• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2016

Мекке

648 рет
көрсетілді

туралы көрме жалғасуда Жақында Ұлттық музейде Ресей Федерациясы Қаржы министрлігінің Мәскеу Ақша сарайы қасиетті Мекке қаласы туралы күміс маркалар топтамасын көпшілік назарына ұсынған болатын. Жер бетінің кіндігі, қалалардың қаласы Мекке шаһары мұсылман халықтары үшін қасиетті орындардың бірі болып саналады. Балдай зәм-зәм суы, дәмі тіл үйіретін тәтті құрмалары күні бүгінге дейін жер жүзіндегі адамзат баласын қуаныш пен рахатқа бөлеп келеді. Иә, тау-тасы көп, шөл далада орын тепкен қаланың тасып жатқан берекелі тірлігі өз алдына бөлек әңгіме. Біз жоғарыда айтып өткен пошта маркалары осы сөзімізге дәлел бола алады. Көрмеге қойылған күміс маркалардың қай-қайсысы болсын, 999 сынамалы күміс­тен құралған. Олардың барлығы да Мекке қаласының кешегі тарихынан сыр шертеді. Әсіресе, әр жылдары қажылық парыздарын орындап жүрген мұсылмандар туралы деректерді көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар, Қағба, оның бір бұ­ры­шында орналасқан Қара тас, Ибра­һим пайғамбар туралы сөз, Мәдина қаласындағы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамба­рымыздың мешіті мен атақты әл-Харам мешітінің әр жылдардағы жалпы көріністері тамаша көрініс тапқан. Осы ретте Ұлттық академиялық кітапха­наның бас директоры Үмітхан Мұңалбаева көрме туралы ойларын ортаға салды. – Көлемі кіші болса да бұл пошта маркаларының мазмұны өте тереңде жатыр. Әлемде баламасы жоқ деп айтсақ та болады. Ондағы шариғат белгілері мен мұсылмандардың құлшылық жасап жатқан сәттері өте тамаша әсер береді. Ислам дінінің мәдениеті, тарихы, бәрі-бәрі көрініс тапқан. Өз ісін жақсы меңгерген шеберлердің қолынан шыққан дүниелер екені көрініп тұр. Бұл – Ислам әлеміне деген үлкен құрметтің белгісі. Әлбетте, кешегі біздің ата-бабаларымыз да шариғат үйреніп, сүннет амалдарын берік ұстанған. Соның бір дәлелі, Құнанбайдай текті аталарымыз қажылық парызын өтеп қайтқан. Сондықтан да Ұлттық музейдің төрінен орын алған күміс маркалардың құндылығы қазақ халқы үшін де өте жоғары деп айтар едім, – деді Ү.Мұңалбаева. ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш көрмеге байланысты пікірін былай деп білдірген еді: – Қасиетті Меккеге арналған жәдігерлер топтамасының маңызы біздің еліміз үшін де зор. Расында, топтама санының қырық болуының символикалық мәніне назар аудармасқа болмайды. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғам­барлық міндет осы жаста келгені тарихтан белгілі. Күллі әлем мұсылмандары Мекке қаласына, Қағбаға жүз бұрып, құлшылық етеді. Ұлық ғибадат қажылық та Мекке мен Мәдина қалаларында атқарылады. Бұл қала Мұхаммедтей (с.ғ.с.) ардақты, асыл пайғамбарды дүниеге әкелуімен де құрметті шаһар. Тарих қатпарындағы айтулы оқиғалардың куәсі болған Меккеге ерте заманда бабаларымыз жаяулап қажылық жасаған. Көрме Астана халқына үлкен рухани серпіліс, дем береді деп сенемін. 2012 жылы бас қалада бой көтерген «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуына орай Мем­лекет басшысы Н.Назарбаевтың сыйы ретінде «Күміс Құран» жиынтығы тарту етілген еді. Бұл туынды да осы авторлардың қолынан шыққан. Идея авторы, «ВТ» компаниясының директоры Владимир Прусаковтың айтуынша, күміс пошта маркалар топтамасын жасау идеясы 2006 жылы пайда болған. Жобаға ғалымдардан бастап, сарапшылар, технологтар, инженерлер, дизайнерлер, мүсіншілер мен суретшілер қатысқан. Шек­теулі тиражбен шығарылған күміс мар­калардың көрмесі алғаш рет 2013 жылы Татарстанда, 2014 жылы Махачкала мен Мәс­кеуде көпшілік назарына ұсынылған. Көрме кейін Қырымда, Грекияда жалғасын тапқан. Айта кетейік, «Мәскеу ақша сарайының күміс маркаларындағы Мекке» атты көрмені Астана қаласы тұрғындары мен қонақтары жаздың соңына дейін Ұлттық музейден тамашалай алады. Азамат БИТАН, Ұлттық музейдің PR-менеджері
Соңғы жаңалықтар