«Даму» қоры мен Алматы қалалық әкімдігі KassaҚарa және Астана банкіне «Даму Блиц» технологиясын жалғастыру үшін тағы 3 миллиард теңге бөліп отыр. Сонымен, паритетті негізде 2 миллиард теңге Астана банкіне және 1 миллиард теңге «Банк KassaҚарa»-ға бөлінді. Қаражат «Даму Блиц» технологиясын жалғастыру үшін берілді.
Отандық орта және шағын кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін жылына 7 пайызбен бөлінетін несие негізгі құралдарды жаңартып, жаңасын сатып алу үшін 84 айға дейін, айналымдағы қаражатты толтыру үшін 36 айға дейін теңгемен беріледі. Яғни бір несие алушының қолына 180 миллион теңгеге дейінгі сома тиеді.
«Жыл басынан бері «Банк KassaҚарa» АҚ, «Альфа Банк» АҚ және «Астана Банкі» АҚ арқылы Алматы мен Алматы облысында жүргізілген қанатқақты жобаның нәтижесі жақсы болды. Осы уақыт аралығында құны 780,5 миллион теңгенің 58 жобасы мақұлданды. Өтінімді қарау уақыты орта есеппен 7 күнді құрады. Біз «Даму Блиц» технологиясы бойынша бизнеске бөлінетін несиенің пайыздық мөлшерлемесін екі есеге дейін төмендеттік. Қазір ол жылына 7 пайызды құрайды. Бұл – Алматы қалалық әкімдігі тарапынан қосымша қаржыландыру болғанының арқасы. Сауда, қоғамдық тамақтандыру орны, қызмет көрсету саласымен қоса біз жеңіл өнеркәсіп, фармация, балаларға арналған дамыту орталықтары, хостелдер мен шағын қонақүйлер саласын қолдауды да енгіздік. Бұған стартап жоба иелері де қатыса алады», – деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Қаныш Тілеушин.
Жылдам несиелеудің төте жолы болып табылатын «Даму Блиц» технологиясы 2016 жылы қанатқақты жоба ретінде Алматы мен Алматы облысында екінші деңгейлі «Астана Банкі» АҚ, «Банк KassaҚарa» АҚ, «Альфа Банк» АҚ банктерінде енгізілген болатын.
Бұл технология жеңіл ресімдеп, 3-7 күн ішінде жедел несие беруді көздейді. Қанатқақты жобада үш бағыт іске қосылған. Олар: 3 миллион теңгеге дейінгі, 30 миллион теңгеге дейінгі және негізінен стартап жоба иелері үшін 20 миллион теңгелік несие. Барлық бағыт бойынша несиенің жылдық мөлшерлемесі бастапқыда 14 пайызды құраған болатын. Банктерде осы технологиямен жұмыс істейтін барлық менеджерлер консалтинг компаниясында оқытылды.
«Даму» қоры осындай жедел несиелеу тәжірибесін жыл соңына дейін басқа өңірлерге де енгізбекші. Астана мен Алматы қаласының кәсіпкерлері үшін 60 миллион теңгеге дейінгі шағын несиені қолдайды. Ал басқа өңірлер үшін 30 миллион теңгелік несие қарастырылған. Қарыз 84 айға дейін беріледі. Сонымен қатар, инвестицияға 60 айға дейін, айналымдағы қаражатты толтыруға 36 айға дейін берілетін 20 миллион теңгелік микростарт несие де бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