• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2016

Бүлдіргіге қарсы бірігу

391 рет
көрсетілді

Радикализм, экстремизм және терроризмге қарсы тұру – Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттағы міндеттердің бірі.   Жасыратыны жоқ, бүгінгі күннің толғақты деген мәселесі – теріс ағымның жетегінде кеткен жастардың бұлыңғыр болашағы. «Батпандап кірген мысқалдап шығады» деген бар. Мұның зардабын біз қазірдің өзінде тарта бастадық. Жағ­дай осылайша күрделі болып қалып­тасқанда Қарағанды облысында жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту қолға алына бастады. Мұндай мүбәрак шаруада жастар ісімен айналысатын басқармаға облыстық орталық мешіт көмек қолын созбақшы. Бұл турасында арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай мәлімдеді. Брифингте діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен ҚМДБ-нің Қарағанды облыстық орталық мешітінің жастар ісі жөніндегі бөлімі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум жастарымыздың санасында біздің халыққа тән дәстүрлі діни нанымды және радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жетіл­діруді мақсат етеді. Бұдан бөлек аталған меморандум жастар арасындағы діни қатынастар саласында сараптамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізуді қарастырады. Белгілі бір діни ұстанымы бар «заманауи жас адамның портретін» жасау да жоспарда бар. Сонымен қатар, жастармен жұмыс істейтін көшбасшылар мен мамандарға арналған арнайы курстар ұйымдастырылмақшы. Ал ақпараттар тарату үшін әлеуметтік желілерге арқа сүйеу керектігі айтылды. «Жастардың әлеуметтік және мате­риалдық тұрғыдан қорғалмауы, бағалау мен пайымдауда максимализмге ұрыну, психологиялық шикілік, бөтен пікірге тәуелді болу – осы айтылған бірнеше себептердің өзі-ақ радикалды және бүлдіргі идеялардың оңай тарауына мүмкіндік береді деп айтуға болады», – деді Мирас Құттыбай. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