Зауыттан сонау 1935 жылы шыққан Mercedes-Benz 500K Special Roadster-1935 автокөлігі аукцион арқылы сатылмақ. Бұл көліктің коллекциялық құндылығын айтпағанда, тарихының өзі жұртшылықтың қызығушылығын тудырып отыр.
«Родстер» деп қысқартылып айтылатын көлікті Ганс Прим деген неміс 1935 жылы сатып алған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде иесі тұтқынға алынады. Сөйтіп, соғыс аяқталар тұста бар болғаны 500 данамен шыққан, көздің жауын алатын қымбат көлікті америкалық солдаттар АҚШ-қа алып кетіпті.
2011 жылы голландиялық коллекционер Франс ван Харе көлікті 3,7 миллион долларға сатып алып, Еуропаға қайта әкеледі. Ван Харе қымбатқа алған көлігін жұртқа көрсетпек болып, Германияда өтетін классикалық машиналардың көрмесіне апарыпты. Сөйтсе, жергілікті полицейлер оның меншігінің заңдылығына күмән келтіріп, көлікті тәркілейді.
Бұл оқиғаның соңы үлкен дауға айналып, ақыр соңында сот «Родстерді» 70 жыл бұрын АҚШ-қа заңсыз әкеткен деген шешім шығарды. Сөйтіп, арада талай жыл өткенде, жұмыр жердің жартысын шарлап шыққан көлік кезінде зауыттан сатып алған Ганс Примнің бүгінгі ұрпақтарына берілді.
Енді қожайындары 70 жылдан кейін қайтарып алған көлікті аукцион арқылы сатып, шамамен 7 миллион еуро пайда көруді жоспарлап отыр.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»