• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2016

ХАТ-ҚОРЖЫН

330 рет
көрсетілді

...ризашылық білдіреді Оқырманға қуаныш сыйлады Ауыл-аймақ баспасөзге жазылып отыруды еш ұмыт қал­дыр­ған емес. Бүгінгі таң­да аз ба, көп пе Ақжайық ау­да­нының тұр­ғындары 1300 данаға жуық «Егемен Қазақ­стан» газетін жаздыртып алдырады. Өңірде басылым оқырмандарының саны артып келеді, өйткені басылымның тұрақты болуына жанашырлар аз емес. Биылғы жылдың екін­ші жартысынан бастап аудан орталығы Чапаевтағы мүмкіндігі шектеулі 15 адам еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанды» тұрақты оқу мүмкіндігіне ие болды. Олар­ға бұл қуанышты сый­­лаған «Мос­квич» жанар-жағармай бекетінің директоры Иса­тай Мұқанғалиев есімді азамат. Ол өткен қасиетті ра­ма­зан айы­ның құрметіне оқырмандарға «Егеменге» жазылуды өз есебі­нен өтеп берді. Болат ЕСҚАЛИЕВ Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы ...өтініш жасайды Қайраткерге ескерткіш қойсақ деп едік... Мемлекет қайраткері, Со­циалистік Еңбек Ері, білік­ті басшы Еркін Нұржан­­ұлы Әуел­бековтің есімі көк­­ше­ліктер жадында. Ол Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарған кезде өңір тіршілігіне жаңа леп, жылы шырай келгенін жұрт­шылық жақсы біледі. Ер­кін Нұржанұлының қажыр-қай­ратымен тұрғызылған ғи­мараттар, тұтас тұрғын үй аудандары, әлеуметтік-тұр­мыстық, мә­дениет ошақтары әлі күнге көз қуантады. Біздің парызымыз – өз Отанына, халқына шек­­­сіз сүйіспеншілігін арнаған қайраткердің ұлы мұраттарын болашақ ұрпаққа жеткізу. Бұл орайда оның туған қа­ласы Көкшетауда еңселі ес­­­керт­кіші немесе бюсті тұр­ғы­зылатын уақыт жетті деп есеп­тейміз. Бірақ, ел тілегі орындалуы кешеуілдеп барады. Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану комиссиясы мәжілісінің 2011 жыл­ғы №11 шешімімен 2015 жылы, яғни, Е.Н.Әуелбековтің туғанына 85 жыл толуына байланысты ескерткіш (бюст) ашылуы жоспарланған болатын. Биыл облыстық «Ел бір­лігі» қоғамдық бірлестігі осы мәселемен Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне де хат жолдады. Қаржыландыру мәселесін ардагерлер өз мойнына алады, ескерткіштің эскизі бекітілген. Тек, жергілікті би­лік­тен оны ор­­на­та­тын жер телімі бөлінуін сұраймыз. Ардагерлер атынан – Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шиап ӘЛИЕВ ...алғыс айтады Шипагер шапағаты Мен Ақтерек орта мек­тебінде қырық жыл ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлесімді қосқан ардагер ұс­­тазбын. Еңбегім еленіп, «Бі­лім беру ісінің үздігі», «Үздік еңбе­гі үшін», «Еңбек озаты» медальдарының иегері атандым. Қолыма қалам алғандағы мақсатым – халықтың ыстық ықы­ласына бөленіп, бүгінде ден­саулық күзетінде жүрген аб­зал да қайырымды мамандық ие­леріне өз алғысымды білдіру еді. Онша-мұнша ауруға дес бермейтін едім, бірде аяқ ас­тынан дене қызуым қатты кө­теріліп жатып қалдым. Он­дайда ауруға араша тұрар дә­рі­герге жүгінеріміз хақ. Содан ауылдағы дәрігерлік амбулатория медбикесі Ал­тынкүл Мұхамедқұлқызы мен те­рапевт-дәрігер Алик Се­­ріковке