Автомобиль жолдары әрқашан өсу, өрлеу үстіндегі мемлекет өмірінің өн бойына кідіріссіз нәр беріп тұрған қан тамырлары іспетті. Экономикалық, қоғамдық қатынастардың жеделдігі мен баяндылығы сол жолдардың қаншалықты даңғыл да жүрдек екендігіне байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына қосу туралы алдымызға әрі күрделі, әрі айқын, сонымен бірге, халқымыздың әлеуеті мен жігері жетерлік бағдарлы міндет қойды. Осынау мұратты істі жүзеге асырудың стратегиясы мен тактикасын Президент «Нұрлы Жол» бағдарламасында жан-жақты ашып берді. Әрине, бүкілхалықтық қозғалыс дерлік бұл ұлан-асыр шаруа тағдыры автомобиль жолдарының сапасына, озық техникалық, технологиялық жарақтандырылуына да тәуелді екені аян.
Біздің акционерлік қоғам Елбасы тапсырмаларын орындау жолында, еліміздің барлық аймақтарын бір-бірімен және республика орталығымен, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыстыру үшін 2020 жылға дейін автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта жаңарту жобаларын жүзеге асыру үстінде. Осы жобалардың бірі – Қазақстан орталығын ең шалғай аймақ Маңғыстаумен ұтымды сабақтастыруға мүмкіндік беретін, жалпы ұзындығы 2470 километрді құрайтын «Орталық-Батыс» даму жобасы. Бүгінгі таңда Каспий жағалауы елдеріндегі жүк тасымалдары бойынша ең бірінші орында тұрған Ақтау теңіз портына шығатын бұл жобаны жүзеге асыру аса зор экономикалық маңызға ие. Өйткені, Қазақстан Ақтау порты арқылы әлемнің бірқатар елдеріне шығып, оларға жылына 1 миллион тонна жүкті тасып апарып, 8 миллион тонна жүкті тасып әкелуде. Бұл елде тауарлар мен азық-түліктің молаюына септесіп, халық шаруашылығына елеулі серпін беріп отыр. Сондықтан, «Орталық-Батыс» даму жобасының мерзімінде орындалуы Үкіметтің жіті назарында.
Атырау облысы орталығынан Доссор арқылы шығатын қайта жаңартылған автомобиль жолы аудан орталығы Бейнеуге жетіп тұр. Сөйтіп, негізгі қарқынды жұмыс қазыналы түбектің қалалары мен кенттерінің арасында және Ақтау портына түйісер аймақта жүріп жатыр. Мемлекетіміздің Маңғыстау автомобиль жолдары тараптарын қайта жаңартуға және жаңадан салуға зор мән беріп отырғаны соншалықты, мұнда осынау мақсатты шаралар барлық дерлік аудан орталықтары мен қалалар арасын қамту үстінде. Мұның себебі, біріншіден, Маңғыстау аса ірі өнеркәсіптік аймақ екіншіден, ол әлемдік мұхиттарға шыға алатын теңіз қақпасы, үшіншіден, ол автомобиль, су және теміржолдары арқылы бес бірдей мемлекетке – Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Әзербайжан және Ресейге төте шыға алады.
Маңғыстаудағы республикалық маңызды автомобиль жолдарының ұзындығы 1033 километр. Бұл өрмекші торындай болып Доссор – Құлсары – Бейнеу – Шетпе – Жетібай – Ақтау және Ақтау теңіз порты, Жетібай – Жаңаөзен – Түрікменстан Республикасының шекарасы, Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан Республикасының шекарасы, Ақтау – Құрық, Құрық – Жетібай араларын қым-қиғаш байланыстырып жатыр. Енді осы бағыттардағы жоспарлар қалай жүзеге асуда, соған зер салсақ. Мәселен, Атырау облысы шекарасы мен Бейнеу арасындағы 122 километр жол 2006-2008 жылдары қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. 40 километрлік Бейнеу – Манашы жолын «Атырау жолдары» серіктестігі биыл шілде айында бітірді. Манашы – Сайөтес және Шетпе – Боздақ ауылдары арасындағы жалпы ұзындығы 200 километр жолды «АлсимАларко» мердігерлік компаниясы 2014 жылы пайдалануға берді. Қазіргі таңда кепілдік мерзімде. Сайөтес – Боздақ ауылдары арасындағы 60 километр жолға жергілікті компания «Нияз-Мұхаммед» ЖШС қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үстінде. Бұл осы жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп отырмыз. Сондай-ақ, Шетпе – Жетібай – Ақтау арасындағы 170 километр жол бөлігіне «Дженгиз – Иншаат» (Түркия) мердігер мекемесі қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 2017 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге, Жетібай – Жаңаөзен жолын қайта жаңарту жұмыстарына конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме анықталған соң, жұмыс басталып кетеді деп белгіленді. Ал, Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан Республикасының шекарасы автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып болды. 2017 жылы басталады деп отырмыз. Ақтау – Құрық автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол 2015 жылы пайдалануға берілсе, Құрық – Жетібай жолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға ұсыныс берілді. Бұл жұмысты 2017 жылы бастау көзделген.
