• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2016

Тақтадағы қара таңба қашанғы тұрмақ?

365 рет
көрсетілді

Биыл Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толды, ол ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтілмек. Демек, әлемдік қоғамдастық тарапынан да еңбегі мойындалған тұлға. Әлихан Бөкейхановқа арналған ғылыми-практикалық конференция Қостанайда да өтті. Онда әлихантанушы ғалымдар Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірін Әлиханның атына беруді ұсынды. Біртуар қайраткерге арнал­ған ғылы­ми-практикалық кон­ференцияға қатысу­шылардың ұсынысы – ұсыныс-ақ. Тіпті, алдымен орталықтағы тарихи ғима­рат­тар­дың бірінің қабырғасына Әлихан Бөкей­хановтың өңірдің алғашқы басшысы болғаны ойып жазылған ескерткіш тақта ілінсе несі айып? Тасқа қашалған сөз­дің тастай салмағы, оған жұрттың да иман­дай сенімі болады. Оның тәрбиелік, таным­дық, патриот­тық мәні тереңдей түсер еді. Алайда, «Алдымен барды бағалай алдық па?» деген қисық сұрақ көлденеңдейді. Қостанай қаласының орта­лығында 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілісінің батыры Аман­гелді Иманов пен жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары Қостанай уез­дік кеңесінің алғашқы төрағасы Лаврен­тий Таранның өз аттарындағы қатар түс­кен көшелерде олардың ескерткіш-бюс­тері орналасқан, ескерткіш тақталар ілін­ген. Батырға Кеңес Одағы кезінде ілін­ген сол тақтада тек орыс тілінде: «Аман­гель­ды Иманов 1873-1919 гг. Леген­­дар­ный герой казахского народа. Один из руко­во­ди­телей национально-осво­бо­ди­тель­ного восстания 1916 года в Казах­стане. Ак­тив­ный борец за установление Со­вет­ской власти в Тургайском уезде. Звер­ский убит алашординцами 19 мая 1919 года.» деп жазыл­ған. Биыл өңірде ұлт-азаттық көте­рі­л­ісінің 100 жылдығы мен облыстың құ­рыл­­ғанына 80 жыл толуына да қызу дайын­­дық жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жыл­­дығы тағы бар. Ал Амангелді батыр­ды «алаш­ордашылардың айуандықпен өлтіргені» жа­зылған ескерткіш тақта 25 жыл бойы тапжылмай ілулі тұр. Тәуел­сіз­дік жолында басын бәйгеге тіккен Алаш арыс­тарының «халық жауы» атанып, сүттің қаймағындай сыпырылып тастал­ғаны былай тұрсын, сол ардақтылар ағаш атқа мінгізілген қызыл саясат жылдары ілінген осы тақтаны ширек ғасыр бойы облыстағы идеология божысын ұста­ған басшылар да, мәдениет саласын бас­қар­ған көк аттылар да байқамады, көзі көр­генмен, көңіліне ілген жоқ. Оған азамат­тық қоғамнан қозғау салғандар да бой көрсете қоймады. Көктемде «Нұр Отан» партиясы жа­нын­­дағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің он­лайн отырысы болды. Сонда Парламент Мә­жі­лі­сінің депутаты, бел­гілі қоғам қай­рат­­кері Қуаныш Сұлтанов Тәуелсіздік, Мәң­гі­­лік Ел идеологиясы туралы ой қозғай келіп, жергілікті мем­лекеттік қызмет­кер­­лер, әкімдік пен құзырлы органдар тара­­пы­­­нан түймедей мәселенің бюро­кра­­тия­­ға салы­натынын, әсіресе, адам­дар бойында мем­ле­кетшілдік сезім туғызу, ұлт­тық құн­ды­лықтарды ардақтау­ға келгенде сенікі, менікі демей кірісіп кетудің жет­пей­тінін айтып еді. Күзге қарай аталған мере­кенің бәрі тойланады, киіз үй тігіліп, ат шаптырып, балуан күрестіріп, жұрт мәре-сәре болысып тар­қай­ды. Той бір-екі күнде зу етіп өте шық­қан соң, өмір қайтадан қал­пы­на түседі. Амангелді көшесінен өт­кен­дер сұр тақта­дағы «Алашордашы­лар айуан­дықпен өлтір­ген» деген жазуға бір қа­рап қойып, «Е, батыр­дың ажалы қайдан бол­ды деңіз» деп самарқау өте шығар ма екен? Расында, мәрмәр тақта тапжылмай тұра берер ме екен? Сілкінбейтін санамыз секілді... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