• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2016

«Астаудың» абзал мақсаты

449 рет
көрсетілді

Қазақстандық компания Қытай нарығын игермек Қазақстанның Қытайда­ғы ел­шілігінің қолдауымен, Шан­хай қаласындағы бас консул­ды­ғымыздың тікелей қатысуымен ағым­дағы жылдың мамыр айында ҚХР-дың Иву қаласында «Астау» импорт және экспорт ком­пания­сы құрылды. Елбасымыздың ал­ға қойған мақсаттарының бірі еліміздің экспорттық әлеуетін арт­­тыру екені баршаға мәлім. Жа­ңадан құрылып отырған «Ас­тау» компаниясының басты мақсаты – Елбасымыздың жүктеген мін­деттемесін іске асыру. «Астау» қазір еліміздің азық-түлік және ауыл­шаруашылық өнімдерін алып көршіміз Қытайдың на­ры­ғына шығаруға бағытталған жұмыстарды белсенді атқаруда. Бұл орталықты құруда елі­міздің Шанхай қаласындағы бас консулы Жошыхан Қыраубаевтың сіңірген еңбегі мол. Мемлекет жүктеген міндеттемелерді абыроймен атқара білетін тәжірибелі дипломат қазақстандық кәсіп­кер­лерді бір шаңырақ астына біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Негізінен ішкі нарыққа жұмыс істеп үйренген отандық кәсіпкерлер мен өндірушілерге қытайлық нарық беретін мүм­кіндіктерін түсіндіріп, оған шы­ғудың жолдарын айтып берді. Осылайша, бірнеше қазақстандық кәсіпкер бірігіп, Қытайдың ең ірі көтерме сауда орталығы болып саналатын Иву қаласынан «Астау» импорт және экспорт компания­сын құрды. Компанияның тұсау­кесері атаулы қалада 13-16 мамыр аралығында «Иву ха­лықаралық импортты тауарлар көрмесінде» өтті. Халықаралық көрмеде жүз­ден астам шетелдік мемлекеттен келген он мыңдаған тауар түрлері қойылды. Ауқымды шарада Қазақстан экологиялық таза тағам өнімдерін экспорттау­шы ел ретінде таныстырылды. Еліміздің байрағындағыдай көк және сары түспен боялған киіз үй пішіндес, ұлттық нақышта бе­зендірілген Қазақстан павильоны алыстан менмұндалап тұрды. Еліміздің мәдениетімен танысып, тағамымыздан дәм татуға ни­ет етіп келген меймандардың қарасы қалың болды. Олардың арасында Иву қалалық партком хатшысы Шэн Цюпин де бар. Ол қытай халқына экологиялық таза өнім ұсынып отырған көршілес елдің кәсіпкерлеріне, оларды қолдап отырған Қазақстан мем­лекетіне, әсіресе Бас кон­сулдыққа ризашылығын біл­дір­ді. Біздің азық-түліктердің дәмі мен сапасына да жоғары баға берді. Ұнатқан заттарын ша­ғын қоржынға салып өзі­мен алып кетті. Бұл көрмеде қа­зақстандық өнім ең өтімді тауарлардың қатарында болды. Көрмеге әкелінген заттардың біразы алғашқы күні-ақ сатылып кетті. Қытайлықтар қазақстандық бал, ұн, сүт және кондитерлік өнім­­­деріне ерекше қызығушылық танытты. Көрме нәтижесінде «Ас­тау» компаниясы таныстырған Қа­зақстан ұлттық павильоны екі сыйлыққа ие болды: «Ең үздік павильон» және «Ең үздік тауар». Еліміздегі «Рахат» компаниясы өндіретін «Қазақстан» шоколады он мыңдаған тауардың ішінен іріктелген, жоғары сұранысқа ие болған ең үздік «ондыққа» кірді. Осылайша Қазақстанның отандық өнімдері қалың жұртқа таныстырылды. Негізі қазақстандық азық-түлік өнімдері