Мектеп бітірушілер балы жасөспірімдер үшін естен кетпес елеулі оқиға екендігі белгілі. Олардың барлығы өмірде бір келер салтанатқа айрықша дайындалады. Әйткенмен, бұған мүмкіндігі болмай, арманы мен тілегін қиял кеңістігіне бүгіп қоятындар да баршылық. Осындайда, арамызда аталған мәселеге түсіністікпен қарап, жүрек жылуын шашып жүрген жандардың барлығына «мың шүкір» дегің келеді.
Атбасар ауданында мұндай бастаманы «Нұр Отанның» «Бақытты балалық» партиялық жобасы аясында Кәмила Омарова көтеріп отыр. Партия белсендісі биылғы жыл басынан бері сәнді көйлектер тігіп, салтанатты костюмдерді жинаған екен. Ол жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі отбасылар тәрбиесіндегі түлектер тізімін білім ордаларының директорларымен алдын ала келісіп жасаған.
– Қазірдің өзінде қыздар көйлегінің 30 данасы дайындалды, – дейді Кәмила Омарова. Оларға киімді бойларына шақтап жасандыру шеберханамызда атқарылады. Сондай-ақ, шаштаразымыз қызу жұмысқа кірісетін болады. Опа-далап мәселесі де шешімін тапқан. Қысқасы, қыздарымыз өздерін нағыз ару сезінетіндей жағдай жасаймыз. Жасөспірім бекзадаларымыз да заманауи сәнді костюмдерімен салтанат рухын көтере түспек. Осы бір шырайлы шараны жыл сайынғы дәстүрге айналдырсақ деген ойдамыз.
Кәмиланың бұл қызметі биылғы мектеп бітірушілер тойында лайықты бағасын алды. Ол мұндай шараны келесі жылы тағы жалғастырмақ.
Бақберген Амалбек,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы