• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2011

Қайсар жандарға қол ұшын берейік

519 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия­сы­ның Павлодар облыстық филиалында сайлау­шы­лар­ды қабылдаған кезімде маған бір топ, олардың арасында таяқты таяныш еткендері де, арбаға та­ңыл­ғандары да, бірін-бірі жетелеген табан астын көрмейтін зағиптары да бар, негізінен І топтағы мү­ге­дектер келіп, өздерін бірге қабылдауды өтінді. Мен қарсылық білдірген жоқпын, бәріміз бір сағат­тай әңгімелестік. Мүмкіндігі шектеулі жарымжан жандардың кейбір шенеуніктерге өкпелері қара қазандай екен. Олардың өздерінің айтуларынша, Павлодарда мүге­дектерді әлеуметтік қорғау, медициналық оңалту жұмыстарының жайы мәз емес. Соның салдарынан 2008 жылы мүгедектер пайдаланатын бірқатар тауарлар тым қымбатқа сатып алынған және мерзімінен екі ай кеш түскен. Осындай жауапсыздық 2009 жылы да қайталанып, сатып алынған мүгедектер ар­балары пайдалануға қолайсыз болып шыққан. Өтініш иелері осы жайларды айтып, талай табал­ды­рықты тоздырса керек. Бірақ, одан қорытынды шығарып жатқандар көрінбейді. Сөйтіп, былтыр да мемлекеттік сатып алулар мерзімінен кеш өткізіліп, еңбекақы алмағаннан кейін қамқорлығындағы адамдарды қараусыз қалдырған жеке көмекшілер жұмысқа тамыз айында ғана қайта оралған. Жеке көмекшілерге байланысты айта кететін тағы бір жәйт – Үкіметтің 2005 жылғы 20 шілдедегі №754 қаулысына сәйкес жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектерге бөлінген жеке көмекшілер мүгедекті тұрғылықты жерінен жұмысқа немесе оқу орын­дарына, сондай-ақ, жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала ны­сан­дарына, нотариусқа, мәдени шараларға, спорт кешендеріне, сауда, медицина мекемелеріне, тұрмыстық қызмет орындарына, оқуға, жұмысқа орналасуға, өз құ­қықтарының мүдделерін жүзеге асыруға қажетті ақ­парат алуға құжаттарды толтыруға қатысты мәселе­лер­ді шешу үшін апарады, әкеледі. Бірақ, мекемелерге бірге кірмейді, мүгедекке сырт киімін шешуге, киюге, мекеменің ішінде жүріп-тұруына көмектесе алмайды. Және осы қаулыда мүгедектердің мешітке баруы, дем­алыс және мереке күндері бұқаралық шараларға қаты­су­лары қарастырылмаған. «Содан да біз ұдайы үйде қамалып отырамыз. Ал бұл арнайы заңда көзделген мүгедектерді оңалту мақсатымен мүлде үйлеспейді», – дейді шағым иелері. Сол сияқты мүгедектерді дәрі-дәрмекпен қамта­ма­сыз етудің де жайы сын көтермейді. Өйткені, тендерге қатысушылар қайткенде де же­ңім­паз атану үшін өз қыз­мет­терін арзанға бағалайды да, кейін қаржының тапшылығын сылтау етіп толық көлемде қызмет көрсетпейді. Оларға «әй деп жатқан әже, қой деп жатқан қожа» жоқ. Аталмыш қаулыда санаторийге немесе курортқа баратын мүгедектердің жайы да толық ескерілмеген. Мұндай сапарлар кезінде І топтағы мүгедектің өзіне жеке көмекші бөлінбейді екен. Ал жол жү­ру­дің ауру адам түгілі сау адамға үлкен салмақ екенін бә­ріміз де білеміз. Міне, сондықтан да көптеген мү­ге­дектер мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай келеді. Павлодар облысында көзі көрмейтін І топтағы 858 мүгедек болса, олардың 210-ы мектеп жасын­да­ғы балалар екен. Олардың 5-уі ғана басқа қала­лар­да­ғы мамандандырылған мектептерде оқуда, қал­ған­дары өз проблемаларымен жеке қалған. «Солар үшін Павлодар қаласында мектеп-интернат салатын мезгіл жетті деп ойлаймыз», – дейді мүгедектер Смағұлов пен Сәбиева. Меніңше, бұл бір қалаға, бір облысқа ғана тән жағдай емес. Біздің елімізде мүгедектерді әлеу­мет­тік қорғау туралы» Заң қабылданып, олар үшін өмір сүру мен қоғамға кірігудің тең мүмкіндіктерін құру­дың құқықтық, экономикалық және ұйымдық шарт­та­ры анықталмағанымен, іс жүзінде әлі шешілмеген мәселелер бастан асып жатыр. Нақты айтсақ, мүге­дек­тердің әлеуметтік-мәдени және көлік инфрақұ­ры­лымы нысандарына қол жеткізуімен байланысты құқықтары әркез сақтала бермейді, жаңадан салы­нып жатқан ғимараттардағы кірме жолдар, пандустар стандартқа сай емес. Тіпті, жаңа салынып жатқан тротуарларда кірме жолдар салу ескерілмеген, кресло-арба пайдаланатын мүгедектердің кедергісіз жүруіне де жағдай жасалмаған. Сөйтіп, мүгедектер қоғамға кіріге алмай мәдени өмірден тыс қалуда. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ мүгедек­те­рін де мұңайтпауға тиіс. Демек, олар үшін арнайы құ­рылғылар, көмекші құралдар: пандустар, съездер, кең лифтілер, қия жолдар жасау кезек күттірмейтін міндет болып табылады және оларды мүгедектер тұратын жерлерден бастаған жөн, сосын қоғамдық сипаттағы барлық мекемелерге тарату қажет. Әрине, бұл мәселені бір жылда шешу, бүкіл ғимараттарды, тротуарлар мен көлік жабдықтарын қайта салып тастау мүмкін емес. Бірақ ендігі жерде арқаны кеңге сала берудің де еш реті жоқ. Бастайтын, тап-тұйнақтай етпегенмен еңсеріп тастайтын мезгіл жетті, ең бастысы – қолжетімсіздікке алып келер жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеуіміз керек. Айта берсек, осындай түйінді мәселелер аз емес. Онсыз да тағдырдың тауқыметін тартып жүрген қайсар жандарға қол ұшын берейік. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.