• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Астанада 3-4 қыркүйекте Қызылорда облысының күндері өтеді

404 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астана қаласында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты Қызылорда облысының күндері өтеді. «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің Астанадағы ауылшаруашылық һәм мерекелі шарасы екі күнге созылады. Ең алдымен, қызылордалықтар ауылшаруашылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, өңірде өндірілетін тауарларын арзан бағада елорда тұрғындарына ұсынады. Онда Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан 45-ке тарта өнім түрлері саудаға түседі. Нақтырақ айтсақ, 70 тонна күріш, 90 тоннаға жуық көкөніс, 70 тонна бақша дақылдары, 33 тонна картоп, 20 тонна Арал теңізінің балығы, 6 тонна алма және жеміс-жидектер, 4 тонна сүт өнімдері және қымыз-шұбат, 2 тонна бал, 3 тонна кондитерлік өнімдер, 6 тонна ет және шұжық өнімдері, 1 тоннаға жуық ұлттық тағамдар мен 5 тонна Арал тұзы бар. Жалпы есепте жәрмеңкеге Қызылордадан 70 млн теңгенің 400 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері әкелінеді. Жәрмеңке аясында «Ырысты, күрішті Қызылорда» атты облыс өнерпаздарының концерті көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, Сыр топырағынан шыққан атақты күрішші, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы. Жақаевтың125 жылдық мерейтойы ұйымдастырылып, «Ақ күріштің атасы – Ыбырай» атты көрме өтеді. Шара аясында Астана қалалық орталық кітапханасында «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген Сыр бойы ақын-жазушыларының шығармаларынан және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсететін кітаптардан құралған «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесі, Еуразия ұлттық университетінде «Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің жеткен жетістіктері» тақырыбында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің студенттермен кездесуі, Астана балалар ауылында «Бәрі де бала бақыты үшін» атты қайырымдылық шарасы, сондай-ақ, Конгресс-холл фойесінде «Тәуелсіздіктің дара жолындағы Сыр елінің жетістіктері» атты фото көрмесі мен «Тәуелсіздіктің сырлы бояулары» тақырыбында облыс суретшілерінің көрмесі ұйымдастырылады. Айта кетейік, арзан бағадағы жәрмеңке Б.Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының алаңында өтеді. Талғат РАЙЫМБЕК