«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлер мен жұмысшылардың білімі мен білігін көтеруді қолға алмақ.
Мұндағы мақсат тұрғын үй қорын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үй саласындағы энергия үнемдеудің тиімділігін арттыру болып отыр. Аталған орталықтың Насихат және білім тарату департаментінің бас менеджері Гаухар Тайжанова биыл аталған курстарға 1975 адам тартылатынын айтады.
«Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ 2013 жылдан бері Тұрғын үй шаруашылығы саласындағы мамандар біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында үш күндік, бес күндік және он күндік курстарды өткізіп келеді. Біліктілік арттыру курстарында тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу технологияларын қолдану, тұрғын үй шаруашылығындағы энергоменеджмент, энергоаудит туралы айтамыз. Бұл курстарға осы салада еңбек етіп жүрген кадрлар түгел тартылады. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де, ПИК өкілдері де бар. Ал «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновация мен энергия үнемдеу технологиясын енгізу негізінде дамыту» деп аталатын аймақтық конференциямызға жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, салалық қауымдастықтар мен бірлестік өкілдері де шақырылады», – дейді Г.Тайжанова.