• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Айзере – Ассамблея перзенті

328 рет
көрсетілді

Бейсенғали мен Жайнагүл осыдан тоғыз жыл бұрын отбасын құрған еді. Алайда екеуінің арасында осы кезге дейін бір перзент болмай келді. Әйтсе де бір-бірін шын сүйіп қосылған екі жас бұл жағдайға ішкі түсіністік тұрғысынан қарай білді. Жұбайлардың ұрпақ сүю үшін тексеріліп, қаралу жөнінде ортақ ұйғарымға келуі осы өзара түсіністіктің арқасы деуге болады. Өкінішке қарай, олардың дәрігерлерден естіген үкімі өте қатаң болды. Жасыратын несі бар – ұрықсыздық деген шешімді есту алғашқыда екеуіне де оңай тимеді. Үмітсіз шайтан дегендей, біраз жерге барып қаралды. Дегенмен, олардың сәбилі болу жөніндегі сапарлары мен қадамдары ешқандай нәтиже берген жоқ. Жұбайлар үшін осындай күрделі кезеңге бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Жайнагүлдің анасы Зәйда апай үлкен мейі­рімге толы асыл жүрегін алға тосып, оларды барынша қолдай білді.Үміттеріңді үзбеңдер, қарақ­тарым, бұйырса сендер әлі перзентті боласыңдар деген аналық ақ тілегін айтып жүр­ді. Ол кісінің айтқаны ай­ны­май келді де. Бейнелеп ат­қан­да, бұл, біріншіден, ана тіле­гінің қабыл болғаны десек, екін­шіден, Батыс Қазақстан об­лыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен Оңтүстік Корея­дағы «Чеиль» атты Сеулдегі кли­ника арасында жасалған ын­тымақтастық жөніндегі келісімнің нәтижесі еді. Өйткені, ерлі-зайыпты Ж.Отар­ғалиева мен Б.Қарабаев­тарға осы келісімге сәйкес атал­ған клиникада тексеріліп қа­ра­лу мен емделу үшін квота бө­лінген болатын. Осы орайда «Чеиль» клиникасы Корея Рес­публикасындағы әйелдер ден­сау­лығын қорғайтын көп қырлы мамандандырылған ірі ме­ди­циналық орталық екенін айта кеткен жөн. Жоғарыда атал­ған жоба өз бастауын өт­кен 2015 жылдан алатынын ескерсек, бүгінгі күні оның нақ­ты нәтижесінің болуы атап ай­ту­ға тұрарлық мәселе. Яғни, «Чеиль» клиникасында емделген қазақстандық жұбайлардың перзентті болуы – жобаның ал­ғаш­қы қадамының өзі нәти­желі болғанын көрсетеді. Сөйтіп, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде Жайнагүл өмірге періште-перзентті алып келді. Әрине, тоғыз жылдан кейін әке атанған отбасы иесі Бейсенғали Қарабаевтың қуанышында да шек жоқ екені айтпаса да белгілі емес пе?! Ол бізге өзінің ішкі сыры мен толғанысын былайша жеткізді. – Жайнагүл екеуміз ақ түйенің қарны жарылғандай бұл қуанышты күнді табаны күректей тоғыз жыл бойы күткен едік. Ойымыз орын­далды. Осы арада Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы корей этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Максим Пакке айтар алғысымыз мол. Оған шексіз риазамыз. Ол біздің жағ­дайы­мызды өте жақсы түсінді. Әрі келісімшартқа сәйкес, Кореяға барып емделуге кеңес берді. «Чеиль» клиникасы қызметкерлері бізді жылы шыраймен өте жақсы қар­сы алды. Мен онда бір апта бол­дым. Ал Жайнагүл бір ай ем­дел­ді. Содан соң көп кешікпей құр­сақ көтерді. Күні кеше ол Орал қаласындағы перзентханада аман-есен босанды. Өмірге қыз бала келді. Өкіл әкесі Максим Пак­тың ұсынысы бойынша біз оған Айзере деген есімді қойдық. Шыр етіп дүниеге келгенде оның сал­мағы 4330 килограмм, бойы 56 санти­метр болды. Осы арада Бейсенғали Қарабаев пен Жайнагүл Отарғалиева аталған келісімге сәйкес Кореяда емделген жалғыз отбасы емес екенін де ай­та кеткен жөн. «Чеильдегі» ем-шара­дан кейін Бөрлі ауданынан барған екінші бір отбасылық жұп та бүгінгі күні бөбек күтіп отырғаны қан­дай ғанибет. Ал перзентке зар бол­ған үшінші жұп барлық қа­жет­ті емдерді алу үшін алдағы қазан айында Сеулге аттанғалы отыр екен. Ойымызды түйіндей айтқанда, Айзере – Ассамблеяның төл пер­зенті деуге болады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Ко­рея­ның «Чеиль» атты Сеулдегі клиникасы арасында қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі келісім қағаз жүзінде қалмай, нағыз жанды іске айналғаны да үлкен мерей. Мемлекет басшысы, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қоғамдық институттың эконо­ми­калық және саяси тұрғыдағы жауап­кершілігіне қоса, әлеуметтік бағыттағы атқарушы рөлін одан әрі көтеру қажеттігі жөнінде ұдайы айтып келеді. Ассамблея қызметі бірінші кезекте қоғамдағы бір­лік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Әйтсе де оның сан қырлы істері, жоғарыда аталғандай, атаулы әлеуметтік көмектерден де көрініс тауып жатса, оның ешқан­дай артықшылығы жоқ. Айталық, сәби сүюді көксе­ген өзге елдер отбасылары үшін Корея­да емделу құны 15 мың АҚШ дол­ларын құраса, жасалған келі­сімнің нәтижесінде бұл күр­делі процедура қазақстандық от­ба­сылар үшін 6 мың долларға де­йін төмендепті. Әрине, оның бас­ты негізі Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастық келісім екені белгілі. Екіншіден, бұл арадағы басты мәселе тек ақша десек, ұш­қары­лыққа ұрынар едік. Керісін­ше, бұл арада басты гәп ақша емес, бүгінгі күні өзіміз куә бо­лып отыр­ған тамаша нәтиже десек, шын­дыққа біршама жақындай түсерміз. Қысқасы, бұл тек бір ғана корей ор­талығының емес, сонымен бірге, республикадағы барлық эт­но­­мәдени бірлестіктердің жемі­с­ті қызметінің көрінісі, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құра­мын­­дағы барлық облыстық Ассам­­блея­лардың сергек көзқарастары мен нақты іс-қимылдарының нәтижесі дей аламыз. Олардың қарапайым жандарға әлеуметтік қолдау жөніндегі осындай ізгілікті істері одан әрі жалғаса берсе игі. «Тал өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» демей ме хал­қы­­мыз. Гүлдей жайнап өсе бер, Ас­сам­блея перзенті Айзере!  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ Суретте: Айзерені перзентханадан шығарып алу сәті