Колумбияда жарты ғасырдан аса уақыт билікпен соғысып келген солшыл радикалдық күштер өздерінің қару қолдану әрекеттерін тоқтатпақ. Колумбияның революциялық қарулы күштері (КРҚК) мен үкімет арасындағы келісімшарт парламентке бекітуге ұсынылды.
Ұсынған – президент Хуан Мануэль Сантос. Және осынау келісімге келудің басында жүрген де сол екенін атап айтқан жөн. Әйтпесе бұрынғы президенттердің көпшілігі КРҚК-пен келісімге қарсы болып, көтерілісшілерді біржола құрту жағында жүрді, бірақ құрта алған жоқ. Президент Сантостың қалаған жолы Латын Америкасындағы ең ұзаққа созылған қарулы қақтығысты тоқтатуы басқаларға да үлкен өнеге болары анық.
Келіссөз оңай болған жоқ және айтарлықтай ұзаққа созылды. Куба астанасында 2012 жылы басталған келіссөзге Норвегия мен Куба кепіл елдер ретінде қатысса, Венесуэлла мен Чили ықпал етуші елдер ретінде қатысты. Атап айтатын жайт: онда барлық мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланып келісілді.
Тағы бір мән беретін жайт: екі жақ та бұл келісімнің қажеттігін жете түсінгендей. Содан да олар кінәласудан гөрі өз әрекеттерінің жөнсіздігін мойындауға көбірек барды. Президент Сантос үкімет әскері талай рет адам құқын бұзуға барды десе, КРҚК басшылары өздерінің талай қатыгез әрекеттерге барып, халықтың жанын жаралағанын мойындады. Сірә, келісімнің бір ұшы осында жатқандай көрінеді.
Жарты ғасырлық қақтығыста 220 мың адам қаза тапқан екен. Кінә екі жақтан да бар. Кінәлілер жазалануға тиіс пе? Тиіс деді келісім жүргізушілер. Қиянат жазасыз қалмауға тиіс. Сөйтсе де, кінәсін мойындағандарға кең кешірім болсын, тым қаталдық жасамайық дегенге тоқталды. «Ұсынған мойынды қылыш кеспейді», «Алдыңа жығылса, әкеңнің құнын кеш» деген халықтық ұстаным келісімге арқау болғандай.
Келісімнің мәтіні жарияланды. Оны Конгресс (парламент) және солшыл радикалдық FAPC тобы басшылығының съезі мақұлдауы тиіс. Оған күмән жоқ. Одан кейін ол 2 қазандағы өтетін бүкіл халықтық референдумға шығарылады. Келісімнің басты мазмұны – КРҚК тобы әскери топ ретінде өзін жойып, қарулы қақтығысқа бармайтын саяси күшке айналады. Олар өздерінің бар қаруын жарты жыл ішінде БҰҰ мекемелеріне тапсырады. Бұған бүкіл әлем мән беріп отыр. Бұл шешімді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун құлшына құттықтады. Тіпті, Еуроодақ дипломатиясының жетекшісі Федерика Магерини ханым да қуанышын білдірді. Қолдаушылар көп.
Президент Сантос: «Келісімшарттың тағдыры колумбиялықтар қолында. Бұл келісім керек пе, жоқ па дегенді олардың 2 қазандағы референдумдағы дауысы шешеді», – деді. Сайлаушылар қолдайды деуге әлі кепілдік жоқ екен. Осы кездегі сауалнамада 31,5 пайыз респондент қолдаймыз десе, 30,1 пайызы қарсы болыпты. Қарсыларды бұрынғы президент Альберто Урибе бастап жүр екен. Солшыл радикалдар Венесуэлладағыдай халықты социалистік идеяға үгіттеп, елдің берекесін кетіреді, оларды саясатқа араластырмау керек, дейді ол. Бұл пікірді қолдаушылар біршама. Нақты қанша екені алдағы референдум көрсетеді.
«Боко-Харам» басшысынан айырылды
Африканың батысында халқының санына қарағанда, алып ел бар, ол – Нигерия. Осыдан он жыл бұрынғы мәлімет бойынша онда 130 миллион халық тұрады. Сол ел өз аймағындағы «Боко-Харам» дейтін қанқұйлы террорлық ұйымға шамасы келмей отыр.
