болмайды. Жасөспірім деп неше жастағыларды айтамыз? ЮНФПА (Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық саны саласындағы қоры – әйелдер мен жастарға жыныстық және репродуктивтік денсаулығын сақтап, дені сау баланы дүниеге әкелу үшін олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған БҰҰ-ның жетекші агенттігі) стандарттары бойынша жасы 12-19 аралығындағы қыз бала болсын, ер бала болсын жеткіншек.
Ал енді жылына 3 мыңға жуық жеткіншек некеге тұрады деген мәліметті қайдан алып отырмыз деген сауалға жауап бермес бұрын, осы тақырыпқа жетелеген салдарға тоқтала кетелік.
Жуырда ғана жоғарыдағы ЮНФПА журналистер арасында жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығы жөнінде семинар өткізіп, оған бір күнімізді арнаған едік. Бізді бұл жиынға осыған дейін «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Бэби капут» немесе жануарларға арналған дәрі ішіп жатыры шірігендер» сынды және қыз баланың бақытына қатысты мақалалар жетелеп алып келген.
Сонымен, көкейкесті тақырып төңірегінде нақты баяндамалар мен тұсаукесерлер, зерттеулер мен сараптамаларға қаныға отырып, БАҚ өкілдеріне қатты әсер еткен бір оқиғадан аттап өте алмайтынымыз анық еді. Семинар бағдарламасы бойынша жабық шілтердің ар жағында балиғатқа жетпей жүкті болған жеткіншекпен тілдесу де жоспарланған-ды.
Дәл семинар болатын күні біздің құпия кейіпкеріміз журналистермен кездесуден бас тартады да, семинарды ұйымдастырушылар аяқ астынан басқа жұмбақ қыз іздеуге мәжбүр болады. Іздейтін орын біреу. Алматыда «Ана үйі» деп аталатын қоғамдық қор бар. Ол жерде өмірдің түрлі сынағына душар болған өндірдей қыздар дүниеге түрлі жағдайда сәбиін әкелгенше әлеуметтік қамқорлықты, психологтардың көмегін пайдаланады. Осылайша, аяқ астынан табылған кейіпкермен семинар соңына қарай екі бөлмеде дауыс күшейткіш арқылы сөйлесудің сәті түсті. Қыз қазақтілді болғандықтан сұхбат жүргізу рөлі бізге бұйырды. Бұл өмірдегі ең ауыр әңгіменің бірі болатын. Бұл жағдай сұхбатқа келуден бас тартқан жүкті жасөспірімнің де жағдайынан сорақы екен.
Оның жасы 16-ға да толмаған. Мектепте оқиды. Ауылдың қарапайым баласы. Анасы жоқ, әкесі, туысқан әпкесі бар. Біз оған «Ая» деп ат қойдық.
Сонымен, Аяның айтуынша, ол да өз қатарластарымен ойсыз-қамсыз өсіп келе жатады. Бірақ, өзінен бірнеше жас қана «үлкен жігіт» көз тігіп жүреді. Бұл түйсігі бір нәрсені сезгендей қашқақтайды. Шақырған жеріне барудан бас тартады. Сосын ол болмаған соң, жалғыз кездесуге келгісі келмесе, құрбы қыздарымен қоса қыдыруға үгіттейді. Бір қызығы, бірге қыдырмақ болған достардың біреуі де келіскен жерге келмеген... Осылайша, ең алғашқы кездесу де өтеді. Бастапқыда жігіт оғаш қылық көрсетпегендіктен кейінгі кездесуге Ая ойланбай-ақ барады. Бұл оның зорлық пен қорлыққа ұшыраған алғашқы күні екен. Жігіт біреуге болған оқиғаны айтсаң, абыройсыз екеніңді жұртқа жаям, тағысын-тағылармен қорқытып, бірнеше ай жоқ болып кетеді.
Араға айлар салып қайта хабарласып, ең болмаса сөйлесейік, тиіспеймін деген уәдемен Ая кездесуге келеді. Ол жерде оны жігіті бірнеше достарымен күтіп тұрған еді...
Аяның қазір аяғы ауыр, ішінде төрт айлық баласы бар. 16-ға толмай дүниеге әкелетін баласының әкесі кім? Мұнан былайғы өмірі қандай болмақ? Ол неге бірінші рет зорлыққа ұшырағанда жанашыр бір адамнан көмек сұрамады? Ол неге өз намысын қорғау үшін де ұялды? Неге біздің жеткіншек қыздар өзін-өзі қорғап үйренбеген? Неге біз балаларды осындай зорлық-зомбылыққа душар болмауға баулымадық? Жүректі шымырлатқан сауал өте көп. Ақиқатында бұл сұхбат біз жоспарлағаннан да күрделі болатын.
Қарап отырсақ, кәмелетке жетпей жүкті болып қалған, бойжетпей жатып түсік жасатқан оқиғаларға қатысты түрлі статистика жарияланып жатады. Алайда, оның дәлдігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Оның ішінде жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқан жағдаяттардың бар екендігін ескерсек, бұл көрсеткіштердің ешқайсысы да маңызды емес.
Ең бастысы – біз балаларымызды, ұрпағымызды осындай қасіреттерден қорғап, әлімжеттік пен зорлыққа қарсы тұру ұят емес, өз құқығын білмеу қорлық екендігіне үйрету. Бұл жалғыз бізді алаңдататын жағдай емес. Мәселен, жыл сайын 11 шілде күні бүкіл әлем Дүниежүзілік халық саны күнін атап өтеді. Биыл бұл күн «Жасөспірім қыздардың дамуына үлес қосу» тақырыбына арналғаны да бекер емес.
