Бейбіт елге беталды оқ атқан қылмыскердің қолынан ауыр жараланып, Алматы қалалық ауруханасының жан сақтау бөліміне түскен полиция аға сержанты Серік Әбілдаев та көз жұмды.
Күрті деп аталатын аядай ауылдың перзенті, Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полкінің аға сержанты Серік Әбілдаев кезекті қызметтік міндетін атқарып жүргенде аяқасты дабыл қағылып, аса қауіпті қылмыскерді қоршауға алуға нұсқау түседі. Қаруланған қылмыскерді тұтқындау операциясы кезінде ауыр жараланған Серік Әбілдаевты дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады.
Әбілдаевтардың үйіне таңалакеуімнен халық көп жиналды. Күрті ауылында оның асқар таудай әкесі, ақ сүт беріп өсірген анасы тұрады. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қаралы үйдің табалдырығын аттап, марқұмның әке-шешесіне, ет жақын бауырларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Өңір басшысы Амандық Баталовтың да тосыннан келген қайғыға ортақ екендігін жеткізіп, мұндай ауыр жағдайдың енді қайталанбауын тіледі. Қайғылы отбасыға билік тарапынан барлық көмек жасалатынына уәде беріп, «Серіктің ерлігі – бізге өшпес өнеге. Ол нағыз азаматқа тән ерлік көрсете білді. Қауіппен бетпе-бет келді. Бірақ тайсалған жоқ. Келешек ұрпақ оның ерлігін мақтан тұтатын болады. Серіктің ерлігі ғасырларға жалғасады. Ұмытылмайды», деді ол.
Қаралы жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков, Алматы қалалық ІІД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев, Ақши және Күрті ауылдарының тұрғындары келді. Серік Әбілдаевтың рухына құран бағышталып, ас берілді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Іле ауданы