• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Әлеуметтік қамсыздандыру әлеуеті

727 рет
көрсетілді

композиттік қызмет арқылы тиімділігін арттыра түседі Еліміздің экономикасының дамуы, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі алға қойған стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің маңызды элементі болып табылады. Қазақстан Республикасында мемлекет, жұмыс беруші жә­не жұмыскер арасындағы жауапкер­шілікті бөлетін халықты әлеу­меттік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі құрылды. Бұл жүйе – өзіне қатысатын әрбір тарап жауап беретін бірнеше компоненттерден тұрады. Олар: мемлекет – базалық әлеу­меттік төлемдер: базалық және ынтымақты зейнетақылар, мем­лекеттік жәрдемақылар, бір реттік мемлекеттік төлемдер; жұмыс беруші – еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылуы жағ­дайына, жүктілігіне, босануына және бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алу үшін міндетті әлдеуметтік сақтандыру жүйесіне әлеуметтік аударымдар, жазатайым оқиғалардан жұмыскерді міндетті сақтандыру; қызметкер – міндетті зейнет­ақы жарналары. 2005 жылдан бастап Қазақ­стан Республикасында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қор­ғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Жұмыс істейтін азамат, сонымен бірге, егер ол қай­тыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелері әлеуметтік қатер туған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Төлемдердің мөлшері әлеу­меттік аударымдар төленген табысқа, сонымен қатар олар­дың төлену ұзақтығына тікелей байланысты болады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұ­мыс істейтін халықты қар­жылай қолдаудың қосымша түрі бола отырып, міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесіне қаты­сушылардың алдындағы міндеттемелер жүзеге асырылатын осындай принциптермен жұмыс істейді. Міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесі шектеулі ын­ты­мақтастық принципіне негіз­делген, яғни жұмыс берушілер өзінің жалдамалы жұмыскерлері үшін МӘСҚ ай сайын әлеуметтік аударымдар төлейді, ал МӘСҚ әлеуметтік төлемдер алу­шы­лар болып әлеуметтік тәуе­кел туған жұмыскерлер ғана са­налады. Осылайша, әлеу­меттік төлемдерді алу құқы­ғын жүзеге асыру кезінде салық төлемейтіндер алдын­да экономиканың нақты сек­торындағы салық төлейтін қыз­меткерлердің басымдығын көз­дейтін әділетті жүйе құрылды. Сондықтан жұмысқа ор­на­ласқанда азаматтардың ең­бек шартын жасасқаны өте ма­ңызды, өйткені бұл жағдайда жұмыс беруші өзінің жалдамалы жұмыскерлері үшін МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) мін­детті зейнетақы жарналарын толықтай және уақытында төлеуге жауапты болады. Сонымен қатар, егер ай сайын­ғы міндетті зейнетақы жарналары жұмыскердің табысынан ұсталатын болса, ал ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейтінін атап өткен жөн. Ай сайынғы төленетін әлеуметтік аударымдардың мөл­шері жұмыскердің немесе өзін өзі жұмыспен қамтыған адам­ның еңбекақы түрінде алған табысының 5 пайызын құрайды. Бұл ретте, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес өзiн өзi жұмыспен қам­тыған адам болып өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн жеке кәсiпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиаторлар саналады. Жалдамалы қызметкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамты­ғандар үшін әлеуметтік аударымдардың толықтай және уақытында тө­ленуі МӘСҚ тиісті әлеуметтік тө­лемдер алуды қамтамасыз ете­­ді. Асыраушысынан айыры­луы жағдайына берілетін әлеу­мет­тік төлемдерден басқа, бар­лық әлеуметтік төлемдерден ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және БЖЗҚ аударылады. Мұндай шара зейнеттік жасқа жеткен кезде зейнетақы жинағының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Қазіргі уақытта ақпарат­тық-коммуникациялық техно­логиялардың дамуымен МӘСҚ әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін халықтың өтініш беру үрдісі де оңтайландырылған. Оларды тағайындау үшін қажетті құжаттар тізімі де қысқарды, яғни өтініш беруші мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ құжаттарды ғана ұсынатын болады. Өз кезегінде қажетті ақпарат­тар онлайн режімде сұрау салу арқылы ақпараттық жүйелерден алынады, мысалы, мекенжай анықтамасы, баланың тууы туралы куәлігінен керекті деректер, мүгедектік дәрежесі туралы, жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы, балаға қамқоршы (қорғаншы) белгілеуі туралы мәліметтер және т.б. Көрсетілетін қызметтің халық­қа қолжетімді болуы мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары МӘСҚ әлеуметтік төлем тағайындау үшін тұрғылықты жеріндегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне өтініш береді. Сонымен бірге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің са­па­сын арттыру және қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету ма­қ­сатында 2016 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап еңбек ету қабілетінен және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік қатерлер туындағанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары үшін «бір терезе» принципі бойынша композиттік қызметтер енгізілді. Қызметтің бұл түрі әртүрлі қызмет көр­сетуші көрсететін бірнеше мем­лекеттік қызметтерді өтініш бе­рушінің бір мезгілде алуын көздейді. Оның ішінде, міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесіне қаты­сушы Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму минис­трлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің аумақтық департаменттерінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне (бұдан әрі – МӘС) алғашқы рет мүгедектік тобын белгілеу және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу қызметін алудан басқа, бір мезгілде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен бюджет қаржысы есебінен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға, сонымен бірге МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айы­рылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады. Осылайша, уәкілетті органға бір рет өтініш берген жағдайда осы композиттік қызмет азаматқа бірден үш қызметті: алғашқы медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізуді, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, бюджет­тен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, сонымен қатар МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағ­дайына әлеуметтік төлем та­ғайындау қызметтерін көрсетеді. Салыстыру үшін, композиттік қызметтер енгізілгенге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік тәуекел туған жағдайда мүгедектігі мен жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуы дәрежесін белгілеу үшін МӘС өтініш білдіру керек болатын, одан соң мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен бюджеттен төленетін мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, сонымен қатар МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін «Зей­нетақы төлеу жөніндегі мемле­кеттік орталық» РМҚК-ға өтініш беретін. Егер 6 айдан кем емес қатысу өтілі бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмысынан айырылса, онда ол «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке алу және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау» композиттік қызметтері аясында жеке басын куәландыратын бір құжатпен жұмыспен қамту мәселелері бо­йынша уәкілетті органға (Халықты жұмыспен қамту орталығы) жүгінгенде бір мез­гілде жұмыс­сыз ретінде есепке тұрады және тіркеледі, сонымен қатар МӘСҚ жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжат­тарын ресім­дей алады. Нәтижесінде, бір рет өтініш берген азаматқа екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі: «жұмыссыз» дәрежесі белгіленеді (Халықты жұмыспен қамту орталығында көрсетілетін) және жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш ресімделеді («Азаматтар үшін үкі­мет» мемлекеттік корпорациясында көрсетілетін), бұл азаматтарға бірнеше мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін жояды. Осылайша, айтылып отыр­ған композиттік қыз­меттердің енгізіл­уі­мен бір­қатар мемлекеттік қыз­мет­тер біріктірілді және оларды көрсетуде әлеуметтік қам­сыз­дандыру органдарының өзара қызметі одан әрі кеңейді. Осыдан «бір терезе» принципіне негізделген көрсетілетін мем­лекеттік қызметтер олардың тиімділігін арттырып қана қой­май, сонымен қатар мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйе­лерінің жоспарлы түрде ведомствоаралық бірігуін жал­ғас­тырады және бір жерден өтініш беру арқылы қол жеткі­зуді қамтамасыз етеді. Рүстем ХАМЗИН, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті