• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Жетіаралдағы жаңа мектеп

326 рет
көрсетілді

«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді Барқытбел бауырындағы Жетіарал ауылының оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастады. Апатты жағдайдағы мектепті алмастырған аталған нысан «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынды. 300 орындық жаңа ғимараттың спорт залы мен асханасы бар, сынып бөлмелері мен дәліздері кең әрі жарық. Жаңа білім ордасының ауласында соғылған алғашқы қоңырау үні ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ғимараттың ашылу салтанатында сөйлеген ел азаматтарының ақ тілегінен соң мектеп директоры Бақыт Алдауышовқа жаңа ғимараттың кілті табыс етілді. Айта кеткен абзал, бұл нысанның құрылысы белгіленген мерзімінен үш ай бұрын пайдалануға беріліп отыр. Ата-аналар мектепті мер­зімінде және сапалы салып берген мердігер мекеменің жетекшісі, жергілікті кәсіпкер Қайрат Қожах­метовке айрықша алғыс айтты. – «Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ» деген ақын өлеңі осындайда еске түседі. Жетіаралға аз жылдың ішінде көп өзгерістер енді. Жетпісінші жылдары салынған бұрынғы мектеп 1991 жылғы зілзаладан кейін комиссия шешімі бойынша апаттық жағдайда деп танылған болатын. Балалар содан бері ескі мектепте оқып келді. Енді алыстағы елді мекенде қаланың өзінде кездесе бермейтін барлық мүмкіндігі бар білім шаңырағы салынды, – деді ауылдастарының ортақ қуанышын жеткізген еңбек ардагері Бай­мұхамбет Нұрсадықов. Жетіаралдық ұстаздар мен оқушыларды заманауи білім ордасының ашылуымен құт­тық­таған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев сәулетті мектепке кірген балалардың болашақта үлкен биіктерден көрінуін қалайтынын айтып, жақсы білім алуларына тілектестігін білдірді. Ауылдық округ орталығында бой көтерген қос қабатты білім ордасы лингафон, интерактивті тақта және тағы басқа қажетті материалдық құндылықтармен қамтамасыз етілген. Сынып бөлмелеріне қойылған компьютерлер мен жиһаздардың барлығы жап-жаңа. Сондай-ақ, парталардың барлығына қол жуатын санитарлық тораптар тартылған. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы