Қолдарына ұстаған алуан түрлі гүлдеріндей өздері де қуаныш құшағына еніп, жүздері балбұл жанған оқушылар кеше сыңғырлаған алғашқы қоңырау үніне ұйып, алтын ұя мектептерінің табалдырығын аттады. Сондай бір ерекше сәт елордадағы №73 физика-техникалық лицейінде де болған еді. Екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білім ұясы талантты балаларға нәрлі білім берумен қатар, тәлімді тәрбие үйретуді де жоғары дәрежеде атқарып келе жатқанына куә болдық. Ол, мектептің қол жеткен жетістігінен, алға қойған міндет-мақсаттарынан айқын көрініп тұрды.
Мектеп директоры Құралай Байтәжікова жаз бойы демалыста болып, алтын ұясына табан тіреген оқушылармен, олардың ата-аналарын құттықтай келіп, бұл сәулелі сәт әр оқушының, әсіресе, бірінші сынып бүлдіршіндерінің есінде қалатынын атап өтті.
– Биылғы жаңа оқу жылын да өткен жылдағыдай табыспен аяқтау ниетіндеміз. Үстіміздегі жылы Ұлттық бірыңғай тестке қатысқан түлектеріміз жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, елордадағы алдыңғы лектегі 10 мектептің қатарынан табылды. Сонымен қатар, Республикалық пән олимпиадасына алғаш рет қатысқан оқушыларымыз математика, физика, химия пәндерінен жүлдегер атанды. Ғылыми жобалар жарысында да бәйгенің алдында келді. Осы үрдіс жаңа оқу жылында да жалғасын табатынына сенімдіміз. Біздің мектепке қабылданатын әр талапкер сынақтан өтеді. Біліміне сенген дарынды ұл мен қызға әрқашан есігіміз ашық, – деді Құралай Амангелдіқызы.
Физика-техникалық лицейде оқитын оқушылардың ұзын саны 1361 екен. Бірінші сыныпқа келген 252 бүлдіршін қазақ үйдің шаңырағын бақанмен биікке көтеріп тұрып, Білім күніне арналған тақпақтарын жатқа айтып, дөңгелене би билеп, қаумалаған жұртты риза етті.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»