• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2016

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

481 рет
көрсетілді

Eуразиялық Топ (ERG) өткізген алғашқы спартакиада саңлақтарды анықтады Жақында Ақсу қаласында спорттың 7 түрінен бәсеке болды. Еуразиялық Топтың (ERG)  еншілес кәсіпорындарынан іріктеліп келген таңдаулы саңлақтар алғашқы корпоративтік спартакиадада бақ сынады. Жарысқа еліміздің алты өңіріндегі өндірістік кәсіпорындардан құралған тоғыз құрама команда сапында жалпы саны 500-ге жуық спортшы қатысты. «Достық» стадионында өткен ERG спартакиадаcының ашы­лу салтанаты ақсулықтарға ерек­ше қуаныш сыйлады. Ұйым­дас­­тырушылар әртістер тобын жұ­­мылдырып, қаланың кемел тари­хын, Еуразиялық Топ кәсіп­орындарын түгел қамтитын театр­ландырылған көрініс ұйым­дастырды. Спартакиада алауын жағу рә­сімі өз алдына ерекше салтанат ретінде жұртшылықтың жанарын жіпсіз байлады. Әу баста жарыс алауын Ақсу ферроқорытпа зауытының №21 пешінен кәсіп­орынның балқытушы-бригадирі әрі күрестен Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген жат­тық­тырушысы Еркін Шабанбай тұтатып алып берді. Жарыс алауын қожды қайта өңдеу цехында конвейер машинисі болып еңбек ететін полиатлоннан Қазақстанның абсолютті чемпионы Евгений Музур лаулатып зауыттан шығарып шаңғымен жүгіруден спорт шебері Ирина Бакраденоваға тапсырды. Ал кәсіпорынның жас маманы,  жөн­деу-құрылыс цехының газ­электр дәнекерлеушісі Арман Ах­менов ERG-дің алғашқы спар­т­акиадасының алауын жақты. – Ақсу – айрықша қала. Мұн­дағы ферроқорытпа зауытында Еуразиялық Топтың сапында он мыңнан астам адам тұрақты еңбек етіп жүр. Біздің басым бағыттардың бірі – өндірістік кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлердің дамуына ықпал ету. Сол себепті біз Ақсу қаласы мен жалпы Павлодар облысының дамуына қомақты көлемде әлеуметтік инвестицияларымызды бағыттап отырмыз. Сіздер оны жақсы білесіздер деп ойлаймын. Өйткені, қалада жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, балалар ойын алаңдары абаттандырылып, керемет Спорт сарайы салынды. Сонымен қатар, биыл біз Риодағы Олимпиада ойындарына аттанған ұлттық құрама командасына қолдау көрсеттік. Біздің бүгінгі спартакиадамыз да эстафетаны Бразилиядан қабылдап алып отыр. Мен Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысып қайттым. Айтайын дегенім бү­гінгі салтанаттың ауаны одан еш кем түспейді,– деді ERG-дің бас ат­қарушы директоры Бенедикт Соботка. – Бұл теңдессіз ауқымды спорт шарасының Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы мен Ақсу қаласының 55 жылдығы сынды мерейлі кезең­дермен тұспа-тұс келуі кездей­соқ­тық емес,– деді Пав­лодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Еуразиялық Топтың біздің өндірістік өлкеміздің өркен­деуіне қосып жатқан үлесі сүбелі. Осы орайда ERG компаниясы мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы әріптестікке деген әлеуметтік жауапкершілікті бәрінен жоғары бағалауға лайық екенін айтқым келеді. Еуразиялық Топ тек «Ертіс» футбол клубын қаржыландырумен шектелмей, түрлі спорттық шаралар өткізіп, бастысы спорт нысандарын салу арқылы облыстағы бұқаралық спорттың дамуына барынша жағдай