Өйткені, қазір әлемнің қай түкпірінде болмасын, жасөспірім қыздар жасөспірім жігіттерге қарағанда аса күрделі мәселелерге тап болуда. Көптеген елдерде жыныстық жетілу кезеңіне әлі жетпеген қызға отбасы және қоғам тұрмыс құруға, бала көтеріп, оны босануға дайын адам ретінде қарайды. Дегенмен, жасөспірім қыздың ағзасы бала тууға әлі дайын болмағандықтан, баланы босанғаннан кейін қатты жүдеп-жадайтыны белгілі. Бұл жерде дүние есігін шыр етіп ашқан шарананың тәрбиесі туралы әңгіме тіпті бөлек. Осының нәтижесінде дұрыс білімі, денсаулығы жоқ, өз өмірін басқару үшін мүмкіндігі шектеулі мұндай қыздар өз әлеуетін, армандарын іске асыра алмайтыны аян.
Осынау өзекті жайттарға қатысты ЮНФПА-ның Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемалиев: «БҰҰ-ның Халық саны саласындағы қоры мемлекеттік және саяси шешімдерді қабылдайтын тұлғалардың, қоғамдық қайраткерлердің, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының назарын жаһандық деңгейде жасөспірім қыздардың мәселесіне аудартып, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері арқылы жеткіншектердің дамуына салынатын үлесті арттыру үшін бүкіл қорларды жұмылдыруға шақырады», – дейді.
Ал енді ресми статистика деректеріне сәйкес, 15-19 жастағы жасөспірім қыздар арасындағы босану жиілігі 2014 жылы осы жас тобына жататын 1000 қызға шаққанда 34,72-ні құрап, 2011 жылдан бері ол тұрақты түрде артып келеді (29,4). Қазақстанда осы көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерге қарағанда алты есе жоғары. Аталған елдерде бұл көрсеткіш 1000 жасөспірім қызға шаққанда 4-тен 6-ға дейінгі аралықта. Жыл сайын 15-18 жас аралығындағы 1 мың қыздың ішіндегі 4-5 қыз түсік жасатады.
Әлемдегі жағдайға келсек, 10-24 жас аралығындағы 86 миллион әйел 18 жасқа дейін некеге тұрған немесе «жігітімен» бірге тұрады. Жыл сайын дамушы елдерде 15-19 жас аралығындағы 20 мың қыз бала босанады. Бағалау бойынша 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы қауіпті түсік жасату көрсеткіші 3,2 миллионды құрайды. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі – өз-өзіне қол жұмсау. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің екінші басты себебіне жүктілік және босану кезіндегі аурудың асқынуы жатады.
ЮНФПА бағдарламаларының үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова ханымның айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау күрделі мәселеге айналып отыр. ЮНФПА-ның техникалық көмегі арқасында өткізілген зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың 13,6 пайызы жыныстық қатынасқа бірінші рет 15 жасқа дейін түседі, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің жартысына жуығы тұрақты түрде жыныстық байланыста болады. Осы мәселенің белең алуы, оның үстіне жыныстық және репродуктивтік денсаулықты қорғау, қалаусыз жүктілікті және жыныстық жолмен таралатын аурулардың алдын алу мәселесіне қатысты сауатсыздықтың нәтижесінде бұл түсік жасатудың артуына, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың таралуына және репродуктивтік денсаулықтың бұзылуына әкеп соғуда.
Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын кәмелетке толмаған тұлғалармен құрылатын неке саны 3 мыңға дейін жететін көрінеді. Жағдайды зерттей келгенде, ерте жаста мәжбүрлікпен үйлендіру, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде тұрақты түрде өсіп келеді. Ал АХАЖ органдарына тіркелмеген ерте жастағы неке көрсеткіші қандай екенін білу мүмкін болмай отыр.
«Шығармашылық бастаманы көтеріп жүрген әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Әсия Хайрулина балиғатқа толмаған қыздарды зорлықпен некеге немесе жыныстық қатынасқа тартуға байланысты барлық жағдайлар міндетті түрде тіркеуге алынып, әрқайсысына қатысты әкімшілік, қылмыстық шаралар қабылдануы тиістігін БАҚ арқылы қайта-қайта көтеріп жүр.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, бұрын директор болып қызмет жасағандықтан, жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесімен етене таныс екендігін, сондай-ақ, бұл мектеп жасындағы қыздарға қатысты болған кезде, әсіресе, күрделі мәселеге айналатындығын атап өткен еді. Ата-аналар мен мемлекет жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтауға жауапты. Оларға жыныстық қатынас туралы дұрыс білім беру, репродуктивтік денсаулықты қорғау саласында сапалы қызметтерді көрсету қажет.
Осы мәселеге қатысты Қазақстан баспасөз клубында өткен брифингте Қызылорда облысындағы «Y-Peer» (Жас құрдастар) жас еріктілер қозғалысының белсендісі Динара Сұлтан өз тәжірибесімен бөліскен болатын. Ол Қызылорда қаласындағы колледж және мектептерінде өткізілетін тренингтерде табысқа жетудің кілті, көшбасшылық сапаны дамыту, өз құрдастарымен дұрыс қатынас жасау және репродуктивтік денсаулықты сақтау туралы ақпарат берілетіндіктен, мұндай тренингтерге жастар үлкен қызығушылық танытатындығымен бөліскен болатын.
«Біздің құрдастарымыз үлкендерден сұрауға қорқатындықтан немесе ұялатындықтан, өздерін толғандыратын көкейіндегі сұрақтарын бізге қоя алады. Біздің жас еріктілер қозғалысы Қазақстанның әрбір қаласында қызмет етуі керек деп есептеймін», – дейді Динара.
Не десек те, баласын әжетханада туып, сәбиін көшеге қалдырып кететін келеңсіздіктер көбейіп тұрған заманда бұл тақырыпқа тағы да оралуымызға тура келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