• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2016

Еңбегімен үлгі еді

451 рет
көрсетілді

Бұл күндері павлодарлықтар осы өңірде туып-өсіп, елі үшін елеулі еңбек еткен, ауыл шаруашылығы және әкімшілік саласында басшылық қызмет атқарып, артында ізгі із қалдырған Бақұстар Рамазановтың 80 жылдығын атап өтуде.   Бақұстар Ғабдұлхайұлы осы өңірге аты мәлім Рамазановтардың отбасында дүниеге келді. Рама­зановтар дегенде ең алдымен еске, данышпан Абайдың өлеңдерін бірінші болып орысша аударған, қазақтан шыққан оқымыстылардың бірі Нұқ Рамазанов түседі. Бақ­ұстардың әкесі Ғабдұлхай да білімге ерте талпынып, ұстаздық қызмет атқарған адам. Өз кезінде Шота-Аман Уәлиханов, Кәкімбек Салықовқа орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген. Ал анасы Зейнел – қазақтың біртуар азаматы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың қарындасы. Бұл әулеттен шыққандардың қай-қайсысы болмасын осал болған жоқ. Соның бірі ретінде Бақұстар марқұмның туған ағасы Аманолла Рамазановты атауға болады. Аманолла ағаның өз кезінде Шымкент, Семей облыс­тарында обкомның бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, халық шаруашылығына лайық­ты еңбек сіңіргендігін халық біледі. Міне, осындай ортада туып-өскен Бақұстар Рамазанов та атжалын ерте тартып мінді. 1959 жылы Алматы ауыл шаруашылығы инс­титутын бітіріп, агроном ма­мандығын алып шыққаннан кейін Павлодар облысы, Куйбышев ауданы, Чкалов атындағы кеңшарға келіп, тың игерушілер дүрмегіне қосылады. Көп ұзамай білімділігі көзге түскен маман Октябрьдің 25 жылдығы атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. Бақұстар мұнда келген соң дирек­торлық қызметпен ғана шектелмей, өзі игерген селекционер, агроном мамандығын одан әрі дамытып, малдың жем-шөп қорын нығайту бағытында түрлі зерттеулер жүргізіп, онысын жүзеге асыра бастайды. Ертіс алқабында жүгері, күнбағыс, қытай тарысы және басқа да дақылдарды егіп, олардан жоғары өнім алып, ғалымдардың көзіне түседі. Сөйтіп, кеңшар жоғарыда аталған техникалық дақылдарды өсіретін ауылшаруашылық тәжірибе шаруашылығына айналады. Жас басшы өзі ізденісінен нәтиже көрсеткен соң, директорлық қыз­метімен ғылымды қатар алып жүріп, 1977 жылы ауыл шаруа­шылығы ғылымының кандидаттық диссертациясын қорғайды. – Сол тұста ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен басқа басшы кадрлардан Бақұстардың бір ерекшелігі оның ғылымға берілгендігі болды. Ол ғылыми негізге көшірген кезде ғана шаруашылықтан тұрақты да табысты өнім алуға болатындығын ертерек түсінді. Бұл мәселе жө­нінен ғалымдармен көп ақыл­дасып, кеңесті. Өз білімін одан әрі жетілдіре түсуді жөн көрді. Сондықтан шаруашылықты басқара жүріп, сырттай аспирантурада білім алып, өзінің атқарып отырған шаруашылық қызметіне қатысты ғылыми тақырыбын таңдады. Оның ғылым жолындағы ізденістеріне мен жетекшілік жасаған едім. Бақұстардың ғылым мен шаруашылықты қатар алып жүруі ақыры үлкен жемісін берді. Ол өзі басқарып отырған кеңшарды тәжірибе шаруашылығына айналдырып, ғылыми негізге көшуге қол жеткізді және осының нәти­жесінде шаруашылық егістік­терінен мол өнім алды, – дейді Бақұстардың досы Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Зайролла Дүйсенбеков. Осындай жетістіктердің нәтижесінде Бақұстар Рамазанов Ертіс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне та­ғайындалады. Осы ауданда жүргізген жұмыстар нәтижесінде аудан орталығы Ертіс ауылы қала мәртебесіне ие болады. 1979 жылы бұл аудан ел қамбасына 22 миллион пұттан астам астық құйды. Сөйтіп, республика көлемінде астық қоры ең мол үш ауданның бірі болды. Осы еңбегі үшін Бақұстар Рамазановқа «Октябрь революциясы» ордені тапсырылады. Мұнан кейін Бақұстар Ғаб­дұлхайұлы облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, 1990 жылы Павлодар аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. 1994 жылы 27 тамызда 58 жасында қайтыс болады. Бақұстар Рамазанов «Құрмет Бел­гісі», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар дос­­ты­ғы» ордендерімен мара­патталған. Қазақ КСР Жоға­рғы кеңесінің депутаты болып сай­ланған. Бақұстар Ғабдұлхайұлы 1959 жылы, яғни өзінің инс­ти­тут бітірер шағында Көпей Абдрахманқызымен көңіл жарастырып, отау көтерген болатын. Бұл бақытты отбасында бес бала дүниеге келді. Бұл күндері Бақұстардың ұрпақтары ата-ана­ларының еңбегі мен тәрбиесіне сай өсіп-жетіліп, елімізге лайықты еңбек сіңіруде. Бақұстар Рамазанов осы шағын мақалада атап көрсеткеніміздей, өзінің өлшеулі өмірінде халыққа адал қызмет етудің айшықты үлгісін көрсетті. Пав­лодарлықтар ортасынан шыққан аза­маттың осы еңбегін әркез еске алып отырады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»