• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Сенделген күндерімнің сұрауы кімнен?

387 рет
көрсетілді

Барар жер, басар тауы қалмаған соң, мен сияқты қарапайым шаруа адамына әділдік іздеу оңайға түспейді екен. Құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне қанағаттанбағандықтан бірнеше басылымға хат та жаздым. «Еркін» шаруа қожалығының басшысы ретінде жерден нәпақа іздеймін деп, ауру тапқан менің бұл ішкі жанайқайымды естір құлақ, көрер көз табылмай отыр. Сондықтан да ел газеті – «Егеменге» жүгінгенді жөн көрдім. Сонау 1999 жылдың 30-шы нау­рызында Алматы облысы Сарқан ауданының әкімі А.Харченконың №3-221 шешімімен маған «Ақтұма» өндірістік кооперативінен 40 гектар жер телімі (20 гектар шабын­дық және 20 гектар суармалы) тұрақты пайдалануға берілген еді. Соның суармалы жеріне 1999 және 2000 жылдары егін егіп, отбасын асырауға қажетті ризық алдым. Оны менің жерімді өңдеп, егін егуге өз техникаларымен көмек көрсеткен Ғ.Ибрагимов та анықтама арқылы растап отыр. Сонымен қатар, Черкасск ауылдық округінің әкімі Т.Битимбиев те жерді пайда­ланғанымды біледі және тиісті анықтама да берген. Ал сол жерімді Сарқан ауданының әкімі 2002 жылғы 5 ақпандағы шешімімен еркімнен тыс алып Б.Жақсыгелдиновке беріп қой­ды. Жерге деген құқығымды қайтару үшін Сарқан аудандық сотына 5 рет, ал ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына 8 рет арыздандым. Содан 2005 жылдың 2 ақпанында Сарқан аудандық сотының шешімімен әлгі жер телімі өзіме қайтарылғанымен, ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының 2009 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен Б.Жақсыгелдиновтің жерге деген мемлекеттік тіркеу актісінің күші жойылғанша өз жеріме иелік ете алмадым. Қиналғаным сондай, оқу жасындағы үш баламмен ағайындарымды паналап, Талдықорған қаласына көшуге мәжбүр болдым. Күнкөріс нәпақа көзінен айырылып қалудың соққысы өз алдына, сонымен қатар ден­саулығым да күрт төмендеді. Сарқан аудандық сотына «Сар­қан аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінен 2001 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықтағы 8 жылдық өнімнің құны ретінде 3360,0 мың теңгені өндіріп беруді сұрап жүгінгенімде олар менің 2000-2001 жылдарда материалдық қиындықтарға байланысты жерді пайдалана алмағандығымды, сол себепті де салық төлемегендігімді алға тартты. Егер салығымды дер кезінде төлемесем, онда салық комитеті әкімшілік шара қолданатын еді ғой. Сарқан аудандық жер қаты­настары бөлімінің бұрынғы бастығы М.Әбдірахимов сотта берген түсініктемесінде Н.Жақыпов жер телімі құжаттарын уақытында реттемеген және жерді мақсатты пайдаланбаған дейді. Ал мен 2000 жылдың күзінде облысқа барып құжаттарымды куәландырайын деп аудандық жер қатынастары бөліміне жүгінген едім. Алайда, М.Әбдірахимов құжаттарымды бермеді. Сол себептен 1999 жылғы 30 наурыздағы аудан әкімінің шешімімен берілген жер теліміне мемлекеттік тіркеу актісін ала алмадым. Бірақ Жер кодексінің 12-бабы 9-бөлімі бойынша жерді пайдалануға толық құқығым бар еді. Тағы қайталап айтамын, заңда жерге мемлекеттік тіркеу актісін рәсімдеудің нақты мерзімі көрсетілмеген. Олай болса, бұл жайт оны басқа біреуге беріп жіберуге негіз бола алмайды. Оның үстіне менің шаруашылығым аудандық жер қоры мен салық комитетіне «Еркін» ШҚ» болып есепке алынған. Осылайша Жер кодексінің талаптары ескерілмей, бір жер теліміне екі қожалықты таластырып қойды. Бұл жағдай менің денсаулығыма қатты әсер етті. Әсіресе, жүрек ауруы жүйкем сыр бергендіктен асқынып, қайта-қайта ауруханаға түсе бердім. Нәтижесінде 2001 жылы үшінші топтағы, 2003 жылы екінші топтағы мүгедек атансам, ал 2005 жылғы инфарктен кейін екінші топтағы мүгедек болып қала бердім. Сондықтан да Алматы облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына жүгініп, «Сарқан аудандық жер қаты­настары бөлімі» мемлекеттік мекемесінен 2001 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықтағы 8 жылдағы өнімінің құны ретінде 3360,0 мың теңге өндіріп беруді талап еттім. Жауапкер ретінде қатысқан «Сарқан аудандық жер қатынастары» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Байжұманов менің өз жерін ешқашан өңдемеген және тұқым сеуіп өнім алмаған дегенді алға тартып, менің талап арызымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Енді істі қайта қарауға ұсыныс жасасам болды, өз құқымның бұзылғанын 2008 жылғы көктемде білгеніммен дәл сол жылы сотқа жүгінбегендігімді, сондықтан мұн­дай жағдайда сот актілеріне наразылық келтіруге құқықтық мүм­кіндіктер бермейтіндігі алға тартыла береді. Бұл орайда жерді пайдалану құқығым маған тек 2009 жылдың 28 сәуірінде ғана қайтарылғандығын қаперге алсақ, 2008 жылы менің құқығымның бұзылғанын білгенімді немесе сезгенімді кім, қалай анықтапты? Маған және менің отбасыма тиесілі жер телімін қайтарып алу үшін қаншама уақыт пен қаржы кетті. Одан қалса, жүйкеге қаншама салмақ түсті. Соның өтемі ретінде «Сарқан аудандық әкімдігі аппараты» мен «Сарқан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемелерінен моральдық шығын ретінде 1000000 (бір миллион) теңге өндіріп алуды толығымен қанағаттандыруды сұрадым. Бірақ орындалар емес. Сондықтан менің жанайқайымды естір жан бар ма екен деймін. Енді жерімнен уақытша болса да айырып, оны әбден пайдаланып алып, сосын кері қайтып бере салғандарға және осыған мүм­кіндік туғызып отырған құ­зырлы органдардың жауапты қыз­меткерлеріне ешқандай жаза қол­данылмай қала бере ме?!.. Нұрдәулет ЖАҚЫПОВ, зейнеткер