Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша елімізде заманауи технологияларға негізделген жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрынғы зауыт-фабрикалар жаңғыртылды. Оларға білікті инженер-техниктер мен кәсіби жұмысшы мамандар ауадай қажет. Өкінішке қарай, осыған байланысты елімізде білікті жұмысшы кадрлардың тапшылығы өткір сезіле бастады.
Жасыратыны жоқ, жастарымыз жұмысшы мамандығын игеруге құлшыныс танытпайды. Тіпті, зауытқа барып, темір бұрауға арланады. Ата-аналар да «Менің балам кімнен кем, ол неге қара жұмысқа баруы керек?» – деп малын сатып, барын салып, баласын жоғары оқу орнында ақылы оқытады. Сөйтіп, қаптаған жекеменшік ЖОО-лардың дипломдарын алған заңгерлер, экономистер және басқа гуманитарлық сала мамандарынан көз сүрінеді. Қарағайдай дипломы бар жаңағы «мамандар» еңбек нарығының сұранысынан сырт қалып, еліміздің есепте бар және есепте жоқ жұмыссыздар отрядын толықтырып жүр. Осы «дипломды жұмыссыздардың» 100 пайызы дерлік қазақтар. Бір ғана мысал, осыдан бірер жыл бұрын жолымыз түсіп Рудный қаласында болдық. Осында ССКӨБ құрылымдарына жұмысшы мамандарын даярлайтын тамаша жабдықталған кәсіптік-техникалық оқу орны бар екен. Оның электрмен дәнекерлеушілер, слесарьлар мен токарьлар даярлайтын бөлімдерінен бірде-бір қазақ жастарын таба алмай қайран қалдық.
Бүгінгі кезеңде қарапайым жұмысшы мамандығының беделі төмендегендігі ащы шындық. Кеңес дәуірінде мектеп бітірген жастар жұмысшы әулеттерін толықтыруға асығатын. Зауыттар мен екпінді құрылыс алаңдарындағы жұмысшылардың жалақысы да жоғары болатын. Маман жұмысшылар даярлайтын кәсіптік-техникалық училище белгілі бір зауытқа немесе ірі өндіріс орталығына бекітілетін. Ал бұл өндіріс орталығы училищені қажетті станоктармен, техникалық құралдармен қамтамасыз ететін. Училище оқушылары сол зауытта еңбек тәжірибесінен өтетін. Әрбір шәкіртке сол зауыт жұмысшылары қатарынан тәлімгерлер тағайындалатын. Училище түлектері оқудан кейін міндетті түрде сол өндіріс орталығында жұмысқа қабылданатын. Қазір мұның бірі де жоқ. Өндіріс орталықтарының бәрі жекеменшік, кәсіптік-техникалық училищелердің жартысынан астамы жекешелендірілген. «Өз көйлегім өзіме жақын» қағидасын ұстанған жекеменшік субъектілер шығыны шаш-етектен келетін кәсіптік оқу орындарына қаржы шығындап қайтеді. Одан да қажет ететін білікті жұмысшыларды квотамен келетін шетелдік дайын мамандармен толықтыра бермей ме?!
Тағы бір алаңдатарлық мәселе, алдағы уақытта еңбек нарығында еліміздегі демографиялық ахуалға байланысты жұмысшы кадрларының тапшылығы қалыптасатын түрі бар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректері бойынша, 2014-2018 жылдар аралығында жұмыс күшіне деген сұраныс 700 мың адамдай болса, бұл кезеңде экономикалық белсенді тұрғындар санының өсімі 400 мың адамды құрайды екен. Яғни, 90-шы жылдардағы орын алған бала туу деңгейінің күрт төмендеуі нақ осы кезеңде еңбек нарығындағы ахуалға кері әсерін тигізеді.
Бұл қиындықтан шығар жол бар ма? Экономикалық-әлеуметтік саланы тығырыққа тіреген бұл күрделі түйіннің шешімін де Елбасы тауып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты тарихи мақаласында «2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім жобасын жүзеге асыруды» ұсынды.
Елбасының жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасына сәйкес бүгінгі кезде еліміздегі оқу жүйесінің бұл саласында біршама кешенді шаралар жүзеге асырылды. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта елімізде тегін кәсіптік-техникалық білім беру шарасын енгізу аясында еңбек нарығына қажетті жұмысшы кадрларды даярлаудың үлесін арттыруға бетбұрыс жасалды. Маман жұмысшы кадрларын даярлауды жүйеге келтіру мақсатында кәсіптік стандарттар негізінде 147 модульдік оқу бағдарламалары экспериментті түрде кезең-кезеңмен оқу үрдісіне енгізіледі. Колледждерді бейімдеу жұмысының нәтижесінде Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, жиырмадан астам колледждің нақты бейіні белгіленді. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашылды. Яғни, енді тегін кәсіптік-техникалық білім беру жұмысы шеңберінде қазіргі кезде өз күнін өзі көріп жүрген ауыл жастары мен қара базарда жалдамалы жұмыспен нәпақа табатын жастарды білікті жұмысшы мамандығына баулуға бетбұрыс басталды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»