бұрыннан Қы­тай еліне кіргізіледі. Бірақ олар шекара ма­ңайындағы ау­дандардан алысқа бармайды. Себебі, шекараның ар­ғы бетінде, Шыңжаң автономиясында қазақ және ұйғыр бауырла­рымыз бар. Екі арада қатынас жиі болғандықтан олар біздің өнім­дерді таниды. Сондықтан бұл ай­мақта еліміздің азық-түлігіне сұ­раныс бар. Ал ішкі Қытайға қа­зақтың ұны мен балы әлі бара қойған жоқ. Себебі, кәсіби осы іспен айналысып, тек осы бағытта арнайы жұмыс жүргізіп жатқан үлкен компаниялар жоқ біздің тараптан. Еліміздің азық-түлік өнімдері тек алыпсатар саудагерлер арқылы ғана шағын көлемде көршіміздің нарығына келеді екен. Ал үлкен компанияларда, өндірістерде үлкен нарыққа шы­ғуға қызығушылық таныта­тындар бірен-саран көрінеді. Мұның себебі қарапайым екен: зауыттардың өзінің айлық, тоқ­сандық және жылдық өндіріс пен тапсырыс көлемдері бар. Және олардан үнемі тұрақты түрде сатып алатын клиенттері де бар. Асып қалса Ресей, Бе­ларусь секілді Кеден одағы мем­лекеттеріне кетіп жатыр. Яғни, өзіндік тұрақты пайдасы бар. Ішкі нарықпен-ақ саудасын дөңгелетіп отыр. Осы жәйтті ескеріп, зауыттармен келісім жасап, отандық өнімдерімізді Қытай нарығына енгізуге белсенді кірісіп жатқан кәсіпкерлеріміз де жоқтың қасы. Барлығы тек Қытайдан «арзан» тауар мен техника тасып әлек. Өзіміздің тәжірибеміз­ден бай­қағанымыз – Қазақстан­ның экологиялық өнімдері Қытайда ең өтімді тауардың бірі бола алады. Қазір қытайлықтар өздерінің тағам өндірушілеріне сенбейді. Бұл жақта жалған тамақ өте көп. Белгісіз бір ақ ұнтақтан ил­еп отырып күріш жасайды, кар­тоннан қамыр жасайды, қо­қыстан сығылып алынған су май­ды шөлмекке қайта құйып сатады, тіпті, жұмыртқаның өзін химиялық заттардың көмегімен жасап шығарады. Тамақ атаулы­ның жартысынан көбін жеуге сескенесің мұнда. Жылына он мың­даған қытайлық осы жалған тағамның салдарынан көз жұмады екен. Жалған тауар жасаумен аты шыққан Қытай қазір шынайы, табиғи дүниеге зәру болып қалды. Экономикасының дамуы қытайлық тұрғындардың әл-ауқатын да жақсартты. Қазір қытай арзан, қытайлық тауарға емес, керісінше, қымбат, сапалы және импортты затқа әуес. Біздің бағасы қымбат емес, сапасы өте жоғары тамақ өнімдерін Қытай нарығы жұта салады. Атап өткен себептерге байланысты қазір шетелдік тағам өндірушілері Қытай нарығына белсенді кіріп жатыр. Өзімізбен көр­шілес, одақтас Ресей және Украина кәсіпкерлері де білек түріп кірісті бұл шаруаға. Қазір орыстың «Аленка» шоколадын Қытайдың үлкен қала­ларындағы көптеген супер­маркеттерінен таба аласыз. Бұл мәселеге ресейлік үкімет те қызу қолдау көрсетіп жатыр екен. Ресейдің Қытайдағы кәсіпкерлер палатасы көмек сұрап келген кәсіпкерлеріне қол­дан келетін мүмкіндіктерін аямай демеу көрсетуде. Ресейлік кә­сіпкерлерге құқық қорғау, халықаралық саудаға жеңілдіктер алу, түрлі рұқсаттамалар алу се­кілді Қытай бойынша кез келген мәселені шешіп беретін де осылар екен. Осы секілді көп­теген мемлекеттің үкіметі өз кә­сіпкерлерінің шетелдік нарыққа шығуына жағдай жасап