• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Орал онкология орталығы халықаралық стандарттарға сай

580 рет
көрсетілді

Бүгінгі күн тек бір аймақтың ғана емес, со­нымен бірге, рес­пуб­ликаның онкологиялық емдеу жүйесіндегі есте қалатын тарихи күн­дер­дің бірі болып қал­мақ. Орал қаласын­да­ғы сәні мен сәулеті келіскен жаңа зәулім он­коло­гия­лық орталық­тың ашылу рәсімі кезінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерт­теу инс­титутының директоры, медицина ғылымдарының док­торы, академик Жеткерген Ар­зықұ­лов осылай деп мәлімдеді. Бұ­дан әрі ол республикада тең­десі, баламасы жоқ жаңа емдеу орны облыс онкологтарының барлық күш-жігері мен кәсіби шеберліктерін үйлестіре ала­тын орталық бола алатыны жөнінде ой сабақтады. Елбасы өзінің биылғы Жол­дауында аурудың алдын алу мен профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастыру жөнінде Үкі­мет пен денсаулық сақтау ве­домствосының алдына аса жа­уап­ты міндеттер қойды. Адам өлі­мін төмендетуге апаратын жол­дың басы бұл. Өлім көп жағдайда онкологиялық ауру­лар­дың асқы­нып кетуінен ор­ын ала­тыны белгілі. Ал мұндай топтағы дерт­тер­дің алдын алу­ға болатыны бұған дейін әл­ем­дік ме­дицина тәжіри­бе­сінде то­лық дә­лел­­денген. Яғни, қа­терлі ісіктер ерте сатысында анық­тал­са, адам өмі­ріне ешқан­дай қауіп туғызбайды. Оралда ашылған онколо­гия­лық орталықтың ең басты ар­тық­шы­лығы осында. Мұндағы ха­лық­аралық стандарттарға сай жаңа медициналық қондырғы­лар адам өміріне қауіпті кеселді ерте са­тысында анықтауға мүмкіндік береді. Онколог ма­мандардың мә­лім­деуінше, мұн­да қойылған бір­қатар сандық аппараттарды елдің өзге өңір­лерінен кездестіре ал­май­сыз. Солардың бірі – қолға байқала бермейтін әйелдердің сүт  бездерін­дегі ісіктерді анықтауға, сон­дай-ақ қатерлі кеселдердің өзге түрлеріне зерттеу жүргізген кез­де де қателік жібермейтін қон­дырғы. Онкологиялық аурулар­ды емдеу кезінде ота жасаумен бірге, химиялық және сәулемен емдеу тәсілдері қолданылады. Ор­та­лық­та осы емдеу түрле­рі­нің жаңа мүмкіндіктерін пайда­ла­нуға да барлық жағдайлар бар. – Медицина мекемелерінде аталған ауруларды емдеп шық­қаннан кейін, көп жағдайларда оларды одан әрі сауықтыру мә­се­лелері шетқақпай, қағабе­ріс­теу қалып келгенін де ашық ай­туға тура келеді. Яғни, ол  емнен кейінгі психоло­гия­лық әсер ету мен ықпал жасау тәсілдері болмақ. Орал онкологиялық ор­талығын­да­ғы­ ондаған орындар осы­ған ар­налған. Бұл – өте қажет шара. Мұндай жағ­дайда ем нәтижесі екі есеге дейін ар­тады, – деді газет тілшісіне ел­дің бас онко­логы Ж.Арзықұлов.  – Жаңа орталықта емдеу мен сау­ықтыруға қажетті барлық жағ­дайлар бар екен.  Біз, республика онкологтары рак ау­ру­ла­рын ерте сатыда анықтау бағ­дар­ламасын қол­ға алып отыр­мыз. Бұл істердің түкпі нәти­же­лері 2015 жылға дейін көрініс та­буға тиіс. Бұған оралдық он­ко­логтардың толық мүмкіндік­тері бар. Қажетті мамандарды Алма­ты­да, Астанада немесе осы орта­лықтың өзінде даярлауға, қай­та даярлауға бо­лады. Бұған өз тара­пымыздан қажетті кө­мек­тер беруге әзірміз. Жаңа емдеу орны рес­публиканың батыс өңірінде онкологиялық ау­рулар­ды  емдейтін үлкен орта­лыққа айнала ала­тынына сенімім мол. Болашақта Орал онкология ор­талығы база­сында халық­ара­лық зерттеулер жүргізу де ойы­мызда бар, – деді бұдан әрі Жеткерген Әнесұлы. Оралдағы баламасы жоқ жа­ңа орталық жөніндегі бұл ма­те­риа­лымызды елдің бас онко­ло­гының осы ойлы пікірімен түй­індегенді жөн көреміз. Тәу­ел­сіздікке тар­тыл­ған тамаша тар­ту деп, міне, осыны айтыңыз. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суретте: орталықтың ашы­лу рәсімінен көріністер. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.