Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің қатысуымен брифинг өтті. Осы жиында айтылғандай, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруға байланысты есептілік күшейтілмек.
Үкіметтік емес ұйымдар шетелдерден алынған қаржы мен оның кәдеге жаратылуы туралы бір тоқсанда бір мәрте есеп беруге тиіс. Егер қаражат бір тоқсан ішінде жаратылса, келесі тоқсанда мәлімет берілмейді. Заң жүзінде қаржылай көмектің көлеміне шектеу қойылмақ емес, тек оған тиісті мәліметтер уақтылы берілсе болғаны.
Комитет төрағасы атап өткендей, бұл айтылған мәселелер шетелден берілетін түсімдерге мониторинг жасау үшін қолға алынып отыр екен. Оның кәсіпкерлік салаға қатысы жоқ, бизнеске қосымша ешқандай салмақ салынбайды.
Д.Ерғожин осы жиында мемлекеттік органдардың стратегиялық мәліметтер базасына он-лайн қол жеткізуге, салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету мақсатында оларға бір жерден қызмет көрсетуді ұйымдастыруға көңіл бөлінетінін айтты. Бұл орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына үлкен міндет жүктеліп отыр. Аталмыш корпорация халыққа қызмет көрсету орталықтарын бірыңғай жүйеге біріктіруге мұрындық болуға тиіс.
– Бизнес пен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсаруы керек. Салық пен кеден қызметіндегі біріктірулер осы салада туындаған мәселелерді шешудегі алғашқы қадам деуге болады. Комитет салық пен кеден жүйелерін интеграциялауға мүдделі. Біздің барлық жұмыстарымыз клиенттерге сапалы қызмет көрсетуге, бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ал салық пен кеден жүйелерін біріктіру қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Дәулет Ерғожин.
Өткен жылы еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаны белгілі. Комитет төрағасы атап өткендей, ДСҰ импорттаушы елдерге тауарларды кеден баждарының төмендетілген мөлшері бойынша әкелуге жол ашады. Яғни, ішкі нарыққа әкелінетін тауарлардың арзандауына мүмкіндік тумақ.
Бүгінде Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, дағдарыс кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету, әкімшілік рәсімдерді одан әрі жетілдіру мәселелерін қолға алуда. Комитет төрағасының айтуынша, бұл мәселе бизнес пен мемлекеттік органдар өзара тиімді жұмыс істеуі кезінде ғана шешім таппақ. Бизнес салықты уақытында әрі толық төлеген сайын мемлекеттік орган да оны ресімдеу шараларын жеңілдете беруді көздеп отыр. Дәулет Ерғожиннің айтуынша, мұндай қадамдар қазірдің өзінде жеміс беріп, көлеңкелі экономиканың үлесі біршама азайып келе жатыр.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»