• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

Атакәсіпке алғаш рет ескерткіш қойылды

373 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет Шопан атаға арналған мүсін қойылды. Тәуел­­сіздіктің 25 жылдығына орай, Бес­қарағай ауданының орталы­ғында, Омбы-Майқапшағай күре жолының бойында орналасқан ескерткішке зер салсаңыз, бір қолына жаңа туған қозыны көтеріп, екінші қолына таяғын ұстаған қарапайым еңбек адамының бейнесін көресіз. Алдына жайылып жүрген өрістегі қойлары мен оны күзеткен итінің жайғасуы да шынайы шыққан композициялық шешім. Бұл – ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан балаға мұра болып келе жатқан баба кәсібіне деген құрмет. Тас тұғырына «Ұлы дала еңбек­керлерінің даңқы арта берсін!» деген ұрансөз жазылған ескерткіштің бой көтеруіне осы өңірдің тумасы, меценат Қайрат Итемгенов демеушілік көрсеткен екен. Бұл күні атымтай азамат сонымен бірге аудан орталығында соңғы жылдары жемісті жұмыс істеп келе жатқан аумақтық оңалту орталығына шетелдік шағын автобусты сыйға тартты. – Бесқарағайлықтар үшін қой шаруашылығы таңсық емес. Ке­зінде бұл өлкеде 200 мыңнан астам қой өсірілген. Атакәсіптің даңқын асырған атақты шопандарымыз да болды. Қарап тұрсақ, елімізде металлургтер мен кеншілерге, меха­низаторларға, басқа да мамандық иелеріне арналған ескерткіштер болғанымен, шопанның мүсіні еш жерде бой көтермепті. Сондықтан, дала төсінде мыңғыртып мал өсірген еңбеккерлерімізді құрмет­теу – біздің парызымыз, – деді ауда­н әкімі Нұржан Тоқсейітов. Аудандағы қоғам белсендісі, зейнеткер Владимир Казинский қа­зақтың дархан даласын әйгілеген шопандарға құрмет көрсету Елбасы саясаты мен елдің береке-бірлі­гінің жемісі екенін атап өтті. Аталған шара аясында аудан орта­лы­ғында мерекелік концерт, ауыл­шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы