• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Есепке жүйрік өреннің есебі түгенделеді

260 рет
көрсетілді

Ғылымы мен білімін дамытқан ел ғана өркениет көшіне ілесе алады. Сондықтан болар, бүгінгі ұрпақтың білім алуға деген құштарлығы зор. Олардың тіл білуге және техникалық мамандықтарды игеруге деген талпынысы жоғары. Бұл ретте лицейлердің, гимназиялардың, маман­дандырылған мектептердің алар ор­ны айрықша. Солардың ішінде О.Жәу­тіков атындағы Республикалық маман­дан­дырылған дарынды баларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатын ерекше атап өтуге болады. Ауылда немесе қалада тұратын кез келген ата-ананың арманы баласын осы мектепте оқыту болса керек. Аталған мектеп Алматы қаласында орналасқандықтан, солтүстіктегі шәкірттерге шалғай екені жасырын емес. Бірақ биылдан бастап бұл мәселе де шешімін тапты. Олай дейтініміз, Алматыдағы аталмыш білім ордасының бөлімшесі елордамызда өз жұмысын бас­тады. Кеше осы бір оқу ошағына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов арнайы барып, ұжым жұмысымен танысып қайтты. «Бүгінгі күндегі үлкен жаңалықтардың бірі Астанамызда да осындай Респуб­ли­­ка­лық бірегей физика-математика мек­те­бінің ашылуы. Аталмыш мектептің қа­быр­­ғасы Алматы қаласында 1972 жылы қа­л­ан­ғаны белгілі. Мұғалімдері де бі­лікті ма­мандар. Оқушылары да озат. Олар өз­дерінің қарым-қабілетін рес­публи­калық, халықаралық олимпиадаларда дәлелдеп жүр. Алдағы уақытта да осын­дай жетістіктері көп болатынына сене­мін», – деді Білім және ғылым министр­лігінің мектепке дейінгі және орта білім де­партаментінің директоры Жаңыл Алпысқызы. Физика-математика бағытын терең­дете оқытқан соң, бұл мектепке артыла­тын міндет те, күтілетін нәтиже де жоғары болмақ. Жалпы ауданы 12 104 шаршы метр болатын мектепте барлығы 58 мұ­ғалім білім береді. Олардың 2-уі Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Үздік педагогі» атағы­ның иегері, 4-уі еліміздің еңбек сіңірген ұстаздары, 23-і жоғары категориялы мұғалімдері болса, 4 жас маман Назарбаев Университетті тәмамдаған, 4-уі Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген білікті мамандар екенін айта кетсек дейміз. – Республикалық физика-математика мектебі елордада тұңғыш рет ашылып отыр. Сондықтан, артылар жүк те ауыр. Бірақ біздегі білікті мамандардың арқасында біз бұл міндетті абыройлы атқарамыз деп ойлаймын. Елдің ертеңі білімді жастар болған соң, оларға сапалы білім беріп, саналы азамат етіп тәрбиелеу мұғалімнің мұраты болу керек. Біз бұл мектепке оқушыларды конкурс арқылы қабылдадық. Алғашқыда 2000 үміткер ниет білдірді, солардың ішінен 884 оқушы сынақтан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықты. Біраз оқушылар сүрінді. Көбі демалыста болып, пәндік материалдарды ұмыта бастаған. Ұмытпай, ұқыпты дайындалғандар біздің мектепте оқуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында 6 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері», – деді Республикалық физика-математика мектебінің директоры Ғабит Бекахметов. Сондай-ақ, аталған мектепте Премьер-Министрмен қатар, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев болды. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»