жатыр. Өкінішке қарай, біздің Қы­тайда емін-еркін сауда жа­сауы­мызға кедергілер бар. Мәселен, қытайлықтар біздің балға қы­зығады. Жоғарыда атап өткен көрмеде ең көп сатылған заттың бірі сол бал болды. Бірақ Қытайға дәл осы қазақстандық балды кіргізуге рұқсат жоқ. Ресейдің балы болады, қырғыздың балы болады, тек біздің балды кіргізуге болмайды. Неге? Өйткені, бұрын ешкім арнайы бұл мәселемен белсенді айналыспаған сияқты. Арнайы сұраныс жіберіп, мемлекет немесе үкімет дәрежесінде бұл мәселе ертерек көтерілсе қа­зір еліміздің балы көптеген қытайлық супермаркеттердің сөрелерінен орын алушы еді. Қа­зақстанның Қытайдағы ел­шілігі бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп жатыр қазір. Жақын арада ел­шілік қызметкерлерінің жұмысы жемісті болып, балымыз кедергісіз көрші елге жөнелтіледі деген үміттеміз. Сонымен қа­тар, біздің жұмысымызға кедергі болатын тағы бір жәйт – логистика мәселесі. Мәселен, біздің тауар Ал­матыдан Иву қаласына келгенше бір контейнердің құны, яғни жол шығыны 4,5 мың долларға шығады. Ал Испанияның астанасы Мадридтен Қазақстанды басып өтіп, тура біздің жүретін жолмен жүріп, дәл осы Иву қа­ласына келетін пойызға тиелген бір контейнердің құны 2800-3000 доллар шығады. Неге? Өйт­кені, бұл мемлекеттер арасында тұрақты жүк тасымалы туралы келісім орнатылған. Сон­дық­тан мемлекеттер тарапынан халықаралық жол тарифтеріне көптеген жеңілдіктер береді. Біз­бен сапасы да, бағасы да ұқсас, әрі бізбен шекаралас Ресейдің тауарларын Қытайға жіберу де бізге қарағанда арзан шығады. Себебі, оларда теңіз жолы бар. Те­ңіз арқылы жүк тасымалы­ның тарифі өте төмен. Ресейдің Вла­дивосток қаласынан Иву қала­сы­на дейін бір контейнердің құны небәрі 800-1000 доллар шығады. Бізде мұхитқа шығатын теңіз жоқ. Тек қана құрлық  жолы. Егер мемлекет осы мәселеге көңіл бөліп, арнайы Қытай мен екі арада логистикалық бағыт ашса, Қы­тайға экспорттаймын деген еліміздің кәсіпкерлеріне біраз жеңілдік болатын еді. Осы секілді мәселелер ше­шілсе біздің тауарымыздың құ­ны едәуір арзандап, Қытай нарығындағы бәсекелестерімен жарыста тауардың өтімділігі бойынша біраз ұтар едік. Қазақ­стандық тауардың әлемнің аты бар брендтерінің қатарынан орын алуына зор мүмкіндіктер ашылар еді. Сонымен қатар, отандық өндірушілер мен кәсіпкерлеріміз шетелдік нарыққа шығуға қы­зы­ғушылығын арттырса, бар­лығымыз бір шаңырақ астына бірігіп, бір бағытта жұмыс іс­тесек миллиардтар нарығын бағындыруға әбден болады деген ойдамыз. Қазір «Астау» компаниясының жұмысы қызу жүріп жатыр. Әзір­ше отыз шақты қазақстандық та­мақ өнімдерін қытайларға таныстыру жұмыстары жүріп жатыр. Сауда жақсы, сұраныс бар. Жуырда компания жұмыс істеп жатқан Иву қаласынан, 24 миллион тұрғыны бар Шанхай қаласынан және қыркүйек айында G20 саммиті өткелі тұр­ған Ханчжоу қаласынан тек «Қазақстанда жасалған» маркасымен шығарылатын өнімдерді саудалайтын сауда үйлерін ашуды жоспарлап отыр. Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ, журналист