Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының бастамасы бойынша отандық өнімдерді сату орталығы – «УниверMAG.kz» дүкені ашылды. Бұл жобаға Қарағанды облысы әкімдігінің де жан-жақты қолдау көрсеткендігін айта кеткен жөн.
Жалпы, ұйымдастырушылар жаңа жоба еліміздің түкпір-түкпіріндегі тауар өндірушілердің басын біріктіріп, тың идеялардың туындауына және жаңа өндіріс орындарының ашылуына игі ықпалын тигізеді деп есептейді. Ал бұдан отандық тауар өндірісінің ұтпаса, ұтылмайтыны айдан анық.
«Қазақстандікін сатып ал» және «Қазақстанда жасалған» брендтері бойынша отандық тауар өндірушілерге арналған бөлек алаң дүниеге келді. Енді біздің өндірушілер облыс тұрғындарына сапасы жағынан импорттық тауарлардан бір де кем емес өз өнімдерін емін-еркін ұсына алады. Бұл сауда-саттық орталығы ғана емес, шын мәнісінде бәсекелестікті дамытуға, тұрғындарды қолжетімді баға қойылған тауарлармен қамтамасыз етуге, отандық және жергілікті тауар өндірушілердің танымалдығын арттыруға септігін тигізетін Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өндірушілері бірлестігінің орталығы», деп атап өтті дүкеннің ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Жаңадан ашылған бұл дүкенде тұтынушылар киім-кешектің алуан түрін таба алады. Мысалы, балалар киімінен бастап ерлер мен әйелдердің іскер киімдеріне дейін сөреде сықып тұр. Сонымен қатар, бұл жерде сапалы аяқкиімдер, бас киімдер, шұлық өнімдері және спорттық киімдер де көптеп қойылған.
Еске салар болсақ, отандық тауарды сатумен айналысатын бұл дүкен Қазақстанда пайдалануға берілген екінші, ал Қарағанды облысындағы тұңғыш сауда орталығы.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