«Жібек жолы-2016» халықаралық автораллиіне қатысушылар Қарағанды облысындағы Доскей ауылының тұсынан өтті.
Аталған авторалли үш мемлекеттің – Ресей, Қазақстан және Қытай елдерінің аумағын басып өтеді. Автошабандоздар 8-24 шілде аралығында 10 735 шақырымды құрайтын жарыс жолын бағындырулары тиіс. Мұндай аламан бәйгеде 30 елдің намысын қорғаған 116 спорттық экипаж бақ сынауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жібек жолы-2016» автораллиінің Қарқаралы және Ақтоғай аудандарының жерін басып өтетін жолы 568 шақырымға тең. Бұл – жарыстың қашықтық жағынан алғандағы ең ұзын бөлігі екен.
Автораллиге қатысушыларды Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылының тұсында қарсы алушылардың арасында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те болды.
«Жібек жолы-2016» раллиінде бақ сынаған автошабандоздар орташа алғанда сағатына 200-250 шақырым жылдамдықпен жүреді екен. Бұл кезеңнің көмбесі Балқаш қаласында орын тепкен. Осы жерде шаршап келген автошабандоздар аз-кем аялдаған соң, Алматыны бетке алып, жарыс жолына қайта шығады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