• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Алға сүйреген бір үміт

474 рет
көрсетілді

Мен ұзақ жыл атамекенімнен жырақта жүрдім. Өзбекстанның Науаи облысында туып-өсіп, осы об­лыстағы қазақ тілінде оқы­татын орта мектепте білім алдым. 1983 жылы Н.В. Гоголь атын­дағы Қызылорда педагогика инс­титутының филология факуль­тетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі мамандығы бо­йынша бітірдім. Содан 2005 жылға дейін Өзбекстанның  Науаи облысындағы орта мектеп­терде оқытушы, қазақ тілінде шығатын аудандық  «Кенимех таңы» газетінде тілші қызметтерін атқар­дым. Осы жылдар аралығында түрлі тақырыптағы өлең, мақала­ларым республикалық басылым­дарда жарияланып тұрды. Әсі­ресе, «Алтын бесік» журналында «Әлем қазақтары сыр шертеді» айдарымен жарық көрген  «Қал­даш жырау» атты мақалам менің атамекенге  жетсем деген тал­пыны­сымды күшейтіп, көңіліме қанат бергені әлі есімде. Сол жур­­налды қолыма алып, өз мақа­ламды қадалып оқыған сәттегі қуа­нышым, атақонысыма деген  сағы­нышым, туған тіліме деген сүйіс­пеншілігім – арманға толы жыр шумақтарымның арқауына айналды. 2005 жылы атажұртқа қоныс аударып, Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы орта мек­тепке уақытша  жұмысқа қа­былдандым. Бос орын бол­мағандықтан, бір жылдан соң  жұмыстан шығып қалдым. Осы облыстағы білім ордаларының бірінде тағы бір жылға жуық өз пәнім бойынша дәріс бердім. Қысқасы, екі-ақ  жыл ұстаздық етіппін. Иә, жылдар жылжып өте берді. Жұмыссыздық жаныма батты. «Алдамшы елес сықылды  үміт қуып» деп Қасым ақын айтқандай, жұмыссыз жүрген күндеріме, жылдарыма ішім ашиды, өкінемін. Жуырда газеттен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы  бойынша оңтүс­тіктен солтүстікке қоныс аудару­шылар  туралы оқып, білдім. Мен де Солтүстік Қазақстан об­лысына бару мақсатында Т­араз қаласындағы жұмыспен қам­ту бөліміне өтініш жазып, тиісті құжаттардың кө­шір­мелерін тапсырған едім. Бі­рақ солтүстіктен әлі хат-ха­бар жоқ. Телефон арқылы тіл­дескенімізде «Бос жұмыс орындарын іздестірудеміз, сіздің түйіндеме, сауалнамаларыңызды тиісті орындарға жолдадық», деді олар. «Қимылдаған қыр асар» де­мекші, өзім де бекер жатпай, өз кәсібім бойынша жұмысқа орналассам деген ой-арманымды қағазға түсіріп, солтүстіктегі қазақ тілінде шығатын басы­лым­дардың біріне жолдадым. Аудандық газеттерден, білім ордаларынан бос жұмыс орын­дары табылып қалар деген ой қолыма қалам алғызды. «Осындай маман қажет еді» деп ешкім хабарласпаса да, үмітімді үзгім келмейді, келер күндерге сеніммен қараймын. Өйткені,  «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020»  бағдарламасы – маған берілген бір мүмкіндік, алға сүйреген бір үміт. Ішкі көші-қон мәселесімен шұғылданушылармен ой бөліс­кенімде, олар «Осы бағдарлама арқылы өз кәсібіңіз бойынша жұмысқа орналасатындығыңызға сене беріңіз», деген еді. Лайым солай болғай! Құттымұрат РАМАНҰЛЫ Жамбыл облысы, Шөлдала ауылы