Британиялық Эдди Холл салмағы 500 кило болатын штанганы көтерген дүниежүзіндегі алғашқы адам атанды. «Жыртқыш» деген лақап атымен белгілі спортшы Англияның Лидс қаласындағы ареналардың бірінде рекорд жаңартқан. Бұл өткен демалыс күндері пауэрлифтингтен өткен жарыста орын алды.
Спортшы үшін бұл іс оңайға соққан жоқ, оның тіпті, сол жерде қайтыс болып кетуі де мүмкін екен. Жарты тонна штанганы беліне дейін көтергеннен соң, бірден қысымы көтеріліп кетіпті.
– Көзім бұлыңғырланып, басым айналып, есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, мұрнымнан қан ағып кеткен екен. Менің бұл ерлігімді әлі біраз уақытқа дейін ешкімнің қайталай алмайтынына сенімдімін, – деді 28 жастағы Эдди Холл.
Айта кетейік, ол 2011-2015 жылдары «Ұлыбританиядағы ең күшті адам» турнирінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, осыған дейін аталмыш спорт түрінен екі мәрте рекорд жаңартқан.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»