16 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен оның өтініші бойынша кездесті. Кездесуде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Джон Ордвейді алдағы болатын Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен таныстырды, деп хабарлады ОСК-нің баспасөз қызметі.
Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы екі ай мерзім ішінде өткізілетін болғандықтан, кандидаттар үшін де, сайлауды ұйымдастырушылар үшін де негізгі сайлауалды шараларды өткізу уақыты біршама қысқарса да жеткілікті болып табылады. Дегенмен, үміткерлердің өздерінің сайлауалды шараларын ұйымдастыруға уақытының көбірек болуын көздей отырып, біз ОСК мен аумақтық сайлау комиссиялары үшін кейбір рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту қажет деп шештік. Соңғы жылдары өткізілген сайлауларда сайлаушылардың электронды бюллетеньдермен дауыс беру динамикасын ескере отырып, алдағы сайлауда «Сайлау» ААЖ қолданылмайды деген тоқтамға келдік, деді Қуандық Тұрғанқұлов.
Джон Ордвей Қазақстан Республикасының қолданыстағы сайлау заңнамасы кез келген сайлауды халықаралық стандарттарға сәйкес өткізуге мүмкіндік беретініне сенімділігін білдірді және ҚР ОСК арқылы барлық сайлауды ұйымдастырушыларға табыс тіледі. Мен Қазақстанда бұдан бұрын өткен үш сайлау науқанының куәсі болдым. Біз биылғы науқан барысын да байқап отыратын боламыз, деп атап өтті Джон Ордвей.
Кездесу соңында тараптар ҚР ОСК мен АҚШ елшілігінің арасында қалыптасқан ынтымақтастық пен өзара түсіністік дәстүрлерін одан әрі жалғастыруға келісті.