• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

Рио-2016: Жазира Жаппарқұл – Сян Яньмей тартысында кім жеңеді?

329 рет
көрсетілді

Бүгін Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындарда 69 килоға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша медальдар бөлісіне қатысатын қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұл бас жүлдеге үміткерлердің бірі болып саналып отыр. Оның бұл мақсатқа жете алуы мүмкін бе? Енді шетелдік және өзіміздің спорт сарапшыларының пікірлеріне сүйеніп, өз ойларымызды тарқатып, айтып көрейік. Біздің саңлаққа бұл жолда Қытайдың сайыпқыраны Сян Яньмей басты бәсекелес болатын түрі бар. Және алтын медальдің басты фавориті ретінде де сол Аспан асты елінің өкілі аталып отыр. Егер Жазира оны жеңіп шығатын болса, Қытайдың осы күндері даңқтары асып, асықтары алшысынан түсіп тұрған ауыр атлеттеріне бір тосқауыл қоюмен бірге, қазақ жастары арасында спорттың осы саласы бойынша Олимпиаданың чемпионы атанған бірінші өкілі болып шыға келер еді. Жасыратыны жоқ, осының алдында Корея спортшысы Ре Ын Хи допинг пайдаланғаны үшін дисквалификацияға ұшырағаннан кейін Жазираның жолы ашылып қалғандай болып көрінген. Қазақстандық атлет Алматыда өткен әлем чемпионатында тап осы қарсыласына есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтқан болатын. Ал Хьюстонда корей қызы өзінің мүмкіндіктерін барынша жарқыратып көрсете қойған жоқ. Шамасы, барлық жүлдегерлерді бақылауға алатын допинг-тексерістен сақтанса керек. Алайда, ол бәрібір тыйым салынған препараттарды пайдаланғаны үшін құрыққа түсіп қалды. Онымен бірге ресейлік Ольга Афанасьева да осындай қаһарға ұшырады. Осылайша әлемнің екі бірдей мықтысы Жазираның басты бәсекелестері сапынан шығып кетті. Бұған қоса, Ресей құрамасы бұл Олимпиадаға қатысу құқығынан айрылды. Сондықтан Жаппарқұл турнирде «алтын» үшін күресуге бел байлап отыр. Мұнда ол бір ғана қарсыласына – қытайлық Сян Яньмейге қарсы әрекет жасап бағады. Қазір әлемнің екі дүркін чемпионы деген атағы бар ханьзу қызы әлемдік рейтингте де жоғары тұр. Бұған қоса, ол Хьюстонда алдына жан салмай, тартысты күреске барынша дайын екенін байқатып та қойды. Америка жерінде Яньмей қоссайыста 263 кг жинаса, Жаппарқұлдың көрсеткіші 256 кг-дан қайрылды. Демек, қытайлық тұйғын 7 ұпай алға кетіп қалды. Бірақ онда Жазираның жарақат алған қолымен жарысқа қатысқанын да ұмытпауымыз керек. Олай болса, Рио жерінде екі атлеттің арасында нағыз кескекті күрес өрбуі тиіс. Мұнда қазақстандық атлеттің жұлдызы жоғары болып шығуы да ғажап емес. Турнирде 69 килоға дейінгі салмақта сынға түсетіндер арасынан сондай-ақ колумбиялық Лейди Есения Солис Арболеданы атап өтуге болады. Ол Алматыда өткен әлем чемпионатында бесінші орын алған болатын. Сол сияқты египеттік Сара Самир Ельсаед Мохамед Ахмед есімін де мамандар атап қояды. Ол Хьюстонда төртінші болған екен. Енді зілтемірші қыздардың старттық салмақтары турасында айтар болсақ, бұлардың арасындағы тапсырысы ең жоғары болып тұрғаны - Жазира Жаппарқұл. Ол жарысты бәрінен де ауыр салмақпен бастағалы тұр. Осыған орай біздің қыздың мүмкіндігі де жоғары болмақ. Ойындарда әйелдердің 69 кг салмақтағы сайысы 00:30 сағатта басталады. Ол «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