• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2011

Ауылдықтар асулары

418 рет
көрсетілді

Ғ.Мүсірепов ауданы шалғайда орналасқан. Сол себепті тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініш-тілектер жиі айтылып жататынына тү­сіністікпен қарауға болады. Алайда, күрделі проблемалардың орайымен шешілуі алыс-жақынға тіреліп тұрмағанын, жұртшылықты мазалаған жайларды ба­қы­лауда ұстап, табандылықпен орындай білсе, алынбайтын асу болмайтынын жергілікті билік орындары жақсы біледі. ЕСЕПТЕ БӘРІ  ЕСКЕРІЛЕДІ Осы жолғы есеп те ұсыныс-пікір­лер­дің жан-жақты ескерілетінін анық бай­қат­ты. Аудан әкімі Марат ТАСМАҒАН­БЕ­ТОВ өзінің қорытынды есебін Елбасының ха­лыққа ар­наған Жолдауынан бастап, алдағы міндеттерді саралап берді. Әкімді жиі көріп жүрсе де, тағы не айтар дегендей, жиналғандар оның әр сөзіне мұқият құлақ тосты. Ең бастысы, елді мекендерді дамыту­дың аумақтық бағдарламасы кезең-ке­зеңмен іске асырылып келеді. Соның нә­ти­жесінде әкім­шілік құрамындағы 19 ауыл­дық округ пен 68 ауылдағы әлеу­мет­тік-мәдени нысандар күр­делі жөндеуден өтіп, жаңа нысандармен толығып, сәні кіріп қалды. Бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға 3,5 миллиард теңге бө­лін­ді. Алғашқы жылдары бір тұр­ғынға жергілікті бюджеттен 3418 теңге жұмсалса, был­тыр 7218 теңгені құрады. Жү­йелі ат­қа­рылған мұндай шаралар елді мекен­дер­де жұмыс істейтін бюджет қызмет­кер­лерін әлеуметтік жағынан нығайтып, жас ма­мандарды тұрақтандыруға, тұрмыс, кә­сіби, білім деңгейлерін көтеруге айтар­лықтай ықпал етті. Заңдармен қарас­ты­рылған жағдайларды жасаудың арқасында /бір жолғы жәрдемақы төлеу, тұрғын үй алуға әлеуметтік қолдау, несиелік жеңіл­діктер, т.т./ «Дипломмен – ауыл­ға!» баста­ма­сын қолдаушылар қатарының арта түскені байқалады. Бұрындары ауданда жастарды жұ­мыс­қа орналастыру шешілмейтін мәселедей кө­рінетін. «Жол картасы» аясында жастар прак­тикасы қолға алынғалы жаңа жұмыс орын­дарын ашуға айтарлықтай қаржы жұмсалды. Колледж, кәсіби лицейдің тү­лек­тері кәсіп­орындардан тәжірибеден өтіп, тұрақты жұ­мыс­тарға орналасты. Ең­бекақыны уақы­тылы төлеу жайы да тұ­рақ­ты шешімін тапты. Жалақымен толық есеп айырыспаған 12 мекемеге айыппұл са­лынып, әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Мұнда электр қуатының бағасына бай­ланысты мәселе әлі шешілмей келеді. Қанша айтылса да, көкшетаулық энер­ге­тиктер тұ­тыну құнын арзандатар емес. Есепті жиынға келгендер мал жайы­лымын ұйымдастыру, жемдік азықпен қамтамасыз ету, мектептердің материал­дық жағдайын нығайту, жол сапасын арттыру, спорт жабдықтарын сатып алу мәселелерін көтерді. Бірқатар өтініштер қолма-қол шешілді. КӨШБАСШЫ АУДАН АХУАЛЫ Тұрғындар алдындағы есебін ал­ғаш­­қы­лардың қатарында аяқтаған Ақжар ауданының әкімі А.ТАСТЕМІРОВПЕН әңгімелескен едік. – Ағзам Ахметжанұлы, есепті кездесулер қалай өтті? – Ауыл әкімдерінің – 24, аудан әкі­мінің 13 есепті кездесуіне тұрғындардың 44 пайызы қатысып, 153-ке жуық пай­далы ұсыныс-өтініштер айтылды. Олар негізінен ауыз су, жол, елді мекендерді жа­рық­тандыру, ұялы телефондар орнату, әлеу­меттік нысандарды жөндеу мәсе­ле­лерін қамтыды. Жұртшылықты мазалай­тын сауалдар тиісті орындарға тапсыры­лып, қатаң бақылауға алынатын болады. Сөз арасында 2010 жылы 217 ұсыныс тү­сіп, ойдағыдай шешілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, аудан орталығы – Талшық кен­тінде автостанса салу аманаты орын­далды. Оны қайтадан қалпына келтіруге 13 миллион теңге жұм­салды. Көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Смағұл Сә­дуақасов атындағы та­рихи-өлкетану мұра­жайының тұсаукесері болды. Қорытынды есепке облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, төрт ауылдық әкімге көліктің кілттерін табыс етті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жуырда ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін іске қосқаны мәлім. Есепті жиында Серік Сұлтан­ға­зыұлының «Сандық теледидар – әр үйге» бастамасы қолдау тауып, спутниктік бай­ланыс­тың алғашқы жиынтығы соғыс және еңбек ардагері Валентина Со­коловскаяға тарту етілді. – Сіз басқаратын аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бо­йынша көш бастап келеді екен. Табыс сырына тоқтала кетсеңіз? – Оның ешқандай құпиясы жоқ. Жетістікке жету жолдарын есепті баяндамамда айтып бердім. Былтыр жаздың қуаңшы­лы­ғына қара­мастан, 327 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың түсімділігі 14 центнерден ай­налды. Диқандарымыз егіншілік мәдениетін, егін себудің озық тех­нологияларын жақсы меңгерген. Көктемгі, күзгі дала жұмыс­та­рының 60-70 пайызы өнім­ділігі өте жоғары егіс кешендерімен атқарылады. Соңғы жылдары тұқымның сапасы да айтарлықтай жақсарды. Былтыр жалпы құны 2,5 миллиард теңге болатын 3 үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық жоба іске асты. Олардың бәрі ауылдық жерлерде орналасқан. Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселе­ле­ріне ерекше көңіл бөлінді. Кездесулерде сөйлеушілер осы жағын баса атап көрсетті. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы қолдау мен разылыққа ие болды. Нақтылы шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде былтыр 1106 адам жұмысқа тартылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясын­да 78 жас маман жұмысқа орналасты. 120 адам кәсіптік қайта дайындықтан өтіп, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шықты. – Ауылдықтар үшін қандай мәсе­лелер әлі өткір саналады? – Есепті кездесулерде сапалы ауыз су мәселесі жиі көтеріледі. Бұл – ауылдықтар үшін әлі де түйткілді мәселелердің бірі. Ау­данда егіншілік жақсы дамып келе жат­қанымен, келелі мәселелердің бірі мал шаруашылығын өркендетуге келіп тіреледі. Биылдан бастап қомақты жобаларды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Атап айтқанда, Дәуіт, Ақжарқын ауыл­да­рында мал бордақылау және сүт өндіру кешендері, қасапханалар салынады. Кәсіп­кер­лік саланың қызмет көрсету аясын ке­ңейту, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарса­ңында елді мекендерді абаттандыру, көше­лерді жөндеп, көгалдандыру бағытында да қыруар жұмыстар күтіп тұр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.