келгенімде, дереу тек­серіп, сырқат түрін өкпеге су­ық тиген деп анықтап, жедел аудан орталығы Ұзынағашқа алып келді. Онда аудандық ау­рухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Доғдыргүл Молдахалықова басқаратын дәрігерлер ұжымы қабылдап, ем-домдарын жасады. Ауырып тұрдың, аунап тұр­дың деген, он күннің ішінде сырқатымнан айығып үйге шықтым. Қашанда жақсының жаса­ған жақсылығын айтқан лә­зім. Өзімнің сүйіп оқитын «Егеменім» арқылы Орталық емхананың меңгерушісі, жұқ­палы аурулар дәрігері Гүл­нар Ешетаеваға, терапия бөлімінің меңгерушісі Ай­гүл Қойайдароваға аналық ал­ғысымды білдіргім келеді.  Күлән ИБРАГИМОВА, зейнеткер ұстаз Алматы облысы, Жамбыл ауданы ...мақтан тұтады Бізде бәрі бар Шалқар ауданының Мөң­ке би ауылының тұрғындары «Бізде бәрі бар» деп мақтанады. Мақтанса мақтанғандай, ау­дан­дағы ауылдардың арасында ал­ғашқы болып көгілдір отын­­ның қызығын көрді. Жері шүйгін, суы мол. Су демекші, бас­тауын Мұғалжар тауынан алып, Шалқар көліне құятын Қауылжыр өзені ауыл іргесінен өтіп жатыр. Биыл балық көп дейді. «Көптігі сондай, қолмен ұстап жағаға лақтыра береміз», – дейді ауылдың айтқыштары. Ауыл дүкендерінде қажетті заттың бәрі бар. Тұрғындардың түрлі тойлары үшін кәсіпкерлер Княз­баевтардың кең тойханасы дайын. Қоғамдық монша тұрғызған Елеген Тасановқа тұр­ғындар дән риза. Монша қызметі зейнеткерлер үшін тегін болса, Б.Рымбердиеваның тігін цехы да көңілден шығып отыр. Ауыл адамдарының тұрмыс жағдайының жақсарған­ды­ғының белгісі болар, қызыл, сары кір­піш­терден биік үйлер салу, аулаларын түрлі-түсті қым­бат ма­териалдармен қор­шап, әдемі қақпалар орнату сәнге айналған. Бердібай КЕМАЛ Ақтөбе облысы ...әсерімен бөліседі Сөз қадірі қашанда қымбат Бүгінгі күн – ертеңгі  тарих. Тарих қойнауына енген тұл­ға­ларымызды халыққа танытып, артта қалған мұра­сын көпшілікке таныстыру – осы бір қызығы мен шы­жы­ғы көп журналисти­ка сала­сы­­­ның еншісіне тиері ан­ық. Жалпы өнер адамдары, ұлт жа­на­шырларының  тағдыры мен шығармашылықтарын оқыр­­ман­ға, көрерменге  жет­кі­зе білу – жур­налистің қабілет-қа­ры­мына байланысты болса керек. «КТК» телеарнасы ұсынған «Жүрекжарды» бағдарламасы  сүттің қаймағын қалқып алып, мәйегін сығып көрерменге тарта білген туынды. Көгілдір эк­рандағы мәнсіз-мағынасыз шоу­лардан гөрі, осындай сүбелі қазақи бағдарламалар қа­жет-ақ. Әдемі әуез, сұлу сөзбен көм­­керілген бағдарламаны жү­­регің елжіреп тыңдамау мүм­кін емес. «Жүрекжарды» – ұлт руханиятының алып­тары Қ.Мырзалиев, Ә.Ке­кілбаев, Ә.Нұршайықов, Т.Мол­дағалиев, Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділов, Д.Иса­беков сынды тұлғалармен қатар өнерде, театр сахнасында, кино саласында ойып тұрып орын алған А.Әшімов, Тұңғышбай әл-Тарази, С.Ораз­баев, С.Ме­рекеұлы, Д.Жол­жақсынов сияқты тамырын тереңге жай­ған алып бәйтеректермен таныстырған туынды. Сөз қадірі қашанда қымбат. Бағдарламаның ерекше тұсы – адам өмірін көркем картина іспеттес суреттеуінде және поэзия­мен ұштастыра білуінде. Айман МҰҚЫШОВА Шығыс Қазақстан облысы