• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Елбасының елдестірудегі еңбегін жоғары бағалады

297 рет
көрсетілді

Түркияның таралымы ең көп басылымы «Хурриет» газетінде 8 шілде күні Ресеймен арадағы шиеленісті шешуге себепкер болған маңызды дипломатиялық оқиға туралы мақала жарияланды. «Түркия мен Ресейді бітімге келтірген дипломатиялық оқиға туралы» деп аталатын мақалада Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық қатынастардағы ерен еңбегі жайында айтылады. Беделді басылым Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Түркия мен Ресей қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін Санкт-Петербургте және Ташкентте Ресей Президенті В.Путинмен кездескенін айтады. Нәтижесінде Елбасының кеңесімен Түркия Президенті Р.Ердоған өз атынан хат әзірлеп,  ол кешікпей Ресей Президентіне жөнелтіледі. Аталған хат шешуші рөл атқарып, екі ел арасында келіссөздер жүре бастады. Бұл әлемдік қоғамдастық үшін үлкен жаңалық болғаны белгілі. Осы оқиғаларды автор Түркия Президенті Әкімшілігінен алынған нақты айғақтарды келтіре отырып, егжей-тегжейлі баяндайды. Сондай-ақ, ол Ресей мен Түркия арасындағы сірескен сеңді бұзып, достық қатынастарды қайта жандандыруға ықпал еткен хатты әзірлеуге Қазақстан дипломаттарының атсалысқаны айтылады. Қазақстан басшысының мәмілегерлік шешімдерінің арқасында көршілес іргелі мемлекеттердің қарым-қатынасы түзеліп, күні кеше Реджеп Ердоғанның Санкт-Петербург қаласында Ресей Президентімен кездесуіне ұласқаны белгілі. Мақала авторы «...Анкараға алғашқы болып, билікке қолдау көрсету мақсатымен Н.Назарбаев келді», деген жолдар арқылы Елбасының таяуда ғана Түрік Республикасына ресми сапармен барғанын атап өтеді.  Бұл сапар туралы айта кетер болсақ, бауырлас елдегі жүзеге аспай қалған әскери төңкерістен кейін осы елге алғаш болып барған Н.Назарбаевты Реджеп Тайып Ердоған ресми сапар мәртебесіне лайық барлық жөн-жоралғымен қарсы алған болатын. Түркия мемлекеті басшысының: «Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен келуі мен үшін, елім үшін және ұлтым үшін үлкен абырой болып тұр. «Жаман жігіт басын арашалайды, жақсы жігіт досын арашалайды» демекші, бұл ресми сапар Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықты ойлайтын шынайы достығын айғақтай түседі», деп ағынан жарылғаны да есімізде. «Хурриет» газеті Түркияда аса жоғары беделге ие екенін жоғарыда атап өттік. Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық аренадағы мәмілегерлік рөліне жоғары баға берген бұл мақала басқа да шет мемлекеттердің БАҚ-тарында жарияланып жатыр. Бүгінгі таңда Түркияның белді басылымдарында жарияланған мақалаларда, әлеуметтік желілерде Ресей мен Түркия арасындағы шиеленістің түйінін шешіп, тоңтеріс қатынастардың түзелуіне ықпал еткені үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірушілердің қатары көп. Атап айтқанда, 8 тамыз күні Ыстанбұл шаһарында демократиялық режімді қолдап, алаңға шыққан жүздеген мың түрік азаматтарының арасында Қазақстанның мемлекеттік туын көтерген, Қазақстан Республикасы Президентінің атына алғыстарын айтқан түрік бауырлар аз болған жоқ. Бұл олардың елдің басына бұлт үйірілген алмағайып уақытта бауырлас халыққа шынайы достық пейілін көрсете білген, Түркі әлемінің лидеріне тән мінез бен бітімгерлік қасиетін айқын көрсеткен Елбасына деген шынайы құрметінің белгісі деп білеміз. Әзірлеген Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»