Қызылорда автобус паркі тағы да жаңа 40 қоғамдық көлік алды. Келесі айда тағы 42-сі келеді. Осылайша, қаладағы халық көп қатынайтын маршруттардың автобустары түгелдей жаңармақ.
Барлық автобустар газбен жүреді, GPS, бейнебақылау камералары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мініп-түсуге арналған аппарельмен жабдықталған. Олар 78 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Көлік жүргізушілері мен кондукторлар арнайы дайындықтан өткен. Жаңа автобустардың іске қосылуымен 160 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Қазір арнайы белгіленген аймақта сыйымдылығы 200 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысы жүргізілуде. Автобус паркінде көлік жөндеу, жуу цехы мен GPS арқылы барлық автобустардың бағытын бақылап отыратын орталық болады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды жаңа автобустардың іске қосылуымен құттықтады.
– Көптеген жылдар бойы халықты әбігерге салған осы қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында біз 2014 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан Қызылорда автобус паркін құрып, Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде банк 21 миллион АҚШ доллары көлемінде несие берді. Бүгін қызылордалықтар үшін айрықша күн, салтанатты сәт. Қала халқының көптен күткен қуанышы орындалып, су жаңа үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр, – деді облыс әкімі.
Шараға Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман арнайы келіп қатысып, автобус жүргізушілеріне кілттерді табыстады.
Ал бұған дейін елге қызмет еткен автобустар қаланың шет аймақтарынан жолаушы тасымалдайтын болды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА