• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2016

Несиемен келген несібе

316 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың есебінен еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп саласын қолдауға арнайы қаржы бөлуді Үкіметке тапсырғаны белгілі. Бүгінде еліміздегі 1 353 кәсіпкерге бұл қаражат «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде қолжетімді болып келеді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алу арқылы өнімділігін арттырған тауар өндірушілер қатарында 126 астаналық кәсіпкер бар. «Даму» қорының көмегімен тасын өрге домалатқан кәсіпорындардың қызметімен жуырда Астана қалалық филиалының мамандары жақынырақ танысып шыққан болатын. Соның бірі – темір және ағаш бұйымдар жасау бойынша өн­дірістік цехты іске қосқан «Нұр-Саба» ЖШС. 2008 жылы құрыл­ған компания бастапқыда 15 адам­мен жұмысын жүргізген еді. Кәсіпорын директоры Қайрат Есімбеков уа­қыт өте келе нарықтағы сұранысты өтеу мақ­сатымен өндіріс орнын ке­­ңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды ойлады. Алайда, мұндай жо­ба қомақты қаражатты қажет ете­тіндіктен, оны бірден жүзеге асыру мүмкін емес еді. «Мемлекеттің көмек қаржы­сын алу үшін құжат өткізіп, же­ңілдетілген несиені 5 жыл­дық мер­зіммен алдық. Бұл қаржыға үш қабатты шағындау ғимарат алып, онда ресейлік үлгідегі жаңа станоктар орнаттық. Сонымен қатар, тағы 25 адамды жұмысқа қа­былдап, олардың қатарын 40-қа жеткіздік. Негізінен темір мен ағаштан әртүрлі бұйымдар жа­сайтындықтан, жекелеген тапсырыс­тардан бөлек, мемлекеттік сатып алуларға да қа­тысып келеміз. Біздің шеберлердің қолынан шыққан дүниеге қы­зы­ғушылар көп. Әсіресе, үй немесе жекелеген бизнес нысандарын салушылар тапсырысты молынан береді», дейді кәсіпорын басшысы Қ.Есімбеков. Ал бұрындары екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен алынған несиелерді субсидиялауға арналған тағы бір мемлекеттік бағдарламаның көмегін көрген «Юни-Дент» тіс емханасы ЖШС 2007 жылы ашылған. Алғаш­қы кез­­дері стоматология саласында жеңіл-желпі қызметтер ғана көр­сеткен емхана мамандары оның аясын кеңейтудің жолын іздей бас­­тайды. Әрине, ол үшін ең алдымен қосымша құрал-жабдықтар қажет. Оған қоса серіктестік ди­­­­рек­торы Вячеслав Орлов тіс про­тезін өзі жасап шығаруды мақ­сат тұтады. Сол үшін ол банк­тен не­сие алады. Кейіннен барып несиенің пайыздық үстеме­сін суб­сидиялайтын Үкіметтің жаңа бағдарламасынан хабардар болған соң, «Даму» қорының Астана қалалық филиалында осы ойын жүзеге асырады. «Әрине, екінші деңгейлі банк­тен алған несиенің пайызы жоғары болды. Бірақ, менің несиелік тарихым өте жақсы болғандықтан, қор қызметкерлері қажетті көмекті беруден аянып қалмады. Нәтижесін­де, алған несием 7 пайызға дейін тө­мендеп, ай сайынғы төлейтін қаражатымның көлемі азайды. Ал азайған қаржының есебінен Гер­маниядан 100 мың еуро тұратын қымбат құрылғы сатып алу арқылы протез дайындайтын лаборатория­ны іске қостық. Сонымен қатар, ау­мағы 150 шаршы метрді құрайтын жаңа мекен-жайға орналастық. Бүгінде тіс протезін дайындаудың сапасы артып, бағасы да төмендеді. Бұл бізге нарықта бәсекеге төтеп беруімізге зор мүмкіндіктер бе­реді», деді В.Орлов. Елордалық кәсіп­кер­лерге қар­жылай қолдау көрсе­тіп, олардың дамуына дем беріп отыр­ған «Даму» қоры Астана қала­лық филиалының бас менеджері Зәмза­­гүл Хамзина дағдарыстың сал­қыны кәсіпкерлік салаға да тигені байқалатынды­ғын айтады. Сондықтан да Үкі­мет өңдеуші өнеркәсіп саласына мей­лінше қолдау білдіріп, өнім көлемі мен жұмыс орындарын барынша сақтап қалуға ұмтылып жатқандығын алға тартады. «Әсіресе, мемлекеттің межеленген тапсырмасы ретінде біздің қор жаңадан құрылып, аяқ­тан тұра алмай жатқан шағын кә­сіпкерлерге ерекше көңіл бөліп келеді. Жалпы, Қазақстан бойынша өңдеуші өнеркәсіп саласын қолдауға арналған бағдарламамен бүгінге дейін 1 353 кәсіпкер несие ал­ған болса, оның 126-ы астаналық бизнесмендер болып табылады. Оларға қор арқылы мемлекеттің 30 834 млн. теңгесі берілген. Ал «Биз­­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында елордалық 34 кәсіпкермен 2 млрд. 551 млн. тең­гелік субсидия келісімшартына қол қойылған. Енді Ұлттық қор­дан бөлінген бұл қаражат кәсіп­орындардың кеңеюіне жақсы көмек болуда», – деді З.Хамзина. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА