• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Қарышты даму қағидалары

333 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің тірегіне ай­налған Ата Заңымыз мемлеке­тіміздің іргетасын қалап, дамуына жол ашқан басты құжат. Негізгі заңымыз адамды басты құндылық ретінде танып, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастырып, дамытты, Қазақстанда азаматтық қоғам құру бағытындағы іргелі ойларды бекітті. Осыдан ширек ғасыр бұ­рын мемлекетіміздің «Қазақ­стан Республикасының мемле­кет­тік тәуелсіздігі туралы» Консти­туция­лық заңы қабылданды. Еліміз сол жылдары қиын кезеңді бас­тан өткерді. 90-шы жылдардың басындағы дағдарыс посткеңестік кеңістіктегі барлық елдердің дамуы­на кері ықпал етті. Сол аумалы-төкпелі заманда Қазақстан бірлік пен тұрақтылықты ту етіп ұстап, заңдық күші бар қуатты идеялар арқылы өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарысын еңсерді. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда мемлекетіміз тұ­рақ­ты саяси-құқықтық және әлеу­меттік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген Ата Заңын қабылдады. Конституциямыз бірлігімізді нығайтып, мемлекеттік құрылыс пен еліміздің тұтастығын бекітіп берді. Конституционализм және мемлекеттің конституциялық саясаты оның ұлттық қауіпсіздігінің шешуші кепіліне айналды. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының нормалары арқылы реттеліп отырады. Адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндігі заңдық және мате­риал­дық тұрғыдан қамтамасыз етілген. Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп анықтама берілген және онда әлемдік өркениеттің жетістіктеріне негіз­делген ұлттық құқықтық жүйені дамытудың шешуші бағыттары қарастырылған. Қазіргі таңда негізгі заң қоғамдық процес­тер­ді құқықтық мемлекеттің әрі қарай дамуына бағыттауға арнал­ған, ондағы нормативті бекітіл­ген берік мақсаттар қоғам­ның прогрессивті қайта құрылуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы айтқандай Қазақстанның қарышты дамуы, әлемнің дамыған елдері қата­рына енуі ұлттық құқықтық жүйе­ге жоғары талаптар қояды. Ұлттық құқықтық жүйе осы талап­тарға жауап беріп, адам, қоғам өмірінің сапасын жоғарылату және мемлекеттілікті нығайту бо­йынша тиімді жұмыс істеуі керек. Бұл мемлекеттің норма шығар­машылық және құқық қолдану­шылық қызметін уақтылы және дұрыс жаңаруын талап етеді. Мемлекеттің конституциялық дамуының әрбір кезеңі әлеуметтік-құқықтық құндылықтардың әрекет ету жүйесіне белгілі бір түзетулерді енгізетінін, Конституция қоғамға маңызды нормативті-этикалық ықпал ететінін айта кету керек. Құқықтық жаһанданудың гу­манистік құраушысына, атап айт­қанда, жан-жақты халық­аралық құн­дылықтарды: адамның құқы­ғы мен бостандықтарын, заң алдындағы әлеуметтік әділет­тілік пен тепе-теңдікті, саяси, идеологиялық, экономикалық плюрализмді таратуға және бекі­туге қарамастан, мемлекеттердің ұлттық конституцияларының негі­зінде жатқан құндылықты белгілер мен бағыттарды сақтаудың да маңыздылығы кем емес. Қазақстанның Конституциясы жеке тұлға бостандығының шек­терін анықтайтын халықаралық қағидаларға жатқызылуы мүмкін базалық ережелерден тұрады және бұл құқықтық жаңарудың заманауи бір көрінісі, себебі бүгінде жеке тұлға, қоғам, мемлекет қауіпсіздігінің қағидалары интернационалдандырудың негізі болып танылуда. Осыған орай, жаһанданудың және құқықтық ілгерілеудің қазіргі үдерістерінің негізінде жатқан конституциялық құндылықтар бәсекелестігінің мәселесі терең қозғалады. Соны­мен, жаһандану қазіргі мемле­кет­тердің конституциялық жүйелеріне тікелей әсер етеді, олардың да­муының, жаңаруының және қорғалуының жаңа құндылықты белгілерін алдын ала анықтайды. Ал Конституцияда жазылған негізгі міндеттер тек құқықтық амалдармен, стратегиялық мемле­кеттік жоспарлау құжат­тарын бірізді іске асырумен, эконо­мика­лық жүйенің элементтерін нығайтумен, қоғамда әлеуметтік кепілдерді күшейтумен ғана қамта­масыз етіледі. Қазақстанның даму стратегиясы және оған негізделген құқықтық саясат қайта құрулардың жүйелілігі мен кешенділігін қамта­масыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық құқықтық жүйені жаңар­тудың негізгі кезеңдерін анық­таған шешуші құжат Прези­дент Жарлығымен 2009 жылғы 24 тамызда бекітілген «Қазақ­стан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арнал­ған құқықтық сая­сат тұжы­рымдамасы» болды. Тұжы­рым­дамада заңнаманы жетілдіру үрдісі мен құқық қолданушылық қызметте Конституцияның ұлықты қағидалары айтылды, «қоғам дамуының қазіргі беталысы, жиналған тәжірибе мен ғылыми негіз, қазақстандық мемлекет пен қоғамның жақын және алыс болашағы туралы қағидалар» негізінде қалыптастырылған құ­қық салаларын реформалаудың шешуші бағыттары көрініс тап­қан. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде қолданыстағы заң­намаға өзгертулер енгізілді және халықаралық құқық нормаларымен ұлттық заңнаманы үйлестіруге бағытталған бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Құқықтық жүйенің жаңаруын қам­тамасыз ететін ұлттық заңна­ма­ға халықаралық актілерді енгізу халық­аралық құқық нормаларын заңна­малық мақұлдау ғана болып та­был­майтынын атап өту қажет. Шын мәнінде, бұл азаматтардың құ­қық­тары мен заңды мүдделерін қам­тамасыз ету мен қорғау дең­гейі тә­уелді халықаралық міндет­теме­лерді мемлекетпен нақты іске асыру. Еркін КӨБЕЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор