• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2016

Германияда тоғызқұмалақтан Еуропа чемпионаты басталды (фото)

387 рет
көрсетілді

Бүгін Германияның Швайнфурт қаласында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Еуропаның ашық чемпионаты басталды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, чемпионатқа Германия, Франция, Грекия, Швейцария, Испания, Ресей, Чехия секілді оннан астам елдің өкілдері қатысып жатыр. Жарыс швейцар жүйесі бойынша өтеді.

Құрлық чемпионатының ашылу салтанатына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов және Швайнфурт қаласының мэрі Карл Хайнц Каучок қатысты. «Тоғызқұмалақ - қазақтың дүниежүзілік мәдениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. Чемпионат  - интеллектуалдық сайыс, мәдени шара ғана емес, мәдени мұрамызды насихаттау жолы. Бұл – дүниежүзілік федерацияның құрылған күнінен бастап алға қойған міндеттерінің бірі», - деп атап өтті Әлихан Байменов. Дүниежүзілік федерация 2009 жылдан бері тоғызқұмалақтан үш рет әлем чемпионатын өткізді. Оның соңғысына 25 елдің өкілдері қатысты. Чемпионаттардың өтуіне Дінмұхаммед Ыдырысов, Кеңес Рақышев, Ерлан Әшім, Мақсат Раманқұлов, Ерғали Ибрагимов секілді отандық кәсіпкерлер қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да тоғызқұмалақты дамытуға жүйелі көңіл аударылуда. Қазіргі таңда тоғызқұмалақпен айналысатын қазақстандықтар саны 200 мыңнан асты. Алда Азия чемпионатын ұйымдастыруға Қытай өкіметі де қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр. Еуропа чемпионаты барысындағы халықаралық турнирге Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелері де қатысып, шетелдік спортшылардың шеберлігін арттырып, тәжірибе жинақтауына көмек көрсетеді.  Жарысқа қатысушылар мен тоғызқұмалақ әуестенушілері – негізінен Еуропа елдерінде тұрып жатқан жергілікті халық. Чемпионат аясында, сондай-ақ, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде одан әрі дамыту мәселелері де кеңінен талқыланады. Чемпионат 24 шілде күні мәреге жетеді. Руслан ИГІЛІК