1992
* 10 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізге келген халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамдары федерациясының бас хатшысы Микаэль Стейнбекпен кездесті. Елбасы кездесу барысында барша қазақстандықтарды, осы өңірдегі мемлекеттердің халықтарын ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықты аландатып отырған Арал апатының планеталық сипаты бар екенін атап өтті. Микаэль Стейнбек өз кезегінде федерация Қазақстанға көрсететін ізгілік көмегін күшейтуге бағыт алғандығын жеткізді. Осы күні Премьер-Министрдің орынбасары М.Жолдасбеков пен Микаэль Стейнбек екі жақтың арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды;
* 12 тамызда Елбасы Жарлығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Консультациялық кеңес құрылды. Мемлекеттік билік пен басқару органдарының қоғамдық-саяси ұйымдармен, ғылым және мәдениет қайраткерлерімен, халықтың түрлі топтарының өкілдерімен байланыстарын қолдау мақсатында құрылған бұл кеңесші органға республикадағы әлеуметтік-саяси үдерістерге, қоғамдық пікірге талдау жасау, оқиғаның ықтимал өрбу барысын болжау, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің стратегиясы мен тактикасының негізін қалыптастыру міндеттері жүктелді;
* 18 тамызда Елбасының «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлығы шықты. Соған сәйкес, Қазақстанның шекара әскерлері құрылып, ол тікелей Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) бағындырылды.
* 19 тамызда Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болды;
* 25 тамызда Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Әскери ант туралы» Жарлығы шықты;
* 27 тамызда Алматыда Елбасының бастамасымен Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеу мәселелері бойынша үш жақты келісімдер басталды. Оған Әзербайжанның, Арменияның және Қазақстанның Сыртқы істер министрлері қатысты. Келіссөздің бірінші турынан кейін де, келіссөз аяқталғаннан кейін де оған қатысушыларды Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев қабылдап, бүгінгі таңдағы басты міндет қақтығысты тоқтатудың нақты жолдарын іздестіру екендігін атап өтті. Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Қазақстан Президентіне бітімгершілік қызметі үшін алғыстарын білдірді. Келіссөздің қорытындылары бойынша қол қойылған меморандумда екі елдің министрлері Әзербайжан мен Арменияның соғыс қимылдарын 1992 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тоқтатуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл мерзім президенттер — Н.Назарбаев, Ә.Елшібей мен Л.Тер-Петросян арасындағы уағдаластық бойынша келісілді.
*2 қыркүйекте Қазақстан Іскерлік ынтымақтастық орталығында (бұрынғы ХШЖК) осыдан 80 жыл бұрын жабылып тасталған «Қарқара» жәрмеңкесі қайта ашылды.
*5 қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл ауданында Қазақстан және Қырғызстан президенттерінің қатысуымен «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» атты жиын болып өтті. Шарада Н.Ә.Назарбаев: «Өздеріңізге жақсы мәлім, осыдан алты жыл бұрын қазақ халқының арқасына аяздай батқан Желтоқсан оқиғасы болып өтті. Сол Желтоқсанда ұзақ жылдар бойы тұншықтырылып келген әділет сөзі алғаш рет ашық айтылып, жер бетін жаңғырықтай шарлап кетті», – деді. Сондай-ақ, Елбасы Желтоқсан оқиғасы кезінде қырғыз жастары да қыспаққа түскен қазақ жастарына қол ұшын беріп, демеу болуға ұмтылғанын, бірақ зорлықшыл жүйе олардың да аяғын тұсап, кейін қуғын-сүргінге ұшыратқанын, қырғыз бауырларының қарлығаштың қанатымен су сепкендей болған адал ниетін қазақ халқы әрқашан жадында сақтайтынын атап көрсетті. Бұл жөнінде «Егеменді Қазақстан» газетінің 8 қыркүйектегі нөмірінде «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» тақырыбымен мақала жарияланды.
*14 кыркүйекте Алматыда республика өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің І съезі болды. Съезде Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. «Халықты нарыққа қазірдің өзінде белсенді түрде дайындау керек. Бұл орайда шамасы келмейтіндерге, тіпті кәсіпкер болғысы келмейтіндерге қамқорлық жасау керек», – деді Елбасы. Осы күні Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековке, оның туған жері – Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының «Көктерек» кеңшарында ескерткіш ашылды.
*15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төралқасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендердің атын өзгерту туралы қаулы қабылдады. Айта кетейік, осы қаулы бойынша еліміздің 7 облысында 29 елді мекенге өзінің тарихи, қазақы атаулары қайтарылды.
*16 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 13-15 желтоқсан аралығында Алматы қаласында республикада тұратын ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің қатысуымен Қазақстан халықтарының форумын өткізу туралы қаулыға қол қойды. Осы форумның негізінде кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
*18 қыркүйекте Президент Жарлығымен «Қазақстан» мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясы құрылды. Оның төрағасы болып Шерхан Мұртаза тағайындалды. Ал Министрлер Кабинетінің қаулысымен Әбіш Кекілбайұлы «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы болып бекітілді. Газеттің 19 қыркүйектегі нөмірінде Ш.Мұртаза мен Ә.Кекілбайұлының лебіздері жарияланды;
*19 қыркүйекте Мәскеуде Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс бабындағы кездесуі өтті. Кездесуде екі мемлекеттің саяси, экономикалық және әскери салалардағы ерекше қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
*24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Францияға ресми сапары кезінде екі елдің қарым-қатынастарын қалыптастыратын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
*28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы болды. Ал 30 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты мәжілісі өтіп, онда Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. «Қадірменді қауым! Алыстан келген ағайын! Ардақты отандастар! Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені, мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі исі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жиылып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға да кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік», – деді Елбасы. Елбасының Құрылтайдағы сөйлеген сөзі «Егеменді Қазақстан» газетінің 2 қазандағы нөмірінде жарық көрді.