Қазақстан танкистері «Танк биатлоны-2016» сайысының кезекті жеке жарысында үздік нәтиже көрсетті. Танк командирі аға лейтенант Асылбек Мүсірманқұловтың жетекшілік етуімен экипаж қашықтықты батыл еңсеріп, оқ атуды сәтті орындады. Сөйтіп, Сербия, Беларусь және Иранның командаларын жеке жарыста басып озды.
Танк биатлоны бойынша командамыз үшін бұл – байқаудың бірінші кезеңіндегі үшінші жеке жарыс. Алдыңғыларында Қазақстанның экипаждары өздерінің жеке жарыстарында Сербия, Үндістан, Ресей, Никарагуа, Беларусь және Арменияның командалары арасында көшбасшылық позицияны сақтай отырып, жоғары дайындық деңгейін паш еткен еді. Алайда, мұнымен бәсеке аяқталмайды. Алда қатысушы командаларда жартылай финал және финал күтіп тұр. Егер сайыстың бірінші кезеңіне барлық 17 ел қатысқан болса, келесі кезеңге тек 12 команда өтеді. Финалда тек төрт ең үздік және кәсіби өкіл кездесетін болады.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресейдің 20 әскери полигонында, сондай-ақ, Балтық, Қара теңіз бен Каспий теңізінің су айдындарында Армия халықаралық ойындары-2016 қызу жүріп жатыр. Екі байқау да еліміздің аумағында алғаш рет өтіп отыр. Ал 2017 жылы еліміз өз жерінде АрМИ-дің 6 байқауын өткізеді. Оның ішінде екеуі жаңа байқау.
Сонымен, Армия халықаралық ойындарының бағдарламасына алғаш рет броньдалған автомашиналардағы ралли және әйел әскери қызметшілерге арналған көпсайыс арнайы байқауы қосылады. Армия ойындарының қазіргі байқауларының ішінен келесі жылы әскери аспазшылардың «Далалық ас үй», кинологтардың «Адал дос» сайысы, атқыштар мен мергендердің «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мерген шебі» жарыстары өтеді.
«Егемен-ақпарат»