жасап отыр. Мәселен, осы Ақсу қаласында таяуда жабық хоккей корты ашылады. – «Қазхром» компаниясы 13 жыл бойы өз қызметкерлері ара­сында корпоративтік спорт ойын­дарын тұрақты өткізіп келеді. Сол себепті мен осы ішкі спартакиадалар өрісін кеңге жайып, жалпы топтық деңгейге шыққанына ерекше қуаныштымын. Бұл үлкен жетістік. Біз қашан да ұжымда саламатты өмір салтын насихаттап, қызметкерлерге қажетті жағдай жасап келеміз. Сол себепті ендігі жерде саламатты өмір сал­тын ұстанатын Еуразиялық Топ қызметкерлерінің қатары кө­бейе түсеріне сенімдімін, – деп а­тап айтты «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тиль. Спорт алаңдарындағы бәсекенің тартысы да Олимпиада ойындарынан еш кем түспеді. Кәсіби спортшы еместігіне қарамастан, сайысқа ұжымдар әбден шынығып, бабында келіпті. Өндірістік кәсіпорында еңбек етіп жүрген металлургтердің қайраты, балқытушылардың жа­лыны, шахтерлердің жігері, энер­ге­тиктердің қуаты мен көлік саласы қызметкерлерінің шап­шаңдығы сынға түсті. Міне, осындай баптанып келген үздіктерден жасақталған ұжымдар қаланың барлық алаңдарында бір мезетте шағын-футбол, волейбол, бас­кетбол, үстел теннисі мен жеңіл атлетика, гір тасын көтеру спорты мен шахматтан мықтыларды анықтады. Командалық спорт түрлерінде тіпті кәсіпорынның құрамасын қолдауға келген жан­күйерлер арасында да бәсеке қызды. Сөйте тұра, ERG спортшылары спартакиадада шынайы достық ілтипат танытып, тіпті осал командаларға да қызу қолдау көрсетіп жатты. Спорт үзіктері с­пар­та­киада­ның жабылу салтанатында марапатталды. Жекелей және коман­далық сайыста топ жарған үздік­тер тұғырға көтеріліп, медаль, кубоктардан бөлек, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Төрт күндік тартысты сынның нәтижесінде «Қазхром» ҰК» АҚ қызметкерлері гір тасын көтеру, жеңіл атлетика мен баскетбол бәсекелерінде алдына жан салмады. Волейболдан ерлер арасында «Қазақстан алюминийі» АҚ ұжымы алда болса, әйелдер арасында «ЕЭК» АҚ командасы қарсылас шақ келтірмеді. Шағын-футболда «ССКӨБ» дара шықты. Үстел теннисінде «ЕЭК» АҚ мамандары үздік болса, шахматта «Қазақстан алюминийі» АҚ мамандарының алдын ешкім орай алмады. Қорыта келгенде, жалпы командалық есепте «Қазхром» ТҰК» АҚ топ бастады. «ССКӨБ» АҚ екінші, ал үздік үштікті «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ командасы түйіндеді. Жанкүйерлер де сыйлықтан құр алақан қайтпады. Кәсіпорын спортшыларын жігерлі ұран, жалынды биімен қолдап, спорттық думан көрігін қыздырған «ССКӨБ» АҚ жанкүйерлері марапатталды. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты­ның директоры Сергей Прокопьев ERG спартакиадасының эстафетасын «ССКӨБ» АҚ өкілдеріне та­быс­тады. 2018 жылы бас­ты корпоративтік спорттық сай­­ыстар Рудный қаласында өткі­зілмек. – Біз әлеуметтік бағдарлы саясат­ты берік ұстанып келе жатқан компаниямыз – Еура­зия­лық Топқа ерекше алғыс айтқы­мыз келеді. Өзге компаниялар өнді­ріс­тегі осы ұжымдардан өнеге алсын. Өйткені, бұл спарта­киада қарапайым еңбек адамына деген ерекше ықылас пен жанашырлықтың озық үлгісі, – деп алғысын түйіндеді «ССКӨБ» АҚ командасының өкілі Татьяна Шерстовитова. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»