Биыл 25 жылдығы аталғалы отырған Тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, Семей ядролық сынақ полигонын жабу секілді батыл шешім қабылдау екі басшының бірінің қолынан келе бермесе керек. Жақында елордамызда адамзат үшін аждаһа апанына айналған атом аранының жабылуына орай халықаралық жиын өтті. Бұл басқосудың Қазақстанның күллі әлемге қозғау салып, бастама етіп көтерген «Ядролық қарусыз әлем құру» жобасы шеңберінде өткізілгенінен хабардармыз.
Жалпы, Семей сынақ алаңын жабу – Елбасының халықтың риясыз ықыласын еншілеген тағдыршешті шешімі болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы конференцияда айтқандай, 40 жылда 500-ге жуық ядролық жарылысты бастан өткеріппіз. Бұл – адамзаттық қылмыс дер едім. Міне, осы сынақтардың радиациялық зауалы мен салдарын өңіріміздің тұрғындары әлі тартып келеді. Семей өңірінен бөлек, Өскеменде де аталған атом жарылыстарының сәулесін алған адамдар көп тұрады. Күн сайын сан науқаспен сөйлесеміз. Басым бөлігінің денсаулығына сыртқы қоршаған ортаның әсері байқалады. Оның ішінде Семей сынақ полигонының зардабын айналып өте алмаймыз. Өйткені, аурудың ошағын іздеу барысында, емделушімен әңгімелесе келе, оның радиация радиусына енетін аумақта туып-өскенін, еңбек еткенін анықтау қиын емес.
Осы орайда мемлекетіміз халықтың денсаулығын алдыңғы орынға қоятынын айтқым келеді. Айталық, қазір «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындарды скринингтік тексеруден өткіземіз. Бұл аурудың көзін бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Адамдардың 10-15 пайызы өзінің денсаулығында кінәрат бар екенін біле бермейді. Скринингтік тексеру барысында осы кінәратты анықтаймыз. Халық соңғы уақытта скринингке үйреніп келеді. Медициналық мекемелер мен кәсіпорындар скринингтік тексеруден өткізуге уақыт бөлу жөнінде арнайы меморандум қабылдайды. Сондықтан, скринингтік тексеруден өтуге мекемелер мен ұйымдар тікелей жағдай жасауы керек. Соңғы жылдары өңірімізде радиологиялық орталық пен оңалту орталықтары құрылып жатыр. Бұл да осы зұлмат жарылыстардың салдарын жоюға бағытталған мемлекеттің қамқорлығы деп білеміз.
Жалпы, Қазақстанның ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартуы батыл бетбұрыстарға бастағаны анық. Бүгінде бейбітшіліктің жақтаушысына, ядролық қарусыздануға үндейтін мемлекетке айналдық. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, әлем елдері Қазақстанның ұсынысы негізінде Семей сынақ алаңының жабылған күніне орай 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өте бастады. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде де бұл бағыттағы қадамдар нақты сараланды. Бүгінде манифест әлемдік бейбітшіліктің бағдары болған құжатқа айналып отыр.
Светлана ЖАУҒАШАРОВА,
Өскемен қаласы, Солжағалаулық
емхана терапия бөлімінің меңгерушісі,
гастроэнтеролог
ӨСКЕМЕН