Маңғыстаудағы осынша кең ауқымды жұмыстар республикалық бюджет қаржысымен қатар Азия даму банкінің несиесі есебінен де жүріп жатыр.
Аталған жол бөліктерінде жол салудың жаңа технологиялары пайдаланылуда, атап айтқанда, қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетон және жер қабатын тұрақтандыратын цемент-дорзин қоспасы.
Жалпы, автомобиль жолдары бес техникалық категорияға бөлінеді. Бейнеу – Шетпе – Жетібай бөлігі II техникалық категорияға өткізілуде. Ал, Жетібай – Ақтау және Жетібай – Жаңаөзен бөлігі І техникалық категорияға өтеді. Бұл жолдарда төрт қозғалыс жолағы болады. Олардың аралары ұзына бойы кедергі металл тосқауылдармен бөлінеді. Бұл апат қаупін айтарлықтай кемітеді. Сонымен бірге, Қарағия, Ман Ата асуларында қозғалыс қауіпсіздігін күшейту үшін жолдың еңістігін барынша азайту жұмыстары жүріп жатыр. Ман Ата таулы асуы жол құрылысының ең күрделі учаскесі. Мұнда 1,5 миллион тоннадай таулы жыныс 30 метрдей тереңдікке дейін кеміріп алынып, шын мәнінде инемен құдық қазғандай шаруа тындырылуда. Тауды қайламен қиғандай терең даңғылдың елеулі бөлігі екі қабат асфальтталып үлгерді. Ман Ата асуында ауыр салмақты көліктерге төмен түсу мезгілінде қосалқы қауіпсіздік тұйықтары салыну үстінде.
Ерекше айта кетерлік мәселе – жол құрылысында пайдаланылып жатқан материалдар толықтай дерлік Қазақстанда шығарылады. Бұл еліміздің және облыстың өнеркәсіп салаларын, кәсіпкерлікті дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға қосымша септігін тигізуде.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты біздің экономикамызды өрістетудің қозғаушы күші болатынына қазірден бастап көз жетуде. Елімізде автомобиль жолдарын салудың нәтижесінде 200 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Ал, бұл дегеніміз халықтың жұмыспен қамтылуы және әрбір отбасында табыстың молаюы. Сондай-ақ, экономиканың басқа салаларына – цемент, металл, техника мен құрал-жабдық, битум өндірісіне, сабақтас қызметтерді дамытуға жол ашады. Осылайша, жолдар Қазақстанның қайнаған өмір арнасына айнала береді. Мәселен, бүгінгі таңда республикалық жолдардың салынуы облысымызда көптеген зауыттардың жұмысын жандандырып қана қоймай, мал шаруашылығымен айналысатын халықтың күнкөрісін молайтуда. Оған дәлел – облысымызда жол саласында жұмыс жасап жатқан 2400 жұмысшыны жергілікті кәсіпкерлер күніне сумен, сүтпен, етпен, басқа да тағам түрлерімен және техникаларды жанар-жағармаймен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп отыр.
Бейнеуде, Сайөтесте, Жетібайда, Батыр жаңа қонысында және Өзбекстанмен шекаралас Тәжен мекенінде тұрғындарға, жолаушылар мен автокөліктерге қызмет көрсететін арнаулы орталықтар ашу қарастырылып, жүзеге асырыла бастады. Ол жерлерге жергілікті билік органдары су, газ, электр қуаты желілерін жеткізіп беріп, кәсіпкерлер істі одан әрі өрістетіп әкетеді де, сол аймақтарда қонақүйлер, шайхана, дәмхана, дүкен, автокөліктерге техникалық қызмет, жанар-жағармай стансалары жұмыс жасай бастайды. Әлеуметтік тиімділік дегеніміздің өзі осы.
«Нұрлы Жол» бағдарламасынан қуат алған «Орталық – Батыс» жобасының жүзеге асуы Маңғыстау облысы мен бүкіл республика экономикасының дамуына, облыс арқылы халықаралық көлік қатынастарын және өңіраралық қарым-қатынастардың ұлғаюына және кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізбек.
Нұрланбек ӨМІРБАЕВ,
«ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының директоры