Шамасы келмей отыр деген сөзді бұл ел әскерінің сол терроршыларға қарсы осыдан бір апта бұрын ең бір сәтті соққы бергеніне қарамай айтып отырмыз. Мұндай ұйымның бір елдің аумағында өмір сүруі – сол ел үшін өшпейтін қара таңба. Австралия еліндегі Экономика және әлем дейтін институт жаһандық терроризмнің индексін түзеді екен. Сол бойынша «Боко-Харам» әлемдегі ең қанқұйлы ұйым саналады.
Бұл ұйымның әрекеттері туралы көзіқарақты адамдардың бәрі естіген шығар-ау. Олардың жауыздықтары естіген адамның ойынан кете қоймас. Осыдан біраз бұрын олар қыз балалар мектебінің оқушыларын малша айдап алып кеткен. Олардың тағдыры не болды? Ешкім білмейді. Білмегенде, олар құтқарылған жоқ. Терроршылардың мазағына, ермегіне айналды, құлдыққа сатылды. Ең сорақысы – Африка дейтін құрылықтағы ең үлкен елдің өз балаларын, болашағын құтқаруға шамасы келмеді.
«Боко-Харам» деген пәле қайдан шыққан? Оны да біраз жұрт біледі. Олардың мақсаты сол Нигерияның солтүстік-шығыс аймағында мұсылман мемлекетін құрмақ көрінеді. Мемлекет болғанда, тағылық мемлекет. Әйелдерін малға айналдыратын, басқа діндегілермен тіл табыспайтын, өркениетпен өштескен мемлекет. Бұл мақсаттарын олар өз әрекеттерімен де көрсетіп отыр. Тек 2014 жылы 6644 адамды өлтірген. Жас балаларды да беліне жарылғыш зат байлап жауыздыққа жұмсайды. Бұл жауыздар 6-7 жастағы бүлдіршіндерді де пайдаланады екен! Бұдан кейін не айтасың?!
Кейбір шағын елде мұндай пәлелер орын алып жатса, қайтсін, шамасы келмей жатыр-ау деп түсіністікпен де қарауға болар. Ал үлкен мемлекеттің жерінде мұндай жауыздықтың орын алуын сол елді басқарғандардың дәрменсіздігі ғана емес-ау, бейшаралықтары десек те артық болмас. Бір мектептің оқушыларын терроршылар алып кеткенде, олар аспанға ұшып кеткен жоқ. Олардың лагерьлері де белгілі. Камерун, Чад, Нигер дейтін елдермен шекаралас жерде. Ел басшылығы өз жеріндегі жауыздарды ауыздықтай алмай, масқара болып қала берген.
Енді әңгіме басындағы сол терроршыларға қарсы сәтті соққыға оралсақ, Нигерияның әуе күштері «Боко-Харамның» Камерунмен шекарадағы лагерін зымыранмен атқылаған екен, содан 300-дей жасақшыны, 3 дала командирін, ең бастысы әлемді шулатқан олардың басшысы Әбубәкір Шекаудың көзін жойыпты. Бұған бүкіл Нигерия болып, оның жаңа президенті Мухаммад Бухари де қуанып жатыр. Тіпті еліне келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керриден сүйінші сұрағандай болды. Бұрын олар неге осылай атпаған дейсің ғой.
Расында бұл террорлық ұйымды құруда Шекаудың орны бөлек еді.Ол бір террорлық топты террорлық армияға айналдырды. Ол өз тобын 2009 жылы Ислам мемлекеті дейтін радикалдық қозғалысқа қосты. Олармен кейде тіл табыспай да жататын. Жақында ғана оның тым қатыгездігі алға тосылып, Ислам мемлекеті Шекауды басшылықтан тайдырмақ екен, бірақ өлім бұрынырақ жетіпті. Әрине, жауыздарға басшы табылады. Әңгіме сол жауыздықты, ең алдымен оларды тамырымен жоюда жатыр.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист