Ария Пермана есімді 10 жасар индонезиялық бала сабақтан қалып қоймау үшін екі аптаның ішінде 5 кило салмақтан арылды. Осылайша, әлемдегі ең толық бала саналатын Арияның салмағы 230 килодан 225 килоға төмендепті.
Арияның шектен тыс толықтығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары бұрын да хабарлаған-ды. Әсіресе, биыл жазғы демалыс кезінде оның өз еркімен жүріп-тұруы қиындап кеткен екен. Сыныптастарымен бірге мектепке бара алмай қалуы мүмкін екенін түсінген бала күн сайын бірнеше сағат жаяу жүріп, құнары аз тамақ жеп, арықтаудың қамына кірісуге мәжбүр болыпты.
– Арияның мінез-құлқы, тәбеті басқа балалардан онша ерекшеленбейді. Неге тез салмақ қосатынын білмейміз. Жергілікті дәрігерлер де денсаулығында ешқандай ауытқу жоқ екенін айтты, – дейді оның анасы.
Ария қарапайым фермердің отбасында туған. Ата-анасы балаларын жергілікті дәрігерге қарату үшін жұрттан қарыз алуға мәжбүр болыпты. Баланы шетелдегі мықты ауруханаларға апарып, денсаулығын тексертуге жағдайлары жоқ.
Нұрхан САМАРХАН